Ғалымның қаламы

0 459

«Хобасте!» Әрине, түсінген жоқсыз! Бұл – Ғалым Қожабековтің сөзі! Жайдары сәттерінде айтатын «жақсы, жарайдысы». Ауған тілінен аудармасы солай көрінеді. Оны Ауғанстан соғысын бастан кешкен жауынгер-интернационалистер жақсы білер. Сосын, «Астана ақшамының» ұжымы ұғынады. «Хобасте» – жақсы, жарайды!

Ғалым ағаның жайдары сәттері көп. Яғни, «хобастені» де жиі естиміз… Кәнігі спорт журналисі екенінен болса да хабардармыз. Басқа қандай қырлары бар екен?..

Сүріндірген үшінші сынақ

Ғалекеңнің журналистикаға келу жолы да соқтықпалы, соқпақты.

…Орта мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Кеудедегі қанатты арманы – солтүстіктегі Жалманқұлақ ауылынан оңтүстіктегі Алматыға самғау еді. Өйткені, Алматы ол кезде – астана! Астанада ҚазМУ бар. Қазақ мемлекеттік университеті қай талапкерді ғашық қылмады өзіне?! Ғалым да талай аңыз ту­дырған ҚазМУ қалашығынан үлкен өмірді бастағысы келіп еді. Алайда, талапшыл әкенің қалауы мен бұй­рығы іргедегі Қарағандыға түсіпті. Ал, оған мойынсұнбай көр, арманыңмен қоса ұшықтап жіберері сөзсіз. Бұл – біздің қазақы тәр­биеміздің жемісі. Енді ғой, әлгі қа­зақы­лықтың қабырғасы сөгіліп бара жатқаны.

ҚарМУ-дің тарих факультеті. Сынақ сәтті басталғанымен, үшін­ші емтихан сүріндірді. Жазмышқа не шара? Ауылға қайту керек. Келді де, кінәлі адамдай ләм-мим де­местен, совхоздың шаруасына кірісіп кетті… Мектепте жүргенде бокспен айналысып, облыстық, республикалық жарыстардан жүлде алып үлгерген жап-жас жігітті көп ұзамай көрші ауылдағы мектепке жұмысқа шақырады. Сөйтіп, бір күнде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып шыға келеді.

Ауылдан отыз бес шақырымдағы аудан орталығындағы кітапхананы тауысқан жігіттің алғашқы мақала­сы осы тұста «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне басылады. Журналист болсам деген ойдың алғаш тұтанғаны да осы кез. Өкінішке қарай, аудандық әскери комиссариаттан жеткен бір парақ қағаз – «повестка» жап-жақсы ойды жырақтата берді… Сексен бірінші жылдың көктемінде түу Ашхабадтан бір-ақ шығады. Осын­дағы сержанттар даярлайтын мектепте алты ай әскери дайындықтан өтіп, үш ұйықтаса тү­сіне кірмеген Ауғанстанның таулы қыраттарының бел ортасына түседі. Ал, мұнда қып-қызыл соғыс өрті жүріп жатқан. Көпке мәлім мақсатсыз, бағдарсыз соғыс.

Ғалымға тағдыры сол өлім мен өмірдің арасында қан кешуді жазыпты. Қан кеше жүріп, туған елге хат жазатын. Сағынышымен таңбаланған хаттарына үйінен, бауырларынан жауап хат келеді. Жауап хатпен ілесе, әңгіме, очерк, өлең басылған газет қиындылары жетеді. Қазақ сарбазы солармен рух­танады, әлгінде тұтанған арманын жалғайды. Болашақ мамандығына құштарлана түседі. Сол сенім, сол рух септессе керек, талай боздағымызды қыршынынан қиған майдан даласынан Ғалым Қожабеков он екі мүшесі сау, аман-есен оралды. Жай оралған жоқ, жан алып, жан беріскен бір шайқастағы қайсарлығы баға­ланып, «Ерлігі үшін» медалін кеу­­десінде жарқыратып қайтты.

«Орындалған бұйрық» арманын орындады

Елге келген соң, тағы да оқуға түсуді ойлады. Күтіп тұрған тағы Қарағанды. Тағы да ҚарМУ. Тағы да үшінші емтиханнан сүрінді. Бірақ, алғашқыдай жаси қойған жоқ. Ауғанның тажалын көрген адамға басқа қиындық сөз болып па? Қолды бір сілтеді де, «өз қа­ла­сы» – Целиноградқа жол сал­ды. Осындағы педагогикалық инсти­тутқа құжат тапсырды. Таңдағаны тарих емес, инженерлік-педагогика факультеті болды.

«Сұраушының сүйген асын кім берген?» Журфак ҚазМУ-да ғана бар ғой. Институтты әйтеуір, аяқтады. Әйтеуір, жұмыс та табыла кетті. Бірақ, шаттықты таңдарды бірге қарсы алған сүйген аруымен шаңырақ тіксе де, мамандығына келгенде, сүймеген қызына қосыл­ғандай күйде жүрген-тін. Меншікті баспана айтпаса да жоқ.

Кеңес билігі тосыннан шешім шығарып, жауынгер-интернацио-налистерге өздері тұратын үйді өздері тұрғызуға мүмкіндік бере қалды. Құрылыс заттарын жеткізіп береді, кіл майдангерлер кірпіш қалап, сылақ сылауы керек. Ғалым тартынған жоқ. Қандыкөйлек достарымен іске кірісіп кеткен. Бұрынғы жауынгерлер еңбек майданында да ұйымшыл һәм көңілді. Сонау сұрапыл жылдардың естеліктерін айтысады, әзілдеседі. Осылай, құрылыстың ілгерілеуі де қарқындай түседі…

Майдандастарымен болған әңгімелер жүрек түкпіріндегі көп айтылмайтын сырды қозғаса керек, «Орындалған бұйрық» деген деректі әңгіме жазды. Отты жылдардың қасіретін, қа­зақ жігіт­терінің қайсарлығын сом­даған шығарма кім-кімді де тебірентпей қоймасы анық-тын. Оқыған жанның көз алдына таулы сахарадағы өлім мен өмірдің арпалысын әкелетін.

Ол кезде Ғалекеңе журналист ма­мандығы ең биік лауазымдай кө­рінетін-ді. Маңайлауға жү­рек­сінетін. Арманына деген ғашықты­ғы оны журналистикадан тым қашықтатып жіберген. Алайда, «Орындалған бұйрық» сондай махаббатпен, рухпен, жүрекпен жазылған еді. Мұндай туындының осал бола қоймайтыны тағы анық.

Облыстық «Коммунизм нұры» газетінің (қазіргі «Арқа ажары») редакциясы өзі тұратын шаһарда, тіпті, таяқ тастам жерде. Ал, баруға жүрек, шіркін, дауаламайды. Ауғанстан соғысы жауынгерінің күнделігі жолдарымен, қыршынынан қиылған тағдырлардың қанымен қағазға түскен әңгіме мен очерк салынған конвертті поштаға салып жіберді. Кеуде тұсы өрекпіп, қобалжыды да сосын. Көп ұзатпай қайтарым хат та жетті. «Құрметті Ғалым Қожабеков! Сіздің мақалаңызды алдық. Соған байланысты редак­ция басшылығына келіп, жолығуы­ңызды өтінеміз» деген мазмұндағы жолдарды оқи сала, қолындағы кірпіші мен қалағын тастай, «Коммунизм нұрының» редакциясына алып ұшқан. Көңілде күпті ой да жоқ емес: «Мынауың кімді мазақ қылғаның? Бүйткенше, жазбай-ақ қоймадың ба?» дер ме екен… Бекер жібердім бе екен?..» Өйткені, Ғалымға журналистика әлі арман қалпында, алыстағы арман.

…Көп қабатты ғимараттың баспалдағымен иемене-имене көтеріліп келеді. Екінші қабат… Үшінші қабат… Елп-елп етіп, бір жас жігіт жоғарыдан түсіп келеді.

– Кешіріңіз… Мен… хат жолдап едім осында, редакцияға. Ғалым…

– Қожабековсің бе? Мен ғой саған жауап жазған! Мен – Мұратбек Тоқтағазинмін. Жүр, сені бастыққа кіргізейін, – деді де, дедектетіп ала жөнелді. Жүрек дүрсілі жиілеп ере берді.

Бөлім меңгерушілерінің басын қосып бас редактор Октябрь Әлібеков отыр.

– Ә-ә, Қожабековпісің? Мынаны өзің жаздың ба? – дейді тор көзді дәптердің қос парағына жазылған «Орындалған бұйрықты» көрсетіп.

– Иә… Өзім.

– Ешкім үстінен түзеген жоқ па? – күмәнмен қарайды ғой.

– Жоқ… – құрғыр үрейі әлі басылар емес. Бас редактордың сұрақтары да оғаштау, қатқылдау.

– Жақындарыңнан журналист жоқ па?

– Жоқ еді…

– М-мхм, – деп жөткірініп алған бас редактор, – Ғалым, сенің жазғаның бізге ұнады. Журналистке керек тіл де сенен табылатын сияқты. Осы бізге жұмысқа келсең қайтеді?

Бұл тосын ұсыныстан кеудедегі қорқыныш су сепкендей басылып, қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалған. Құрылыстағы жұмысы да бір демде шешілді. Арада екі күн өтпей «Ғалым Қожабеков «Коммунизм нұры» газетінің корреспонденті» деген, бас редактордың қолы қойылған қып-қызыл қызметтік куәлігі де қолына тиді. Сол сәтте өзі аса еліктейтін, құрметтеп өткен Жомарт Әбдіхалық ағасы «Ал, Ғалым, іске сәт, ештеңеден қорықпа, әлі-ақ жақсы журналист болып кетесің…» деп ақ тілегін айтқаны есінде жатталып қалған-ды.
Алғашқы іс-сапары кіндік қаны тамған ауылынан басталды. Астында – редакцияның су жаңа көлігі, қасында – фотограф. Екі күнде Жалманқұлақ пен Жұлдыз ауылдарының егін шаруашылығы науқанынан қатқан репортаж жасап келді…

Шевченконың қолтаңбасы немесе Контадормен шүйіркелесу

«Коммунизм нұрымен» қанат­танып, «Ақмола ақиқатына» (қа­зіргі «Астана ақшамы») ауысты. 1995 жылы. Бұл кезде Ғале­кеңнің қаламы кәдімгідей төселіп, журналистикадағы бағы­тын таңдап үлгерген. Әлемнің спорт саңлақтарымен сұхбаттары, пәтуалы сараптамалары, кіл қазақы орамдармен өрілген мақалалары газет бетінен бірінен кейін бірі орын алып жатты. Арқа жұрты Ғалым Қожабековті спорт журна­лис­ти­касының санаулы өкілдерінің бірі ретінде тани түсті. «Сайыпқыран», «Астана саңлақтары» атты еңбек­тері оқырмандарының көз­айы­мына айналды. Сейдахмет Бер­ді­құлов атындағы сыйлықты еншіледі.

Атақты француз футболшысы, УЕФА президенті Мишель Платинимен қатар отырып, сыр тарқатты. Кубалық былғары қолғап шебері, олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Теофило Стивенсонға көкейіндегі сауалдарын еркін қойып, кеңінен тілдесті. Кәсіпқой бокстан әлемнің абсолютті чемпионы Константин Цзюмен жүздесіп, көлемді мақала жариялады. Осындай жер-жаһанның кіл мықтыларымен кездесулер кезінде естен кетпес қызықтар да болмай қалған емес…

Ақордада өткен бір салтанатты басқосудан кейін испандық әйгілі велошабандоз Альберто Контадормен сұхбаттасудың сәті келе қалғаны. Аудармашы қыз арқылы әңгіме әдемі-ақ басталған. Қырсық шалғанда, әлгі қыз бұлардан да маңыздырақ шаруамен бірнеше минөтке сұранып кетті. Енді не істемек? Әдемі әңгіме түсініксіз шүйіркелесуге ұласты. Ғалым таза қазақша, шала орысшасын араластырып, бірнәрсені айтады, Контадор таза испанша, шала орысшасын қойыртпақтап, бір нәрсесін көкиді…

…Отыз мың көрерменді құшағына сыйдыруға мүмкіндігі бар «Астана-арена» стадионының ашылуы жарты әлемге жаңалық болғаны рас. Думанды рәсімге Украинадан көпке мәлім футболшы Андрей Шевченко да келген. Бұл сәттілікті Қожабеков құр жіберсін бе? Кездесті, сөйлесті, енді газетке қолтаңбасын алу керек. Бұл заманның журналисіне диктофоны болса, басқасы неге керек? Қалтасында қойын дәптері де жоқ екен. Құрғырың мұндай қарбаласта табыла қоймайды ғой. Шевченко «Ну, давай!..» деді де, «Астана ақшамына» деген ақжарма тілегін Ғалекеңнің алақанына жаза салды. Алақандағы қолтаңбаны дизайнер жігіттер ебін тауып, газетке түсірді.

Сықиған сұхбаттың бел ортасына басылған Шевченконың тілегі осылай оқырмандарға жол тартты.

Тоғыздан кешіксең, кірмейсің

Жайдары сәті көп Ғалым аға­ның темірдей тәртіпті сүйетін кезі де бар. Жауынгер жылдарынан сіңірген әдеті ғой бойына. Он­дайда өкпелемейміз. Жол­дан тайсақ, тиесілі жазамызды үнде­мей қабылдай береміз. Кешірімді болса да, қателікке жаны қас. Жур­налистеріне үнемі айтып отыратыны сол: «Барған жиындарыңда, шараларыңда бірінші, адамның аты-жөнін, екінші, лауазымын, сосын, мақсатын нақтылап алыңдар, ең бастысы осы…» деп.

Ұжым болған соң, әсіресе, шығармашылық ұжымның кей-кейде еркінсіп кететіні болады. Қиялға ерік беріп кетеміз бе, қайдам. Еркінсудің арты газеттің кешігіп шығуына соқтырады. Өйткені, журналистер кеш келеді ғой. Басшылық мұның да амалын тапты. Журналистер әр газет шығатын күні таңғы сағат тоғызда бас редактордың орынбасарының алдында лездемеге жиналу керек. Алайда, бұл амал да қиялиларға тәртіп орната алмады. Ғалым аға мұның алдын алды. «Тоғыздан үш минөт кешіксең, кірмейсің лездемеге!» Талап – осы! Ал, лездемеде жоқ журналистің жазасы белгілі (айтпай-ақ қояйын). Бұл – қу тілді тілшілердің назарынан тыс қалсын ба? Бір қуанышты басқосуда Гүлмира Аймағанбет Ғалекеңнің әлгі қаталдығын мына төрт жолмен «сын садағына» алды да жіберді.

…Әр тілшіні солдатына балайды
Командирлік көзқараспен қа­райды.
Тап тоғызда табылмасаң алдынан,
Кешіккенді келмегенге санайды.

«Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген тіркес бар бүгінгі жастардың тілдік қорында. Ғалым ағаға да соны айтар едім. Аузын ашса, жүрегі көрінеді, яғни, аңқылдақ, адал, дарылдап сөйлеп, талай той-томалақтың гүлі бола кетеді. Сөйтсек, жас шағында асабалық «қызметті» де атқарыпты. Сондай кеңдігінен болса керек, «Астана ақшамына» келгелі алтыншы бастықты қабылдадым» дейді.

Журналистика кейде теориялық оқуды қажет етпейді. Бұл ережені дәлелдегендердің бірі – біздің Ғалым. «Менің мектебім – жанымда жүрген жақсы адамдар. Солардың шапағатымен нәрленіп, сәулесімен серпілдім, өстім. Айталық, Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Нұртөре Жүсіп, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханұлы, Бауыржан Омар, Амантай Шәріп, Кенже Жұмағұлов, Несіп Жүнісбайұлы, Ерғазы Әсембеков, Жылқыбай Жағыпарұлы, Аманкелді Жұ­ма­бек, Талғат Батырхан, Мақ­сот Ізімұлы… Міне, осындай сайып­қыран қаламгерлер әріптесім болды, тәлі­мін берді. Сол үшін де тағдырыма ризамын. Маман­ды­ғымның арқа­сында бүгінде көптеген әріптес іні-қарындастарымның ортасында қанаттасып, шабыттасып жүріп жатырмын». Ғалекеңнің мерейтойы алдында ағынан жарылып айт­қаны – осы.

Ал, жақында ғана ердің жасы – елуді бағындырған Ғалым Қо­жабековтің енді бір жылдан соң елордалық басылымның табал­дырығын аттағанына жиырма жыл толады. «Астана ақшамы» жиырма бес жасқа толмақ. «Қос мерейде көңілдегіні ақтарып, толымды, қонымды естелік-кітап жазамын» дейді Ғалекең.

Құдай, сәтін келістірсе, мерей мерейге ұласады!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =