«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ғашықтық ғаламаты

0 31

Елорданың «Жастар» театрында көрнекті жазушы, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романы желісімен әдеби шығарма аттас драманың премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Хормейстер – Әнел Сіргебаева, балетмейстер – Ақжарқын Ахметқали, костюм суретшісі – Алтынбек Ермұхан.

about_1

 

Бір айта кетерлігі, бұған дейін «Хабар» телеарнасының тапсырысымен жазушы шығармасы негізінде 12 сериядан тұратын телехикая түсірілді. Ал спектакль романның негізгі төрт кейіпкерінің ғана қарым-қатынасына құрылған, яғни қойылымға төрт актер ғана тартылды. Атап айтқанда, бас кейіпкер – мүсінші Жантас бейнесін Бақыт Хаджыбаев сомдады. Ұлбосын рөлін қос актриса Айбибі Іскендірова мен Әсем Жорабек алып шықты. Шерубайды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов ойнады. Үмітті Саида Мақсұмова кейіптеді.

Романды оқығандар Жантас пен Ұлбосын тойда танысып, таныстықтың арты махаббатқа ұласқанын біледі. Ал спектакль жігіттің қызды үйіне шығарып салу көрінісінен басталады. Екеуі де осының алдында бастарынан сәтсіз сезімді кешкен. Жантас Ленинградта оқығанда Үміт атты өзі суретін салған қызға ынтыққан. Алайда оның қосылғалы жатқан жігіті бар болып шықты. Ал Ұлбосын студент кезінде от басып қалған. Оған кінәлі өзінен біраз жас үлкен, үйлі-баранды Шерубай. Бірақ арада жылдар өткенде Шерубай жарынан айырылып, Ұлбосын тұрған қалаға келеді. Бұрынғы қарым-қатынас­ты жандандырайық деп қыздың қыр соңынан қалмайды. Сөйтіп жүргенде Ұлбосынға Жантас кезігеді. Осылайша Жантас-Ұлбосын-Шерубай үштігі пайда болады.

Түйіндей айтқанда, драма кіршіксіз махаббатты ардақтау мен одан да жоғары тұратын ұлы күш – ар тазалығы туралы сыр шертеді. Көрерменді ой орманына алып барып, онда ­махаббат пен ғашықтықтың басқа салар ауыр тағдырын суреттейді. Ғашықтық ғаламатына душар болған адамның жан күйзелісі мен тән күйзелісін қатар сипаттайды.

Премьераның екінші күні спектакль соңында «Харекет» қайырымдылық қоры мен Жастар театрының бірлес­кен жобасы аясында жалғызбасты анаға елорда төрінен пәтер кілті табыс етілді. Азаматтар наурыз айында тағы 70 отбасыны тұрғын үймен қуантпақ.

 Әсия Нұрбекқызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды