«Ғашық жүрек» көрерменді тебірентті

0 43

Өткен 9 ақпанда қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Осы айтулы күнге байланысты елорда әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры көрермендерге «Ғашық жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын ұсынды.

Жаңа туындыны көруге Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова мен ақын Дәулеткерей Кәпұлы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері келді.
Іс-шара барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ақиық ақынның өнегеге толы шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берер асыл мұра екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барша қазақстандықтарды ақынның туған күнімен арнайы құттықтады. Мәдениет және спорт министрлігі биыл М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай көптеген іс-шараларды жоспарлап отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры кеше ғана ашылса да, өз көрермендерінің жүрегінен ерекше орын алып үлгерді. Оған өте қуаныштымыз. Сондықтан әрқашан қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің туы биік болсын! – деді вице-министр.
Одан кейін сөз алған елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен халқымыздың біртуар перзентінің есімі әрқашан ел есінде жүруі тиіс екендігін айта келіп:
– Алдағы таңда ақынның туған күнін жыл сайын мекемелер мен білім ошақтарында бірігіп ұйымдас­тырамыз деген сеніміміз мол. Нұр-Сұлтан қаласында №74 мектепке Мұқағали Мақатаевтың атын беруді ұсынып жатырмыз. Менің ойымша, елордада руханият пен мәдениеттің дамуында көп еңбек сіңірген тұлғаларды ардақтау өте маңызды. Сондықтан бүгінгі мәдени кешіміз құтты болсын! – деді ол.
Белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова да қазақтың қара өлеңінің құдіретін көрсеткен ақынның рухына арнап осындай қойылым ұсынған театр ұжымына алғысын жеткізді.
– Адам өзі өлеңді тазару үшін оқиды деп ойлаймын. Адамның санасын, көңіл күйін дәл осы өлеңдей, күйдей тазартатын құдірет жоқ шығар. Сондықтан жастарымыз өлең оқып өссе, біздің әдебиетімізді танып білсе, еліміздің келешегі зор болады. Біз осы театр ашылғаннан бері тұрақты көрерменіне айналдық. Ақиық ақынның 90 жылдығы құтты болсын! Жақсы кеште кездесейік! – деді жазушы.

Ал Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров осы «Ғашық жүрек» қойылымында ақынның өлеңдері арқылы оның бүкіл болмысын көрсетпек болғанын айтып берді.
– Қазір қоғамда «Жастар поэзияны оқымайды, өлеңдерді көп түсінбейді» деген кереғар ұғым бар. Сондықтан осы сахналанып жатқан қойылым ерекше шынайы сезімдерді тарқататын болады. Жас ұрпақтың бойында ақын шығармашылығы туралы ерекше ой қалыптастырады деп ойлаймын! Ұлтымыздың бағына бітіп, барша қазақтың жүрегіне жыр болып сіңген Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арнайы қойылып жатқан премьераға келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді театр директоры.
«Ғашық жүрек» спектаклі – автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым. Театр актерлері көрермендерге әсем үйлесімділік пен тартымды режиссерлік компоненттерден құрылған тамаша музыкалық кеш сыйлады.
Қойылымның қоюшы-
режиссері – Аман Ғұмаров. Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал оның досы Шәмілдің бейнесін актер Ерназар Жаңатілек тамаша сомдады. Сондай-ақ спектакльге өнер ордасының барлық әртістері қатысты. Қойылымды музыкамен сү­йемелдеген – театр оркестрі, музыкасын әрлеген – Болат Жолдасов.
Поэтикалық-музыкалық қойылымда қазақтың мұзбалақ ақынының «Есіңе мені алғайсың!», «Күн қайда?», «Ана, сен бақыттысың», «Жапырақ жүрек жас қа­йың», «Отыздан асып барамын», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді», «Қайран жеңгем», «Қазақстаным» шығармалары және ­«Алтай-Атырау» поэмасы, сондай-ақ «Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шыда», «Сүйеді екем», «Шәміл-ау» секілді өлеңдері оқылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 1 =