Ғұламалар ғибраты

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

0 74

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің «Ғұлама – наме» ғылыми трилогиясына пікір.«Ғұлама-наме» ғылыми трилогиясы үш кітаптан тұрады. Бірінші кітап –хакім Абайға, екінші кітап – данышпан Шәкәрімнің Ар бөліміне, үшінші кітап – кемеңгер Мұхтарға арналған. Еңбек – елімізге белгілі, қазақтың көрнекті ойшылы, ғалым-философы Ғарифолла Есімнің көп жылғы ізденісінің нәтижесі. Сараптап отырған еңбекке тән ерекше қасиет – ол қазақтың төл мәдениеті мен дүниетанымында ерекше орны бар ғұламалар, ұлы тұлғалар – Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларын жаңа қырынан зерттей отырып, кешегі кеңестік заманда олар туралы қалыптасқан танымдық стереотиптер мен ұстанымдардың сыңаржақты екенін тұшымды ойлармен дәлелдеуінде. Ғұламалықтың өте күрделі құбылыс екенін айта отырып, ғалым, оның тарихына да терең үңіледі. Ғұламалықтың арналарын өнерден (Қорқыт), ғылымнан (әл-Фараби), тақуалықтан (Қожа Ахмет Ясауи), әділеттіліктен (Жүсіп Баласағұн) іздеген ұлы данышпандардың мұрасын қазақтың төл мәдениетінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар жалғастырды деп ой түйеді. Ұлы Даладағы ғұламалық дәстүрдің тарихи-рухани сабақтастығының үзілмей келе жатқандығын ыждаһаттылықпен, ғалымға тән ғылыми ұқыптылықпен, жоғарғы мәдениеттілікпен дәлелдейді. Бұл жолда, Ғарифолла Есім гуманитарлық білімді қалпына келтірудегі белгілі таным әдісі герменевтиканы ұтымды пайдаланады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар дүниетанымын бүгінгі ұрпаққа түсіндіру мен танытуда тыңнан түрен салады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларының мәтіндерін талдап, түсіндіру, баяндау арқылы оқырмандарына терең ой салып, бүгінгі тәуелсіздіктің рухани негіздерінің саф алтындай қайнар бұлақтарының көзін жаңа қырынан ашып көрсетеді. Ғарифолла Есімнің жаңашылдығы да осында. Өзінің өрелі ойларымен ұлттық ойлаудың өзгеге ұқсамайтын ерекшелігін, ғажаптығын оқырманына таныта біледі. Ұлы ғұламалардың еңбектерін герменевтикалық, экзистенциалдық тұрғыдан талдай отырып, өз оқырманын терең ойға батырады, оның жан дүниесіне жарық сәуле түсіреді. Өмірмәндік, дүниетанымдық мәселелерге, рухани құндылықтарға жаңаша қарауға жол ашады. Күрделі дүниетанымдық мәселелерді түсінікті тілмен ұлттық нақышта оқырманына жеткізе біледі. Ғарифолла феноменінің сыры осында.
Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларын зерттей отырып, Ғарифолла Есім қазақ философиясын жаңа сапалы сатыға көтерді, ұлттық философияға ерекше сипат берді, қазақ ғұламалардың еңбектерінде кездесетін ұғымдарға философиялық тұрғыдан талдау жасап, ұлттың таным шеңберінің аясын кеңейтті. Абайдың метафизикалық лексикасын герменевтикалық тұрғыдан талдай отырып, Абай тануға өлшеусіз үлес қосты. Абайдың хакім екенін, оның шығармаларының адамзатқа ортақ қазына екенін айта отырып, Абай жолы – қазақ жолы, Абай жолы Еркін Ер қазақтың жолы деп жар салды. Абайдың метафизикалық лексикасын экзистенциалдық, герменевтикалық, философиялық тұрғыдан талдай отырып, Ғарифолла Есім Абай әлемін қазақ дүниетанымының негізі, қазақ қоғамның рухани жаңғыруының басты ұстанымы екенін дәлелдеді. Қазіргі жаһандану заманында адам жан дүние­сіне Абай көзімен қараудың маңыздылығын, өзектілігін айта білді. Абай дүниесіндегі ізгілікті құндылықтарды адам болмысының өзгеру, үнемі жетілудің сара жолы деп таныды. Абай дүниесіндегі күрмеуі қиын, қайшылықтарға толы, терең мәнді, сан астарлы, философиялық сырға толы ұғымдардың мәтіндік сипатын герменевтикалық тұрғыдан талдап, жіктеп берді. Әсіресе, «Алланы тану», «Адам болмысындағы махаббат», «Имани гүл», «Бес асыл іс, бес дұшпан», «Табиғат және адам», «Өмір», «Уайым», «Үміт», «Шайтан», «Ғашықтық», «Тағдыр». т.б. толып жатқан Абай негізін қалаған антропологиялық идеялардың сырларын ашты. Сөйтіп, қазақ мәдениетінде тұңғыш рет Абайтанудың герменевтикалық әдісін қалыптастырды. Абайдың 175 жылдығын тойлайын деп отырған қазақ елі ғалым-философтың осы жетістігіне лайықты түрде бағасын беруі керек деп есептейміз.
Ғарифолла Есім, Шәкәрім шығармаларында Ар мәселесіне ерекше назар аударады, ұлы ойшылдың өлеңдеріне мәтіндік талдау жасайды. Даналық пен хакімдіктің өзара байланысты екенін айта келіп, ғалым-философ былай ой түйеді: «Даналық – хакімдік негізінде мәндес ұғымдар, екеуі де ақылдылықтың өріс­тері. Даналық деп, мен ізгілікке негізделген ақылды айтамын. Ақыл мен сабыр парасаттылыққа бастаса, оған ізгілік қосылғанда даналық шықпақ. Даналықтың арналары: ізгі ой, ізгі іс және ізгілікке негізделген харекет. Шәкәрім даналықтың осы арнасын біріктіріп, «Кейінгінің қалмалық обалына» деген формула ұсынған. Тіршіліктің мақсаты ұрпақ қалдыру болса, адам-зат ғұмырының мәнісі, келер ұрпақтың обалына қалмайтын ізгі ой, ізгі іс, ізгі харакет қалдыру… Даналық, әрине, хакімдіктен көрініс әрі өріс таппақ, бірақ Шәкәрімге хакімдіктен гөрі лайықты ұғым-даналық, себебі өкінішке қарай, ақынның дәуірі болмаған» дейді. [246-бет]. Шәкәрім дүниесінің биік шыңы – Ар білімі. Бүгінгі қоғам үшін маңыздысы да –осы арсыздықпен күрес. Бұл жолда Шәкәрім ілімінің берері көп. Сондықтан да Шәкәрімді ренессанстық тұлға ретінде зерттеу керек дейді ғалым.
Ғарифолла Есім «Ғұлама-наме» ғылыми трилогиясының екінші бөлімінде данышпан Шәкәрімнің «Мұтылған» поэмасын мәтіндік тұрғыдан терең талдау жасайды. «Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмтылғанын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айт­қан. Социализм мен Шәкәрім ымыраға келмейтін өлшемдер» дейді ғалым [256]. Шынында да, тоталитаризм – еркін ойға тұсау салып, догматикалық сипатта ойлау жүйесін қалыптастырды. Шәкәрімше айтқанда, «ноқталы ойды», ойлау жүйесін өмірге әкелді. Оның зардабын әлі де тартудамыз. Сондықтан, сананы жалған, жасанды ойлар мен түсініктерден, наным-сенімдер мен қағидалардан, таптаурын болған стереотиптерден тазартудың маңызы зор. Ол бір жағынан, қоғам өзгерісінің рухани негізі болса, екінші жағынан, Шәкәрім рухы алдындағы бүгінгі саналы да, ойлы ұрпақтың парызын орындағандық та болар еді. Шәкәрім рухын қайта жаңғыр­ту, оның әрбір ойы мен сөзіне герменевтикалық тұрғыдан талдау жасау, бүгінгі өскелең ұрпақ бойында еркін, жаңаша ойлауды қалыптастыруға қосқан қомақты үлес болар еді. Ғарифолла Есімнің еңбегін осы тұрғыдан бағалаған дұрыс па дедік.
«Ғұлама-наме» ғылыми трилогиясының үшінші бөлімі кемеңгер Мұхтарға арналған. Ең ғажабы, автор, бұл тарауда эсселік жанр арқылы жазушы, кемеңгер Мұхтардың ішкі жан дүниесін, қоғам қайшылықтарын бейнелеудегі шынайы өмірлік ұстанымын терең бере білген. Мұхтар ­Әуезовтің кемеңгерлігі туралы, «Абай жолы» туралы айтылған қазақтың белгілі қаламгер жазушыларының пікірлері мен айтқан өзек жарды ойларын саралай талдап, Ғарифолла Есім: «Оқырманынан алыстап кеткен «Абай жолы» қайтадан тәуелсіз оқырманына оралуы қажет. «Кемеңгер Мұхтар» кітабын жазудағы мақсатым осы» дейді. [450].
Сөз танушы адам – кемеңгер. Мұхтар Әуезов хакім Абай сөзін тануға ден қойды. Ол Абайды тануға жол салды. Абайға қызмет-кемеңгерлік деп Ғарифолла Есім өз ойын қорытындылайды.
Бір сөзбен айтқанда, ­Ғарифолла Есімнің «Ғұлама – наме» трилогиясын талдай отырып, мынадай қорытынды ой жасауға болады: біріншіден, шығармада қазақ мәдениетіндегі ғұламалық дәстүрдің тарихи-рухани сабақтастығының үзілмегенін Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармалары арқылы дәлелденеді. Бұл жолда, ғалым, философиялық танымдағы герменевтикалық тәсілді ұтымды пайдаланып оқырманына ғұламалардың рухани ізденістері мен дүниетанымын терең көрсете білген кең тынысты, тұңғыш шығарма болып табылады. Осы айтылған ой қорытындылары мен тұжырымдарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің «Ғұлама – наме» ғылыми трилогиясын Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты деп есептеймін.

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Соты жанындағы
Сот төрелігі
академиясының профессоры,

философия ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 4 =