Ғасырмен құрдас білім ордасы

0 114

«Жамбылдың жасын берсін» деп бата беретін еді үлкендер. Бүгінде елордамызда ғасыр жасаған білім ордаларының саны көп емес. «Астаналық» базар маңындағы 3 қабатты еңселі шаңырақ – Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы алыстан көзге менмұндалайды. ХХ ғасырдың басында, яғни 1907 жылы қазақ-татар медресесі болып ашылған мектеп биыл 114-жылына қадам басты. Ендеше ғасырлық тарихы бар мектеп өмірінің шежіресін парақтап көрелік.Мектеп алғашқыда жұртшылықтың қаржысына салынып, мешіт жанындағы медресе ретінде құрылған. Балалар молда алдынан тәлім алып, діни сабақтармен қатар араб тілін үйренді. 1909 жылы қаланың зиялы азаматтарының шақыруымен мектепке Қазан қаласында «Мұхамедия» ­медресесін тәмамдаған, Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген білімді азамат Ғалымжан Құрмашев келеді. Жас маман келе сала оқу бағдарламасына арифметика, жаратылыстану, ана тілі сабақтарын енгізді. Осы уақытта оқушылардың саны 70-тен асып, Ғали Кітабов пен Сәлім Әменов деген ұстаздар мектепке қызметке шақырылады. Сол кезеңнен бастап балалар сынып-сыныпқа бөлініп оқи бастады. Мектептің оқу-техникалық базасын нығайту мақсатында 1911 жылы жергілікті халықтың қаржысына мектептің екінші ғимараты ағаштан тұрғызылып, оқуға қыз балалар да қабылданады. Мектептің алғашқы ғимараты қазір Отырар көшесі мен Қорқыт көшесінің қиылысында сақталған.

Еңбегі ерен директор

Білім беру ісі енді ғана бір жүйеге келтіріле бастағанда сабақтың тоқтап қалған кездері де болды. Мәселен, 1918 жылы Ақмола қаласын Колчак әскері басып алғанда мектеп ғимараты госпиталь ретінде пайдаланылады. Ал мектеп директоры Ғалымжан Құрмашев жергілікті кеңестің мүшелерімен бірге қамауға алынды. Сүзек ауруына шалдыққан оны жергілікті жұртшылықтың сұранысы бойынша абақтыдан босатты. Келер жылы күзде Кеңес өкіметі қайта орнап, ауыр науқастан айыққан Ғалымжан Құрмашев мектеп жұмысын жандандыруға белсене араласып, балаларды қайтадан мектеп қабырғасына жинады.
Ғалымжан Шәкіржанұлы 1939 жылға дейін мектепті басқара жүріп, өлкедегі халық ағарту ісін дамытуға үлкен үлес қосып, Сәкен Сейфуллинмен серіктес болады. Мектеп жанынан ауыл мектептері үшін мұғалімдерді даярлайтын қысқа мерзімді курс ашып, ауыл мұғалімдерінің тірек мектебіне айналдырды. 1930 жылы мектеп 7 жылдық болып қайта құрылған.
Ғалымжан Құрмашевтың жұбайы, Ленин орденінің иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Асьма Қарабекқызы да білім беру саласына, ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосқан жан. Мектеп музейінде Ғалымжан Құрмашев пен Асьма Қарабекованың қызы Ләйла Ғалымжанқызының тапсырған құнды деректері әлі күнге дейін сақтаулы тұр. 1940 жылы мектепке қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Біз неге өткенге шегініс жасап, тарихты тереңінен қаузап отырмыз? Себебі бұл деректерді біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан қилы шақты басынан кешкен Ақмоладағы жалғыз қазақ балалары білім алған алтын ұяның тарихын кішкене болса да оқырманға жеткізгіміз келді.

Мектеп шәкіртімен мың жасайды

Бүгінге дейін қазақтың қара шаңырағы атанған Жамбыл Жабаев атындағы №4 білім ордасынан мыңдаған түлек білім алып, ел игілігі жолында әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Мектеп қабырғасынан дүйім елге аты мәлім талай саңлақтар түлеп ұшқан. Олардың ішінде ең алғашқы алтын және күміс медальдарының иегерлері, 1949 жылдың түлектері физик Төкен Сарсенбаева, химия ғылымдарының докторы Жұмагүл Баярстанова мен биология ғылымдарының докторы және профессор Назира Ахматуллинаны ерекше атап өту керек.
Алыптардың даңғыл жолын академик, тележурналист Дүкеш Бәйімбетов, Агротехникалық университеттің ректоры болған Айтбай Бұлашев, сазгер Мұхаметқали Тналин, ақын Оспан Сүлейменов, белгілі кәсіпкерлер Марат Набиев пен Аманжол Бекішевтер және тағы да басқа азаматтар жалғастырды.
Кеңес заманында қазақ мектептерін жаппай жабу саясаты білім ордасының тарихында ауыр жылдар болып есте қалды. Осы жылдары қаладағы жалғыз қазақ мектебінің ұстаздары үй-үйден бала жинап, ерлікпен пара-пар жұмыс атқарды. Осындай қиын жылдары Гүлшара Айдашева, Халима Әубәкірова, Майшарап Қадырова, Қорлан Айтжанова, Темкен Қасенов, Сағат Сарбаев, Отызбай Сүйіндіков, Уағира Болатова, Сәруар Омарова, Роза Яхина, Шолпан Сыздықова сынды ұстаздар ерен еңбегімен көзге түсіп, оқушыларға ұлттық тәрбие мен білім берді.
Сол жылдары мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартып, беделін көтеруге «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі» Жұмабике Әрпенованың қосқан үлесі мол. Ол 1991 жылы өзі басы-қасында жүріп, жаңа 700 орынды үш қабатты мектеп ғимаратын салуға көп күш-жігерін жұмсаған. Оқу ордасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ат басын бұрып, мұғалімдер мен оқушыларға ризашылығын білдірді.Озық білім өрге бастар

Бүгінде астаналық ата- аналар баласын оқытқысы келетін мектептердің бірі де бірегейі – ғасырмен құрдас дәл осы білім ордасы. Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы уақыт талабына сай дамып келеді. Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Мектептің оқу жоспарына абайтану, жамбылтану, өлкетану, астанатану сияқты авторлық бағдарламалар енгізілген. 1997 жылы үш жылдық эксперименттен кейін мектепке гимназия мәртебесі берілді. Бірнеше жыл бұрын мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектепте бас- аяғы 20-ға жуық интерактивті тақта, 2 спорт залы, оқырман залы, кітапхана, 250 орынға шақталған салтанат залы және 120 орынға арналған асхана бар. Гимназия­да 3 мұражай жұмыс істейді. Соның бірі 2001 жылы ашылған «Тәуелсіздік галереясында» егемен Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін, қазақ халқының көрнекті ұлдары – ғасыр және мыңжылдық саңлақтары туралы мәліметтер жинақталған және мектептің тәуелсіздік жылдардағы жетістіктері көрсетілген. Ал «Мектеп тарихы» музейінен мектептің кешегісі мен бүгіні туралы мол мағлұмат алуға болады. Жамбылға арналған мұражайда Алтын адамның көшірмесі, Жамбылдың домбырасы, батырлардың киімдері мен қарулары, түрлі журналдар көрмеге қойылған.

Жамбыл рухымен жасасқан

Біз мектепке барғанда Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жүз жасаған жүрек» республикалық телекөпірінің үстінен түсіппіз. Қазіргі онлайн оқудан ұтқан тұсымыз осы ма дедік іштей. Себебі бұрын мұндай жиындар мектептің үлкен залында тек жүздеген адамның қатысуымен өтуші еді. Ал телекөпірге республикадағы Жамбыл бабамыздың атын иеленген он шақты мектеп қатысты. Мыңнан астам көрер­мен тамашалаған. Әр өңірдегі Жамбыл Жабаев мектептері биылғы ақынның 175 жылдық мерейтойын пандемияға қарамастан өз деңгейінде атап өтуге кірісіп кеткен. Бұл жиын соның бастамасы екен. Ал ғасыр жасаған елордалық гимназия еліміз бойынша Жамбыл атындағы мектептердің қоғамдастығын құруды, тәжірибе алаңын жасауды жауапкершілігіне алды. Сондай-ақ сыныптарға жамбылтану авторлық бағдарламасын енгізу, Жамбыл атындағы мектептердің арасында Жамбыл оқуларын ұйымдастыру, «Жамбыл және ұлттық тәрбие» жоба тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері де талқыға түсті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің білім беруді жаңғырту орталығымен бірлесіп өткізіліп жатқан Жамбыл Жабаевтың онкүндігі 3 наурызға дейін жалғасады. Атап айтсақ, Жамбыл шығармалары эпизодынан виртуалды сурет көрмесі, «Менің өмірім – менің шежірем» бейнероликтер бай­қауы, жоғары сыныптар арасында республикалық онлайн-айтыс, Жамбыл ұрпақтарымен кездесу және әдеби-сазды кеш өткізу жоспарланған.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Бақыт ­Мағзумовамен аз-кем тілдесудің сәті түсті. Ұстаздың айтуынша, қазіргі таңда мектепте 2161 оқушы білім алып, 142 мұғалім еңбек етуде.
– Мектебімізде қазақ тілі мен әдебиетін, шет тілін, тарих пәндерін тереңдетіп оқытатын 45 гимназия сынып бар. Шет тілін тереңдететін сыныптар математика, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқып жүр. Француз тілін екінші шет тілі ретінде оқытамыз. Оқушылар сабақтан тыс уақытында мектеп ішіндегі домбыра, қолөнер, робототехника, дәстүрлі ән, күрес, футбол, волейбол, баскетбол, мәнерлеп оқу, би үйірмелеріне қатысады. Біз үшін әр баланың тек білім алып қана қоймай, жеке тұлға ретінде толыққанды адам болып қалыптасуы маңызды. Кезінде жалғыз қазақ мектебі ретінде ашылып, жабыла жаздаған едік. Бүгінде білім сапасы жағынан елордадағы үздік ондықтамыз. Бірақ өкінішке қарай, далада спорт алаңы жоқ, оқушыларымыз жазда асфальттың үстінде жүгіреді. Неше жылдан бері осы мәселені шеше алмай келеміз. Биыл Байқоңыр ауданы жазда мүмкіндік тауып береміз деп отыр. Күтеміз. Үмітімізді үзбейміз, – деді Бақыт Мағзумова.
Иә, қаншама жылдан бері бұл мәселе біздің де газеттің бетінде бірнеше рет көтеріліп келеді. Алайда аталған әңгіменің нүктесі әлі қойылмады. Мектеп ауласында спорттық алаң салынған жоқ. Оқушылар жыл бойы мектеп ішіндегі 2 спорт залда ғана шынығады. Сыртқа шығып, доп ойнап, бой жазу орындалмас арманға айналған. Ғасырмен құрдас білім ордасының күрмеулі мәселесі шешіліп, тарихта алтын әріппен жазылатын дарындылар ордасына айналатынына сенеміз.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − five =