ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСАДЫ БҰЛ ҚАЛАДА

0 126

5

4-7 шілде күндері «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық орталығының маңындағы алаңда өтетін «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі биыл да Астана думанына әр қосады. Көпшілік асыға күтетін шара сағат 11:00-де басталады. Жеті жылдан бері үзбей өткізіп келе жатқан фестиваль бүгінде елорда тойының айтулы мерекесі ретінде қалыптасып үлгерді.

Дала төсін емген көшпелілер өмірі, тұрмыс-тіршілігі қандай? Күнкөріс көзі не? Қолданбалы өнер түрлері қандай? Қандай үйде тұрған, қандай киім киген? Осы сынды қарапайым да қызықты сауалдарға көшпелілердің салт-тұрмысының шынайы суреттемесі іспетті жәдігерлер жайылған ашық аспан аясындағы фестиваль жауап береді.

Ұйымдастырушылар биылғы фестивальде экспозиция баий түскенін, ойын-сауық бағдарламасы түрленгенін айтады. Әсіресе, шара Қырғызстаннан келген ағайынды Диқамбаевтардың жетекшілігімен атышулы каскадерлардың қатысуымен ерекшеленбек. Сағатқа созылатын театрландырылған шоу кезінде қонақтар алыстан ескен аңыз әлеміне еніп, арудың жүрегін жаулауға тырысқан жігіттердің алаулаған сезіміне куә болады. Каскадерлар арнайы дайындалған алаңда «Ат үстіндегі жекпе-жек», «Шыңдағы турнир», «Қыз қуу», «Көкпар» сынды сайыстарда өз ептіліктерін ортаға салмақ. Сонымен қатар, «Жамбы ату» қазақ ұлттық спорт ойынында қатысушылар өз мергендіктерін сынайтын болады.

Биылғы фестиваль маусымының басты жаңалығы – салт-дәстүрлердің голографиялық театры. Көшпелілер өміріндегі бала туу мен оның алғашқы қадамы, үлкен өмірге араласуы, үйлену тойы сынды салт-жоралғылар маңызды уақиғалармен өрбиді. Шараның бас­ты ұстанымы шынайы актерлар мен виртуалды нысандардың өзара әрекеттесуінде жатыр. Яғни, виртуалды сахна кеңістігінде актерлар мен модельдер салт-дәстүр түрлерінен көрініс табады. Оның үстіне, көрерменді бірде өзен жағасына, бірде киіз үйге әкелетін әр уақиғаның өз голографиялық декорациясы жасалған. Көрермендер актерлармен бірге қыр қазағының өмір жолын бірге бастан өткергендей күй кешеді.

Қолөнердің дамуы дәстүрлі қоғамның көшпелі өмір салтымен, мәдени және тарихи үдерістермен тығыз байланысты. Шатыр іспетті жәрмеңке павильондарына түркі халықтарының сан алуан өнер туындылары жайылады. Биыл Өзбекстан (ағаш жону, металл балқыту, тоқымашылық), Түркия (каллиграфия), Қазақстан (зергерлік өнер, кілем тоқу, кесте тігу, былғары өңдеу, киіз басу, ұлттық музыкалық аспаптар, ағаш жону), Әзербайжан (кілем тоқу) және Якутия (зергерлік өнер, хомус жасау) елдерінің шеберлері өз туындыларын ала келді. Жәрмеңке барысында қолөнер, әсіресе, киіз басу, сырмақ тігу, ши тоқу түрлерінен шеберлік сағаттары өтеді.

Көшпелілер өркениеті фестивалінің жабылатын күні (6 шілде) «Мұра» арнайы әлеуметтік акциясы өтеді. Фестиваль қонақтары – қолөнер шеберлері туындыларын Астана қаласындағы балалар үйлері мен мектептерге сыйға тартады. Осылайша, өскелең ұрпақтың ұлттық мұраға қызығушылығын арттырып, қолөнер түрлерінің дамуына жол ашуды көздейді.

Фестиваль кезінде дәстүрлі түркі музыкалық мұрасының жанрлық сан алуандығын ашатын концерт өтеді. Онда домбырадан күй есіп, қобыз үні әуелейді, ұлттық әндер шарықтап, толғау-термелер құлақ құрышын қандырады. Шара қонақтары – Юлия Руцкая, «Ордо Сахна» тобы (Қырғызстан), Куннэй, «Эйгэ» ұлттық салт-дәстүр театры (Якутия), «Кешью» тобы, Ақылбек Жеменей, «Қоңыр» этно-тобы, «Kobyz project», «Сазген сазы», «Ақжарма», «Хассак» фольклорлық- этнографиялық ансамбльдері (Қазақстан), «Sema Dance» (Түркия), «Сабо» (Өзбекстан), «Наз» (Қазақстан) би ұжымдары. Сонымен қатар ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Ұлттық тағамдар түркі халықтарының жеңсік ас жасаудағы шеберліктерін ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын айғақтайды. Фестиваль кезінде келушілер қазақ, ұйғыр, түрік ұлттық тағамдарының алуан түрлерімен таныса алады. Фестиваль бағдарламасына қатысушылар ең белгілі тағамдардың дәмін татып, шеберлік сағаттарына қатысады.

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінде «Менің кішкентай киіз үйім» атты балаларға арналған шеберлік сағатын, «Алтын сақа» спорттық сайысын, музыкалық аспаптар, қыран бүркіт пен жүйрік тазы көрмелерін, «Киіз басу» этно-шоуын, көшпелі цирк қойылымын өткізу дәстүрге айналған.
Көшпелілер өмірінен сыр тартатын кеш 4-7 шілде күндері «Ханшатырдың» оң қапталындағы алаңда сағат 11.00-ден 22.30-ға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − fifteen =