Ғалымның ғұмырлық еңбегі

0 49

Ұлттық академиялық кітапханада түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты үш томдық кітабының таныстырылымы болды.Бұл бағалы жинақта Еуразия құрлығында алып мемлекет орнатуды армандап, үш ғасыр бойы билік жүргізген байырғы түріктердің қайталанбас тарихи-мәдени және рухани құндылықтары қамтылды. Сондай-ақ түрік мәдениеті мен дүниетанымы, тарихы мен тыныс-тіршілігі туралы тың мәліметтер берілген.
Сонымен қатар XIX ғасырда табылған мұраларды аударып, жаңа түсініктемесін береді. Бұл ғалымның 40 жыл бойы жүргізген далалық экспедициясының нәтижесінде әр мұраның археологиялық сипаттамасы алғаш рет толық беріліп отыр.
Толымды кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов автордың еңбегіне жоғары баға беріп, жылы ілтипатын білдірді.
Бұл үш томдықтың жазылғанына бес жыл болыпты. Содан бері оның басылып шығуына ешқандай мүмкіндік болмапты. Мәдениет және спорт министр­лігінен де ешқандай қолдау болмаған.
– Ана шаранасын тоғыз ай көтерсе, мен еңбегімді бес жыл бойы көтеріп жүрдім. Бұл да менің балам. Мұндай еңбекті жапон, түрік, орыс ғалымдары шығарамыз деді. Бірақ осындай толық деңгейде шығара алған жоқ. Бұл кітаптың орны бөлек. Осының оқырманға жетуіне қамқорлық жасаған Ерлан Сыдықов пен Жанна Құрманғалиеваға алғысымды білдіремін, – деді Қаржаубай Сартқожаұлы.
Таныстырылымда сөз алған тарихшы-ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы Орхон ескерткіштерінің толық атласы ана тілімізде жан-жақты зерттелген түрде алғаш шығып отырғандығын айтты.
– Бұл – Сартқожаұлының ғұмырлық еңбегінің жемісі. Қаржекең жастық шағынан бастап Орхон ескерткіштерін зерттеумен айналысып, оларды ұлттық этимологиялық, дүниетанымдық, этнографиялық жағынан індете зерттеді. Бұрынғы Радлов, Томсондардан бастап, берідегі ғалымдардың да бұл бағыттағы еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ олардың кемшілік жақтары болды. Олар түркі халықтарының этномәдениетін терең білмегендіктен кейбір ұғымдар мен сөздердің түпкі мәнін түсінбеді. Қаржекең кітабында бұрынғы ғалымдар тарапынан жіберілген 300-ден аса қателікке түзету енгізіп, Орхон ескерткіштеріндегі мәтінді түркі халықтарының дүниетанымы тұрғысынан қайта әліптеді, – деді ғалым.
Сондай-ақ таныстырылым барысында басқа да ғалымдар үш томдық жинақтың құндылығы жа­йында сөз алып, ой-пікірлерін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 4 =