Ғарыш ғасыры

0 195

Ғарышқа ғашық жандарға арналып түсірілген «Алғашқылар дәуірі» атты көркем туынды қазақ тілінде дыбысталды. Жоба продюсері – Тимур Бекмамбетов, ал киноның режиссері Дмитрий Киселев атанды. Елордадағы тұсаукесерге қос батыр, қазақтың ғарышкерлері Айдын Айымбетов және Талғат Мұсабаев қатысты.

345454

«Алғашқылар дәуірі» – қазақ тіліне дубляждалған ғарыш туралы алғашқы толықметражды ресейлік фильм. Туындының қазақ тіліне жарыққа шығуына «Болашақ» қауымдастығының қоры мұрындық болды. Дубляжды жинақтау және қайта жазу жұмыстары астаналық «Aray media group» студиясында жүргізілген.
Кинотуындының тұсаукесеріне «Болашақ» қауымдас­тығы кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен мен шығармашылық топ атынан Павел Беляевті дыбыс­таған ҚР еңбегі сіңген қайраткері Ғани Құлжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Сахнада қанша жыл жүрсем де, шетел фильмін алғаш рет қазақ тіліне дыбыстадым. Фильмнің қазақ тіліндегі дубляж режиссері Айжан Жәмшитоваға алғысым шексіз. Ғарышқа аттанған Айдын Айымбетовтен «Аға, барлығы кинодағыдай ма?» деп сұрағанымда, «Одан да асқан қиындықтарды бастан өткердік» деп жауап берді. Демек, қазақтан шыққан ғарышкерлердің ерлігі қандай да болмасын марапатқа лайықты, – деп Ғани Құлжанов көрермен залындағы Айдын Айымбетов пен Талғат Мұсабаевты орындарынан тұрғызды, халық оларға қошемет көрсетті.

343432

Фильмде адамзаттың ашық ғарыш кеңістігіне жасаған алғашқы қадамы туралы баяндалады. 1965 жылы 18 наурызда Байқоңыр ғарыш айлағынан үздік деп танылған Алексей Лео­нов пен Павел Беляев ғарышты игеруге жөнелтіледі. Жоспар бойынша, кеме тек 1967 жылы ғана дайын болу керек еді. Алайда америкалықтар ғарышқа ұшу мерзімін өзгерткеннен кейін өкімет те тездетуге тапсырма береді. Тұңғыштың аты қашан да тұңғыш қой. Бірақ шала-жансар күйінде кемені КСРО деп таңба басып, ұшырып жіберу де аса қауіпті еді. Сол себепті, екі зымыранды жіберуге әзірлік жасалынды. Біріншісі – сынақ үшін болса, екіншісінде, яғни, «Восход-2» ғарыш кемесінде ұшқыш А.Лео­нов пен П.Беляевті ғарышқа шығару жоспарланды. Мамандар штаттан тыс жағдайларды жан-жақты тексеріп, қалғанын Құдайдан көр деп кемедегі экипажға тапсырады.
Екі мәрте Кеңес одағының батыры, ғарышкер Алексей Леоновтың өзі картинаның бас­ты кеңесшісі болды. Алексей Леоновтың айтуынша, «Восход-2» кемесінде жеті рет аса қауіпті жағдайға ұшырадық. Оның үш-төртеуінде өмір мен өлімнің арасында арпалыстық. Шығармашылық топ заманауи технологиялардың көмегімен ұшқыштардың драмаға толы оқиғаларын және экипаждың жерге оралуын қайта жаңғырта білді. Киноны көре отырып, эмоцияға бой алдырмау мүмкін емес.

Басты рөлдегі Алексей Леонов­ты Евгений Миронов сомдаса, оның дауысын қазақ тіліне Азамат Қанапия дыбыстады. Ал Павел Беляевті Константин Хабенский ойнаса, Ғани Құлжанов оны қазақ тілінде дубляжын жасады. Жалпы, кинотуындының дубляжын жасауға 25-тен астам актеріміз қатысты. «Алғашқылар дәуірі» 2011 жылдан бері қазақ тіліне аударылған он сегізінші көркем туынды.
Иә, бізге де ұлт мақтаныштары – ұшқыштарды ұлықтайтын көркем фильм керек-ақ.

Гүлдана Талғатқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − three =