ҒАШЫҚТАРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ХИКАЯСЫ

0 180

Астана төрінде Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет 22 қыркүйектен бері дәстүрлі әнші, актер, драматург, ақын Қанат Жүнісовтің шығармашылық апталығы өтуде. Бүгінге дейін бірнеше пьеса, екі жүзден астам әнге мәтін жазған сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өнерін әріптестері де жоғары бағалайды.

«Жас қала, жас қаламгер» атты айдар таққан шара барысында автордың қаламынан туған шығармалары көпшілік назарына ұсынылуда. Солардың біріне «Астана ақшамы» газетінің тілшісі де куә болып қайтты.

****

Түркістан қалалық сазды-драма театрының әртістері Қанат Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» спектаклін елорда төрінде жоғары деңгейде қойып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрында сахналанған комедиялық туынды көрермен көңілін сергітіп, студенттік жылдардың тәтті шақтарына жетелегені рас. Мұнда ауылдан қалаға жаңа ғана келген бозбала мен бойжеткеннің сол сәттегі көңіл-күйі де, университет қабырғасындағы студенттің қызықтары мен шыжықтары да, шаһар тынысы мен күйбең тіршілігі де қамтылған.

…Ә дегеннен әуелеген шабытты ән көз алдымызға кешегі күндердің елесін шақыра берген. Театр актері мамандығын таңдаған төрт студент жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Олардың біреуі  бірінші курс­та оқыса, қалғаны – жоғары курстың «тіс қаққандары». Жатақханадағы жазылмаған заңдылық солай: әлгі үшеу жалғыз інілерін анда да жұмсайды, мұнда да жұмсайды. Жұдырықтары қышыса, соғып та алады, қағып та алады. Бір қызығы, Тұрсынбек «балмұздақ» болса да аузын ашып, аңқиып жүрмейді, алып-ұшып, ағаларының көңілінен шығып тұрады. Реті келгенде кеткен есесін де қайтарып үлгереді, берілген қолбалаларындай аяқтарына құлай да салады, тулай да салады. Қисынға келмейтін «тапсырмаларын» қиынға соқса да, тап-тұйнақтай орындайды.

Жоғары курстағы үшеудің екеуі екі аруға ғашық. Оларға сезімдерін жеткізудің амалын іздеп, болашақтары туралы білгілері келген қыздарды балгермен кездестірмекке бөлмелеріне шақырады. Межеленген уақыт та таяу. Жүректері дүрсіл қаққан жігіттер кездесу дастарханын жайнатып-ақ тастаған. Қырсық шаламын десе бір пәсте ғой, балгер келмейтін болып қалады. Ал оны шақырған – Дастан. Енді не істеу керек? Арулармен жүздесуді асыға күтіп отырған екеу жындануға сәл-ақ қалып, тығырықтан шығудың жолын қарастырады. Іле-шала Дастанның өзін балгер әйелдің рөлін сомдауға көндіреді. Әрине, әзер дегенде…

Осылай өрбіген уақиға барысындағы қызықты сәттер көрерменді қыран-топан күлкіге де қарық қылды, күнделікті естіп жүрген әндерімізге ұқсамайтын махаббат әндері айрықша әсер қалдырды. Актерлердің шеберлігі мен шынайы ойнауы қойылымның салмағын арттыра түсті. Спектакль соңында қос жігіт сүйген аруларын құшып, балгер әйел студент кезінде өзіне ғашық болған жігітпен – оқу орны деканымен табысып (екеуі де әлі күнге отау құрмаған), Дастан махаббаттарына сызат түсе жаздаған қызымен қайта қауышып, ғашықтар әнін шырқайды. Тек бірінші курс студенті Тұрсынбек қана… (Алайда, ол әлі жас қой…) Қол ұстасқан махаббат жұптарын магнитофонынан әуелеген әуезге билетіп, пердені жапты.

****

Қойылым соңында белгілі театр сыншысы, өнертанушы Әшірбек Сығай сөз сөйлеп, түркістандық театр ұжымының Астанаға тартуына жоғары баға берді. «Бұл – Халық әртісі, профессор, дарабоз режиссер Райымбек Сейітметов тақыр жерден іргесін қалаған театрдың үшінші толқыны, қателеспесем. Райымбек Ноғайбайұлы өз қолымен тұрғызған өнер ордасының, шыны керек, қызығын көре алмай кетті. Шығыстық стильдегі, орта ғасырлық шаһарда тұңғыш рет ашылған шаңырақтың осы уақытқа дейін бағы жанбаған еді. Міне, көріп тұрғанымыздай, театр актерлерінің қазіргі буыны бәрімізді таң-тамаша етті. Режиссер Нұржан Ізтаевтың да еңбегі көрініп тұр. Бұл ұжымның Түркияны тегіс аралағанын да айтуымыз керек.

«Сахнадағы комедия жанры жоғалып барады» деп үнемі дабыл қағамын мен. Көрерменге ұсынылатын қойылымдардың көбісі философиялық драмалар, тарихи дүниелер болып кетті. Ал қазақ халқы – қашаннан әзілқой, қалжыңға, қағытпаға бір иығын бұрып тұратын ұлт. Жарқын жақтарымызды неге көрсетпеске?!» деді Ә.Сығай. Театр сыншысы түркістандық өнер ұжымына аз-кем сын-пікірін де білдірді.

«Ғашықтар хикаясын» сахналаған әртістерге алғысын жеткізген автор Қанат Жүнісов «Бір күндік шығармашылық кеш жасағым келмеді. Содан кейін замандастарымның, халықтың назарын драматургияға бұрғым келді. Шынымды айтсам, шығармамды танымай отырмын, жастар құлпыртып жіберді» деп ағынан жарылды. Түркістан қалалық сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаев өнер ұжымының атынан кеш иесіне шапан жауып, сый-сияпат жасады.

 Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + four =