Ғани ҚҰТТЫМҰРАТОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс трансплантологы

0 201

– Ғани Мұратұлы операция неше сағатқа созылды?

– Бүйрек ауыстыру операция­сының дені 5-7 сағатқа созылады. Бұл жолғы операцияны 7 сағат жасадық.

– Енді науқастың ағзасы қанша күннен соң толық қалпына келіп, аяғынан тік тұрып кете алады?

– Ол әр адамның өзіне байланысты. Ағзалардың бірігу процесі кейде 7 күнге дейін жүреді. Ал, Күмісбек, үш күннің ішінде орнынан тұрып кетті. Бұл – жаңадан салынған бүйректі ағзаның дұрыс қабылдағанының белгісі.

– Бәрі де Алланың қолында екені белгілі, дегенмен, бүйрегін ауыстырған жанның өмірі қанша жылға ұзаруы мүмкін?

– Жалпы терминалды бүйрек жетіспеушілігі кезінде бүйректің жұмысы толық тоқтайды. Нау­қастың бұдан кейінгі жағдайын өзіңіз шамалай беріңіз. Кейбіреулер жарты жылға жетпей көз жұмады. Кейде 5-10 жылға дейін жүруі мүмкін. Оның өзінде тек гемодиализдің көмегімен ғана. Ал, бүйрегін ауыстырған адам кем дегенде 15 жыл өмір сүреді. Кейде тіпті, одан да көп.

– Дәрігерлердің айтуынша, бүйрек трансплантациясынан кейін донордың денсаулығына айтарлықтай залал келе қоймайды екен. Сөйте тұра, донор табу неге әлі күнге дейін түйінді мәселе болып отыр?

– Қазір бүйрек операцияларына донор табу проблема емес. Ел ішінде жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен біздің жұмысымыздың нәтижесін көргендер трансплантацияның керек екенін түсінді. Кез келген жан туысы үшін бүйрегін беруге келісім береді деп ойлаймын. Тек, келісім берген жан қанының тобы, резус-факторы жағынан, яғни, иммунологиялық тұрғыдан науқаспен сәйкес келуі керек. Кейде осы жағынан сәйкессіздіктер туындап жатады.

– Қандай жандар донор бола алмайды?

– Бауыр гепатиті, СПИД, сифилис, бүйрек дертіне шалдыққандар, артериалды қан қысымы жоғары жандар донор бола алмайды.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =