Ғани АРТЫҚОВ, подполковник, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары: ӘСКЕРГЕ АЛТЫ ЖҮЗ АЗАМАТ АТТАНАДЫ

0 125

Болашақ жауынгерлерді жинау науқаны тағы да басталды. Жа­уапты шара барысымен танысуды мақсат етіп, Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Ғани Артықовқа бірер сауал жолдағанбыз…

– «Күз-2012» жедел әскери қызмет атқару науқанына ал­дын ала зерттеу және іріктеу жұмыстары жүруде. Шараның маңыздылығын сөз етсеңіз ал­дымен.

– Биыл «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы заң негізінде Үкіметтің «ҚР азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» №620 қаулысы қабылданды. Енді ҚР Қарулы күштері қатарына ал­дын ала белгіленген талаптардан өтіп, денсаулығы, білімі, психоло­гиясы бойынша тапсырмаларды орындаған азаматтар іріктеліп алы­нады. Ал бұл шараның маңыздылығы – әскерге шақырылғандардың қай салаға бейімі бар екендігін анықтау. Мемлекет басшысының айтқанындай, еліміздің қарулы күштері санымен емес, сапасы­мен ерекшеленуі керек. Әрбір жауынгер кәсіби шеберлігімен, мобильділігімен, кез келген жағдайға сақадай сайлығымен қызмет атқару қажет.

– Науқанның барысымен таныстырсаңыз. Жігіттеріміз Отан қорғауға қаншалықты дайын?

– Әскери міндеттілерді алдын ала зерттеу және іріктеу жұмыстары 10 шілдеде басталған болатын. Қазіргі кезде 3 мыңнан астам болашақ жауынгер бізге келіп, арнайы тексерістен өтті, олардың көпшілігі әскерге жарамды болып отыр. Әскерге шақыру комиссиясы өз жұмысын 1 қазанда бастайды. Сол кезде іріктеліп алынған әскери міндеттілер нақты қандай әскери бөлімдерге бөлінетіні анықталатын болады. 15 қазанда алғашқы лек аттанады.

– Әр науқан сайын қанша аза­мат тартылуы тиіс әскерге? Сонымен қатар, науқан кезінде қандай да бір мәселелер бола ма?

– Қарулы күштер қатарына шақырылатын адамдардың саны шектеулі. Сондықтан біз Астана қаласынан 18 бен 27 жас аралығындағы әскери міндеттілердің ішінен биыл күзгі шақыртуға 600 адамды іріктеп аламыз. Ал, іріктеу кезінде кездесіп отырған бір мәселе бар: жігіттер бұрынырақта ауырған сырқаттарын жасырады. Мәселен, оның қолы сынған, аяғы шыққан болуы мүмкін, басқа да ауыр аурулармен науқастанған болар… Ондайлар бүгін айтылмағанымен, ертең әскери жаттығулар кезінде әшкереленеді ғой. Бұл – біздің жұмысымыздың сапасыздығы болып танылады. Сосын әскерге шақырушыларды ата-анасымен шақырып, солардан сұралатын болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =