Ғылым ордасы неге көштен қалды?

0 57

Міржақып Дулатов «бізде ғылыммен айналысатындар көп, ғалымдар жоқ» деп таусылған екен. Жүз жыл өткенде де өзгерген ештеңе жоқ деп айтуға болады. «Міржақыпша» таусылуымның мәні неде? Ғалым болмасам да қалам ұстағандардың бірі ретінде менің сөзімнің растығына күмәніңіз қалмасын.Жақында ғалым іздеп іссапармен Алматыға бардым. Алдымен бұрынғы Ғылым академиясы болған қазіргі «Ғылым ордасына» соқтым. Өкініштісі, жеті бірдей гуманитарлық бағыттағы инс­титуттың бірінде де бас тіреп баратын көзтаныс тұлғалардың бірі де жоқ болып шықты. Еңселі ғимараттың биік кабинеттерінде, мүмкін мықты да болар өз ортасында, бірақ көпке белгісіз ғалымдар отыр. Елордадан келді деп есігінен сығалатар ешкім болмады. Ал білетіндерімді сұрап едім, бірі министрлікке есеп беруге кеткен, екінші бірінің бүгін келмейтін күні. Тағы бірінің жайын білгенде: «Бұл неғылған ауа жайылған тірлік?» деп таң қалдым.
Қайтейік, алыстан ат арытып барып, іздейтініміздей бар. Қазақ басылымының рухани іргесін бекітетіндер де, осы бағыттағы реформаларды түсіндіретін де дуалы ауыздарымыз осылар емес пе еді?! Әрі қатарынан келіп жатқан ұлт ұлыларының мерейтойларына сәйкес, қазақ қоғамында орны бар оқиғалардың бағасын бір айтса, ғалымдар айтар деп едім.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі:ҰЛТТЫҚ МАЗМҰНЫ БАР ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ БӨЛЕК

– Жалпы кез келген елде Ғылым академиясы астанасында орналасады. Көп мемлекетте ол ғылым министрлігі деңгейінде қызмет атқарады. Академия елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына әсер ететін іргелі ғылым бағытын анықтап, терең зерттеулер жүргізіп, нәтижесін жылма-жыл толымды баяндама арқылы қоғамға жеткізіп отырады.
Қазір бір кезде Қаныш Сәтбаев құрған Ғылым академиясы қоғамдық бірлестік дәрежесінде ғана. Білім және ғылым министрлігінің әлеуетті саласы ретінде көп міндеттерін атқара алмай отыр. Түптеп келгенде, елордада бұрын Академияға кірген зерттеу институттарының филиалын ашу, не түпкілікті көшіріп әкелу жүзеге асуы тиіс. Олай болмайынша, Ғылым академиясы мәртебесі көмескілене береді. Ал ұлттық мазмұны бар тіл, әдебиет, тарих, археология, философия т.б. ғылымдарына мемлекеттік құрмет пен қамқорлық ауадай қажет.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:ШЕТТЕ ҚАЛЫП ҚОЮЫ – ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК

Өз қалаңның қалам ұстағандары қайда дерсіз? Айтайын, астанамыз астана болғалы 20 жылдан кетті, бірақ ғылыми ортасы қалыптаспады. Осындағы жоғары оқу орындарының ат төбеліндей ғана ғалымдары елордалық іргелі ғылымдардың іргесін қалауға шамасы келмеді. Өйткені олар – оқытушы-ғалымдар. Уақыты тар, сабақ кестесіне байланып отыр. Қоғамда туындаған мәселер жөнінде кеңес сұрап, пікірін алудың өзі қиын. Олардың арасында да «саған керек пе, өзіңнің проблемаң» деген пікір бар. Себебі білімімен бөлісу қажеттігін ескермейді. Жалпы, қолына қалам ұстағандардың бірі ізденсе, екіншісі соның ілімін бұқараға жеткізетін еді ғой. Әлде өз ізденіс­терін қоғам пайдасына жаратуға лайықсыз көре ме?
Жоқтан жақсы дей ма, осындағы шетелдік елшіліктердің атаулы шақыруларына барып қаламыз. Сол жерлерде де біздің қабағымыз пәс. Өйткені сол елдің өнері мен мәдениеті, тарихы туралы терезесі теңдей тілдесе алмаймыз. Осындайда Алатау аспай қалған ғалымдарымызды іздейміз.
Күнде кешкісін теледидарды қосамыз. Түрлі айтыс-тартыс алаңы ашылып жатыр. Одан да тақырыптың басынан ғана шалмай, түбінен қазып айтатын ғалымды таппаймыз.
Екі-үш жылдың қарасы болды, латын тілінің «әбігері» басталғанына. Оның бір-екі нұсқасы ортада жүр. Ойлап тапқан – ­Шаяхметов орталығының қыз­меткерлері. «Маманы» дейін десем, тіл біліміне қатыстылары онда да аз. Ал Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының пікірі де Алатау аспай қалды.
Бүгінде бүкіл әлем мазасыз деу­ге болады. Күні кеше ғана Қордайда үш ауылға сыймай отыр­ған дүнгендер барын білдік. Әлеуметтік желілерде жай адамдардың көрген қиянаты желдей гулеп, басқа жұрт соған ерді. Ал бүтін бір этностың шығу тарихын зерттеп, олардың салт-дәстүрі, дамуы мен тәуекелі туралы айтып беретін бірде-бір әлеуметтанушы не антрополог-этнолог ғалым шыққан жоқ.
Осы секілді ұйғырлардың жайы қалай, күрдтер мен ахыска түркілері кімдер? Өзбектер мен тәжіктер не тірлік жасап жатыр? Бейхабармыз.
Жыл сайын ассамблеяның тойында қызылды-жасылды көйлегін киіп, жасанып келгендерді бір көріп, е бар екен ғой деп қаламыз. Олардан келген қатер отқа айналып, тағы да лап етсе, оны кім басады?
Орны бөлек ғалымдардың осыдан отыз жыл бұрын елорда Есілдің жағасына қарай беттегенде көштен қалғаны енді білініп, қоғам болып сезіп жатыр. Ғылым ордасының сарбаздарын еліміздің идеологиясын жүргізетіндердің қатарына қоса алмадық.
Көштен қалды демей немене? Ғаламда БҰҰ мойындаған 200-ге жуық мемлекет бар. Солардың барлығында гуманитарлық бағыттағы орталықтар идеологиясын жүргізіп, отансүйгіштікке баулып, қоғамның көзқарасын қалыптастырып, ел мерейіне, халқының болашағына қызмет етеді екен.
Тіпті, көршілерінің тірлігін қадағалап отыруға арналған орталықтар бар. Көршіге кенде емес елдің біріміз. Осы күнге дейін қытайтану, өзбектану, қырғыз­тану, ресейтану, түркіментану, одан қалды Каспийден әрі кетсек, азербайжантанумен айналысып отырған ешкімді естімеппін.
Алдымен экономика деп, біраздан руханиятымызға көңіл бөлінбей келіп, енді соңғы жылдары «Рухани жаңғыруға» қатысты ауқымды шаралардың үдерісі бар. Отыз жыл бойына қарайып қалған жұрт оны қалай қабылдап жатыр?
Осы жылдардың орны үңірейіп қалғанын білу қиын емес. Әлеуметтік желілерде ханның айтатынын қара айтып есімізді шығаруда. Алайда оны «аузының жоқ дуасы» деп дана халық анықтап еді. Аузы дуалы, көп біліп, дөп сөйлейтін ғалымдарға мұқтаждығымыз да сондықтан.
Ендеше, қалам ұстағандар, әсіресе, әлеуметтік желідегілер сәл кейін шегініп, ғалымның сөзін өзіне берейік. Алатаудан Арқаға көшіріп әкеліп, рухани жаңғыруларымыздың баянды болуын осылардан күтейік. Олардың белсенді әрекет етіп, батыл қимылдауына мемлекет мүдделі болуы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды