Ғарыш дәуірі Байқоңырдан басталған…

0 311

12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні. Осыдан 60 жыл бұрын қазақ жерінен ғарыш кеңістігіне тұңғыш рет адам ұшты. Содан бері бұл күн әлемдік деңгейде ғарышкерлер күні ретінде мерекеленіп келеді. Бұл атаулы күн 1968 жылдың қарашасынан бастап Халықаралық авиация федерациясының шешімімен бекітілген.Кеше Байқоңыр ғарыш айлағында Юрий Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы айтулы оқиғаға байланысты құттықтау жолдады. Президенттің құттықтау хатын Үкімет басшысы Асқар Мамин оқып берді.

Мемлекет басшысы «60 жыл бұрын адамзат тарихында ерекше маңызы бар айтулы оқиға болды. Ғарыш кеңістігіне жанқиярлықпен түрен салынды. Кеңес ғарышкері Юрий Алексеевич Гагариннің көк жүзіне самғап, аспан әлеміне алғаш жол ашуы бүкіл әлемдік ғылымның айрықша серпінмен қарыштап дамуының жарқын көрсеткішіне айналды. Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде, Қазақстанның қасиетті топырағында жасалды.
65 жылдан бері әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» осы уақытқа дейін 150 ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар» деп атап өтті.
Жер бетінен ғарыш кеңістігіне 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин «Восток» кемесімен алғаш рет Жер орбитасын айналып ұшты. Небәрі 108 минутқа созылған сапар ғарышты игеруде үлкен қадам болды. Юрий Гагарин Кеңес Одағының Батыры атағын алып, есімі бүкіл әлемге әйгілі болып кетті.
Әлемдік космонавтика тарихында Қазақстанның алар орны айрықша аталады. Өйткені Юрий Гагарин қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан аттанды. Содан бері Байқоңыр жер шарының басты ғарыш айлағына айналды. Бұл жерден кеңестік кемелер, сосын Ресей мен шетел кемелері ғарышқа ұшты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 65-ші сессия­сында 12 сәуірді – Адамның ғарышқа ұшуының халық­аралық күні деп жариялады. «1961 жылы 12 сәуірде адамзат ғарышқа алғаш рет ұшты, ол сапарды Юрий Гагарин – Кеңес Одағының азаматы жасады. Осынау тарихи оқиға барша адамзаттың игілігі үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге жол ашты» делінген БҰҰ-ның қарарында. Осы атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор. Қазақ жерінен, яғни Байқоңыр ғарыш айлағынан осынау ұлы оқиғаның бастау алуы біздің халқымыз үшін ұлттық мақтаныш пен символдық мәнге ие болып отыр.
2011 жылдың 7 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы пленарлық отырысында ғарыш кеңістігін игеру ісіндегі алғашқы қадамға 50 жыл толуына орай арнайы қарар қабылданды. Оның тең авторлары әлемнің 60-тан астам мемлекеті болды.
Ал ғарышқа ұшқан отандастарымыз туралы айтар болсақ, алдымен тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің есімін құрметпен атаймыз. Қазақ ұшқышы 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, ғарыш кеңістігінде 7 күн 22 сағат 13 минут болып қайтты. Ал еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болғаннан бері ғарышқа ұшқан бірінші Қазақстан азаматы Талғат Мұсабаев болды. Ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып, Гиннестің рекордтар кітабына енген Талғат Мұсабаевтың есімі де ғарыш саласында алтын әріптермен жазылып тұр. Талғат Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтқан.
Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов болды. Ол 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» және халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері болып ұшты. А.Айымбетов Жер орбитасына ұшу барысында Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың ғарыштық ғылыми бағдарламаларын жалғастырды.
Қазіргі кезде Қазақстан ғарыш саласында тиімді саясат жүргізіп келеді. Әлемнің ғарыш державалары біздің елдің жетістіктерін жоғары бағалап және Қазақстанмен бейбіт мақсатта ғарыш кеңістігін игеру саласында тығыз қарым-қатынас жасауға ниет танытып отыр. Бүгінгі таңда елімізде Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, ғарышты игеруге қатысты ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орай кеше Байқоңыр айлағынан «Ю.А.Гагарин» атты «Союз МС-18» кораблі ғарышқа ұшты.

***

Биыл Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толып отыр. Сонымен қатар қазақ ұшқышы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл толады. Осы елеулі оқиғаларға орай 12 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Елбасы кітапханасында онлайн режимде «Адамға табын, жер, енді!» атты халықаралық көрме ашылады. Көрмеге Қазақстан, Ресей және Украина музейлері қатысады. Көрме барысында Олжас ­Сүлейменовтің «Адамға табын, жер, енді!» поэмасының желісімен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері әдеби-музыкалық композиция ұсынатын болады. Халықаралық көрме 12 сәуір күні сағат 11.00-де басталып, ­ 31 мамырға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 11 =