Ғарыш генералы

0 118

Адамзатқа ғарыш кеңістігіне Юрий Гагарин жол ашты. Ал қазақ баласына ғарышқа жолды Тоқтар Әубәкіров салып берді. «Союз ТМ» ғарыш кемесімен Александр Волков пен Франц Фибекпен бірге жеті қат көктің арғы жағына барып қайтқан Тоқтар Оңғарбайұлының бұл сапары ел тарихына алтын әріптермен жазылды. Биылғы күзде осы оқиғаға отыз жыл болады. Қазақтың және түркі дүниесінің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сол кезде қылшылдаған қырық бес жаста еді. Бүгін ұлт батыры мерейлі жетпіс бес жасқа толып отыр.БАЛАЛЫҚ АРМАН НЕМЕСЕ АНА БАТАСЫ

Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров пен Тоқтар Әубәкіров – бір топырақтың, табиғаты таңғажайып Қарқаралы өлкесінің тумалары. Нұркеннің Ұлы Отан соғысындағы ерлігі туралы бала кезінен естіп өскен Тоқтар кейіннен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов жайлы кітаптарды оқыды. Ұшқыш болсам деген арман сол уақытта кеудесінде тұтанды.
Әкеден жеті айлығында қалған еді. Екі жасқа толғанда анасымен бірге Теміртау қаласындағы апа-жездесінің қолына келді. Он алты жасында туғандарына қолғабыс ету ниетімен сол қаладағы құйма-механика зауытына токарь болып орналас­ты. Жұмысты жапырып істейтін. Еңбекқорлығымен басшылықтың көзіне түсіп, есімі Қарағанды облысының Құрмет кітабына жазылды.
Егер осы жолды қуса, қазір есімі озат металлургтердің қатарында аталушы еді деп ойлаймыз. Алайда ұшқыш болсам деген арманды арқалап, қолы бос уақытында аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашютпен секіруге әуестенді. Мектепті аяқтаған соң, Армавир қаласына жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға аттанды. Әрине, алдымен ең жақын адамдары – анасы мен апасының батасын алды. Баласы оқуға түскеннен кейін анасы: «Тоқтар, айналайын, биікке көтерілме, төменірек ұш» деп алаңдайтын. Тоқтар Оңғарбайұлы адам ретінде анасының осы сөзін қазірге дейін ұстанып, әлдекімдер сияқты асқақтамай, қашанда қарапайым қалпын сақтап келе жатыр.

БИГЕЛДИНОВТІҢ ҚАЙРАУЫ МЕН ҚОНАЕВТЫҢ ҚОЛДАУЫ

Училищеден кейін алты жыл Кеңес Одағы Әскери әуе күштерінің Қиыр Шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болды. Орда бұзар отыз жасқа жақындағанда сынақшы-ұшқыштар тобынан ұсыныс келіп түсті. Бірақ өзі қызмет ететін әскери округ басшылығы үздік ұшқышты жібергісі келмеді. Қаншама арызы кері қайтарылды. Ақыры екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновке жолығып, оның тиісті ұсыныс жазуын сұрайды. Талғат батыр Тоқтарды қайрай түсу үшін: «Жерде жатқан тастың астына су бармайды. Осыны ұқ, қимылда» деп ақыл береді.
Одан соң Тоқтар Оңғарбайұлы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа хат жазады. Содан сең қозғалып, оның өтініші қаралады. Бірақ мәселе бірден шешілмей, тағы бір жылға созылады. Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебінде оқу қазан айында басталады екен. Тоқтарды оқуға жіберу туралы бұйрық әбден кешігеді. 21 қаңтар күні ғана қолына бұйрық тиеді. Соны алып, мектепке барса, ондағылар оқу басталып кеткенін, сондықтан келесі жылы келуі керектігін айтады. Қайсар жігіт табандап тұрып алады. «Бәрін қуып жетемін. Егер оқи алмасам, шығарып жіберіңдер» дейді. Сөзінде тұрып, топта бірге оқыған 17 адамның ішінде емтиханды беске тапсырған екі-ақ адам болады. Соның бірі – Тоқтар Әубәкіров.

СЫНАҚШЫ-ҰШҚЫШ СЫН САҒАТТАРЫНДА

Сынақшы-ұшқыштар мектебінен кейін Мәскеу авиация институтын бітіреді. Он алты жыл Мәскеудегі А.Микоян атындағы тәжірибелік конструкторлық бюроның сынақшы-ұшқышы болады. Реактивті ұшақтың 50-ден астам жаңа түрін сынақтан өткізеді. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жаңармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске сапарын ерлікпен орындады. Бұл сапар үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бірақ бұл атақты да оңайлықпен алмайды. Алдынан кедергілер шығады.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін Кеңес Одағы басшылығының қазақтарға көзқарасы теріс болады. Ұлтымыздан шыққан азаматтарды көтермеуге тырысады. Тоқтар Әубәкіровті батыр атағына ұсыну құжаттары Михаил Горбачевтің алдына келгенде бас хатшы қағаздарды қарамастан лақтырып: «Қазақ ұлтының өкілі мұндай жоғары атаққа лайық емес» деп ашуға мінеді. Кейіннен ғана Мәскеу қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, саяси бюро мүшесі болған Виктор Гришиннің араласуымен бұл атақ батырымыз­ға беріледі.
Осыдан кейін Тоқтар Оңғарбайұлы нағыз батыр екенін тағы дәлелдейді. 1989 жылдың 1 қарашасында «Тбилиси» крейсеріне «МиГ-29» жойғыш ұшағын қондырып, көкке қайта көтереді. Мұндай ерлікті бұған дейін ешкім жасамаған еді. Қазақ баласының бұл ерлігі Гиннесс рекордтар кітабына тіркелді.

ЕЛБАСЫ ТАҢДАУЫ ТОҚТАРҒА ТҮСТІ

Қазақтан алғаш рет ғарышқа адам жіберу мәселесі туындағанда таңдау Тоқтарға түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті ­Нұрсұлтан Назарбаев сынақшы-ұшқыш ретіндегі ерліктеріне баяғыдан қанық екен. Екеуі кездескенде Елбасы: «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыш технологиясының барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш» деп жігерін жаниды. Тұңғыш ғарышкеріміз ұлт намысы үшін белін бекем буады. 1991 жылдың 2 сәуірінде Ғарышкерлерді даярлау орталығында дайындыққа кіріседі. Арада небәрі жарты жыл өткенде, 2 қазан күні ғарышқа самғайды.
– Ғарышкерлерді сынақ­шы-ұшқыштардай дайындайды екен. «Жұлдызды қалашыққа» келгенімде сондағы ұстаздар даярлығыма таңғалды. «Тек ғарыш кемесін меңгеруіңіз керек. Сосын орбиталды станса туралы білім алсаңыз болды. Ал жер мен ауаны сізге оқудың қажеті жоқ. Мұны бізден артық білмесеңіз, кем білмейсіз» деді. Содан парашютпен секіру, басқа да міндетті пәндерден бірден жоғары баға қойды. Даярлықтан жылдам өтуім содан болды. Басқа ғарышкерлер центрифугадан он екі рет айналса, мен он сегіз рет айналдым. Себебі бұған әркім шыдамайды. Адам талып қалуы мүмкін. Денсаулықты сұмдық тексереді. Дәрігерлер ғарышқа ұшуға дайынсың деген шешім шығарғанда қуанышың қойныңа сыймайды. Біз жиырма шақты адам дайындалдық. Содан екі-ақ адамның денсаулығы ғарышқа ұшуға жарады. Соның бірі қырық бес жастағы өзім едім. Ең ересегі де мен болдым. Қалғандары 22-25 жастағы жігіттер еді. Олардың көбісі өте алмай қалды, – дейді Тоқтар Әубәкіров.
Жиырма бірінші ғасырда қалталы азаматтар ғарышты туризм нысаны ретінде қарастырып отыр. 2001 жылдың 28 сәуірінде бизнесмен Деннис Тито турист ретінде ғарышқа барып қайтты. «Союз ТМ-32» экипажында онымен бірге Тоқтардан кейін ғарышқа самғаған екінші қазақ Талғат Мұсабаев пен Ресей ғарышкері Юрий Батурин болды. Ал Тоқтар Әубәкіровтің сапары нақты ғылыми жұмысқа негізделді.
Тоқтар Оңғарбайұлы жанындағы серіктерімен бірге ғарышта биотехнология, медицина, металлургия салалары және тартылып бара жатқан Арал теңіз аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Аралдағы тұзды шаң борамасының пайда болуы, оның таралуы туралы ғарыштан суреттер алынды. Қазақстан аумағындағы атмосфера және жер бедері, жұлдызды аспан, астрофизика жайлы мәліметтер жасалды. Экипаж 7 күн, 22 сағат, 13 минут ғарышта болып, жерге оралды.

ҮШ ТҰМАРДЫ АЛЫП ҰШТЫ

Адамзатқа ғарышқа самғауына жол ашқан қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағы – жер кіндігі деген ғылыми пайым бар. Қорқыт бабамыздан жеткен әпсаналарда сол туралы айтылады. Дүниенің төрт бұрышын аралаған абыз соңында Сырдың жағасына оралып: «Жердің ортасы – Сырдың жағасы» деген екен. Мұның астарына кезінде орыс ғалымы Григорий Потанин, өзіміздің Шоқан Уәлиханов үңілген. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанарда Қорқыт ата кесенесі маңынан бір уыс топырақ алдырды. Сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбековке өтініш айтып, үш тұмар жасатты. Үшеуін де ғарышқа алып кетті. Қайтып келген соң, екеуін балаларына берді. Ал біреуі әлі күнге дейін үйінде сақтаулы. Бұл – қазақы салтқа беріктігінің айғағы.
Юрий Гагариннен бері ғарышкерлер арасында ғарышқа ұшарда «Кеттік» (Поехали) деу дәстүрі қалыптасқан. Тоқтар болса бұл дәстүрді бұзып: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын» деп қазақша айтты. Ол сөздері таспаға жазылып сақталды. Ғарышқа барып қайтқан соң да бір жылдай Мәскеудегі А.Микоян атындағы тәжірибелік конструкторлық бюроның сынақшы-ұшқышы болды. Одан соң Қазақстанға оралды.
– Еліме қайтқым келді. Әйелім­мен ақылдасып едім, «Осында келгенде елім үшін келген едің, енді елің үшін оралуың керек. Сен өз еліңе керексің, қайтайық» деді Татьяна, – дейді Тоқтар Оңғарбайұлы. Ресей қазақ ғарышкерін жібергісі келмеді. АҚШ қомақты қаржы ұсынып, қызметке шақыр­ды. Барлық ұсыныстардан бас тартып, туған еліне тартып отырды.

ТУҒАН ЕЛГЕ ОРАЛҒАНДА

Бір жылдай Қазақстан Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің бірінші орынбасары болып, тәуелсіз елдің Қарулы күштерінің құрылып, қалыптасуына атсалысты. Қазақстан Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технологиялар министрінің орынбасары қызметін атқарды. Қазақстанның Жоғары Кеңесінің депутаты – Қорғаныс комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Президентінің кеңесшісі, «Қазақстан темір жолы» компаниясы президентінің кеңесшісі болды.
Әлемнің 256-ншы, Кеңес Одағының 72-нші, қазақтың тұңғыш ғарышкері, генерал-майор Тоқтар Әубәкіровтің бір басында атақ та жетеді. Ол Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, «Отан» орденінің иегері, Көкшетау және Атырау қалаларының құрметті азаматы. Он жыл бұрын Ресей оны «Ғарышты игерген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Техника ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Тараз, Қарқаралы қалаларында, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде, Ақмола, Түркістан, Павлодар, Жамбыл облыстарында Тоқтар Оңғарбайұлының атына көшелер берілген. Қарқаралы ауданында оның атымен ауыл, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында мектеп аталады.
«Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықты еңсеруге тура келді» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа самғағанда қуаныш үстінде. Бір қызығы, Тоқтар да, Айдын да 27 шілде күні туған. Бұл кездейсоқтық па, әлде бір тылсымның күші ме?! Екеуі де жетінші айдың жиырма жетінші күні дүниеге келген. Ал Талғат Мұсабаевтың туған күні – 7 қаңтар. Үш ғарышкерімізді де ғарышпен қатар қазақ үшін киелі «7» саны байланыстырып тұр. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа салған сара жолымен төртінші ғарышкеріміздің де жүргенін көрейік.

ҒАРЫШ – ҚАЗАҚ
(дастаннан үзінді)

Көп жаздық
Көктем жайлы,
Бұлбұл жайлы.
Есіркеп,
Есті сөзді
Кім құндайды?!
Бойдағы намыс қозған,
Ғарыш – Қазақ
Тоқтарды мен жырламай
кім жырлайды?!

Қарасаң замана сынай тағы,
Көп жайлар –
Көңіліңді мұңайтады.
Баяндап сүйікті ұлдың
Биіктігін
Тоқтарды мен айтпасам кім айтады?!

Менің де қайнап кейде от-намысым,
Келеді көрсеткісі топта күшін.
Жолына жауынгердің мен де ілесіп,
Қолыма қалам алдым –
Тоқтар үшін!

Кез келген қызықпаймын бар асылға,
Таңдадым –
Тектісін де,
Дарасын да.
Сілтедім қаламымды қару қылып,
Арпалыс,
Өмір – майдан арасында.

Ерлікті серік еткен жас жанына,
Жол салып –
Болашақтың бастауына.
Күмбезін
«КСРО»-ның
Кірш-кірш тесіп,
Әлемнің бір-ақ шыққан
Аспанына.

Қыран ол –
Қай кезде де аспанқұмар.
Жайы жоқ –
Таудан түсіп,
Тастан құлар.
Тұлғасын
Ер Тоқтардың сомдау үшін,
Әр ақын жазған сөзін дастан қылар.

Көгімде –
Шуақ шашып нұрлы аспанға.
Жерімде –
Аман-есен гүл басқанда.
Елім деп
Еміренген
Ер тұлғаның
Ерлігі сияр емес
Бір дастанға.

Ер туса халық сүйіп, қазақ елер,
Ақынға қалай шабыт маза берер?!
Ерлігін туған елі мақтан етіп,
Жазылған,
Әлі талай жаза берер.

Ол жайлы толас таппас ән де, жыр да,
Бөленіп байтақ әлем мәңгі нұрға.
Өлкемнің
Өзендері тулап ағар,
Тоғысып –
Есіл,
Ертіс,
Жайық,
Сыр да!

Бурабай,
Баянауыл,
Қарқаралы,
Қосылып
Бір-біріне жол табады.
«Алтын күн Аспанына…»
Айналады,
Дүниенің шырқап салған ортақ әні.

Арылып туған елім шер-күйіктен,
Осынау ән –
«Гимн» болып,
Елді иіткен.
Аралап біз сияқты
Жермен емес,
Бәрін де
Көрген Тоқтар,
Ең биіктен!

Әрине,
Елбасынан алды кеңес,
Артында
Асқар таулар, қалды белес.
Соңынан
Самғап ұшқан
Талғаты бар,
Бұл жолда
Біздің Тоқтар – жалғыз емес!
Бұл жолда –
Ұшты Талғат қайта-қайта
Жалығар түріміз жоқ айта-айта.
Жас қыран
Жан-жағына қаранады,
Дегендей,
«Қазақ қандай, енді байқа!»

Бұл іске
Аға Тоқтар сүйсінеді,
Көңілге ән ұялап,
Күй сіңеді.
Ту тігіп
Гүл көтеріп,
Туған елдің
Қосылып бір-біріне тұр тілегі.

Көтерер
Биігіне
Бақ талайды
Аспанға елім көзін көп қадайды.
Ғарышқа бір басталған
Ғажайып жол,
Талғатпен,
Тек Тоқтармен тоқтамайды…

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 15 =