Ғұламаның ғибраты

Сурет сыры

0 111

Бүгінгі күн – ертең тарих деп айтады. Сол секілді әрбір суретті естелік деп емес, тарих деп түсінуге болады. Жақында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов бір әңгіме арасында, халқымыздың біртуар азаматы, академик Әлкей Марғұлан туралы айта келіп, сол кісімен бірге түскен фотоның тарихына тоқталды. Зерделеп үңілсек, осы суретте үлкен сыр жатыр.

– 1975 жылы 15 қарашада қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Кеңес Одағының батыры, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі, әскери-мемуарист, жа­зушы, қазақтың даңқты перзенті Мәлік Ғабдуллиннің 60 жылдығы аталып өтілді, – деп бастады сөзін ғалым.
– Ертеңіне, яғни 16 қарашада, Алматыда тұратын, халқымыздың бір топ зиялылары, атап айт­қанда, Бауыржан Момышұлы, Жүсіпбек Елебеков, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Әди Шәріпов, Өмірбек Жолдасбеков, Серік Қирабаев, Шерхан Мұртаза, Ыдырыс Ноғайбаев және т.б. азаматтар Ер Мәліктің ша­ңырағында бас қосты. Жайылған дастархан үстінде Бауыржан ағамыз қызық-қызық оқиғалар айтты. Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин ағаларымыз Қаныш Сәтбаев, Мәлік Ғабдуллин туралы тағылымды естелік өрбітті. Басқа да кісілер ағамыз­дың Кеңес Одағы батырының Алтын жұлдызын Ворошиловтың қолынан алғанын, сол дәуірдегі маршалдар мен генералдардың ортасында беделі зор болғандығын әңгімеледі.
Үзіліс кезінде кейбір қонақ­тар ағаның фото-альбомын қарап, енді біреулері ғалымның кітаптарына үңіліп жатты.
Осы кезде кең креслоға Әлкей Хақанұлы жайғасып, жанында мен отырған едім. Онда Әлекеңнің жасы 71-ден 72-ге қараған шағы, ірі, сүйекті, ұзын бойлы, өзі сөйлеген кезде ойланып отырып, Сәкеннің «Көкшетау» поэмасында: «Толғанып, төмен қарап шал айтады» дегендей, басын төмен салып, әңгімесін ағыл-тегіл ағытты. Сонда ол кісі Мәліктің адамшылық қасиеті, ғалымдық келбеті, соғыс­тағы ғажайып ерлігі, үлкенмен де, кішімен де жақындығы жө­нінде сыр шертті. Сондай-ақ сөз арасында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ораз-Мұхаммедтің күміс сандығы, Әбілғазы баһадүр, Рашид-ад-Дин, Шоқан Уәлиханов жайында ғибратты ой толғады. Мағжанмен жан дос болыпты. Сонда жан-жағына қарап: «Мағжан ақталады. Оның жазуы сұлу еді. Академияның сирек қолжазба қорында Мағжанның жазбалары болу керек» деп өте сақтықпен айтып отырды.
Осы отырыста бір оқиғаның куәсі болдым. Бір кісілер Жүсіпбек Елебековке: «Жүсеке, Мәліктің өзі жоқ болса да қара шаңырағы ғой. Рамазан Елебаев әнін шығарған, сөзін Ғабиден Мұстафин жазған, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған «Жас қазақ» әнін батыр бауырымыздың тойында айтпасаңыз айып болар» дегендей атақты әншіге қолқа салды. Мәлік ағаның үйі шағын төрт бөлме. Үй деген қайнап тұр. Жүсекең төрде отырған, домбырасын шертіп, әнді бастай бергенде аузындағы алмалы-салмалы тісі ұшып кетті. Сол сәтте үйдің іші ыстық болса да дауыл соққандай күй болды. Мен босағада, төменгі жақта отырып, ағамыздың тісін қағып алдым.
Сол бір ұлы батырдың шаңырағындағы халқымыздың сүттің бетіне шығар қаймақтарымен бірге болып, солардың мазмұнды әңгімелерін тыңдап, оның ішінде ең жасы мен болғандықтан қызмет көрсетіп, үлкендердің батасын алғаным – әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Әлкей ағаммен түскен суреттің сыры осы,– деп әңгімесін аяқтады Серік ағамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + fourteen =