ҒАЛЫМНЫҢ АСУ ЖОЛЫ

0 127

Бирлесбек1Қазақтың маңдайына біткен академиктер аз. Әсіресе, техника, жаратылыстану саласында түрен салған тұлғалардың ат төбеліндей ғана екені әрі олардың есімі мен еңбегін жалпақ жұрт біліңкірей бермейтіні де рас. Бүгінгі біз әңгіме өзегіне айналдырғалы отырған академик, техника ғылымының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бірлесбек Әлияровты қазақтың Қаныш Сәтпаевы, Шафик Шокиндері салған сара жолды жалғастырып келе жатқан жан десек, қателеспейміз.

Әсілі, ғылым жолы – дамылсыз ізденістер мен қажыр-қайратты, бәлки, кейбір жағдайларда бойды  күйкі тірліктің бодауына бермей, әркез одан биік тұруды, үлкен мақсаткерлікті талап ететін асулы жол.

Ең алғаш рет Бірлесбек Қаниұлы­мен 25 жыл бұрын Алматы Энер­­гетика және байланыс институтында (бүгінде университет), кафедра ассистенті болған кезімде танысқан едім. Аталмыш ғылыми-зерттеу институтының аспирантура бөліміне түскенімде, мойныма артылған ғалым болудың  жауапкершілігін сезінгендіктен бе, төңірегімнен өмірде өзімді локомотивтей алға сүйреп отыратын аға буынды іздестірдім. Сол кезде басқа емес, Бірлесбек Қаниұлына арқа сүйегеніме  әлі күнге алғыс айтамын.

Диссертациялық жұмысқа қызы­ғушылықты мүлдем жоғалтып, таусылмас тіршілік қамынан шаршаған кездерім де болды, сондай қиын сәттерде Бірлесбек ағамыз: «Гүлнәр қызым, адам баласы жұмысының қорытындысын тек аяғына дейін толық жеткізгенде ғана көреді және жұмысты қай деңгейде жасасаң, сол деңгейдегі адам боласың» деп мені қайта қанаттандыратын. Бүгінде 75 жасқа толған абзал азамат, сүйікті әке, көрнекті ғалым-академик, құрметті энергетик Бірлесбек Әлияровтың жүріп өткен өмір жолын саралағанда, оның сол ұстанымға нық жан екенін аңғарасың.

Екібастұз көмірін еселеген

Бірлесбек Әлияров – Қызылорда облысының Жаңақорған ауылының тумасы. Жастайынан білімге құш­тар болған ол 1956 жылы сол жерде мектеп бітіріп, 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің физика факультетін тәмамдады. Сол кезден бастап бертінге дейін, яғни, 1961 мен 2004 жылдар аралығында академик Ш.Шокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтында табан аудармай еңбек етіп,  қатардағы лаборанттан директор мәртебесіне дейін көтерілді.

Сол жылдары ғой, Бірлесбек Қаниұлы энергетика саласындағы әріптестерімен бірігіп, іргелі зерттеулерге  қозғау салғаны.

Ол алғашқылардың бірі болып кешенді зерттеулердің нәти­жесінде күлі көп қалатын екі­бас­тұздық көмірді жағудың басты па­раметрлерін жасап шығарды. 1984 жылы  Мәскеуде докторлық диссертацияны қорғау кезінде Екібастұз көмірін ірі ЖЭС-терде тиімді жағуға болатынын дәлелдеп шықты.

Бәлки, бір қараған адамға болмашы ғана жаңалық көрінуі мүмкін, бірақ осы ғылыми шешімнің ай­налымға енуі арқасында Екібастұз бассейнінің болжамды қоры 1 млрд тоннаға  арт­тырылғаны энергетика саласы үшін үлкен жетістік еді. Зерттеудің конструкторлық бағыты бойынша  Подольск машина жасау зауытында  Екібастұздағы ГРЭС-2 үшін «П-57Р» қазандығы құрастырылды. Осынау жемісті ең­бегінің арқасында академик 1986 жылы бір топ ғалымдармен бірге тех­ника саласындағы Мем­лекеттік сый­лыққа ие болған еді. Ал, 1994 жы­лы Ұлттық ғылым акаде­миясының кор­респондент-мүшесі, 2004 жылы ака­демияның толық мүшесі атанды.

Академик Б.Әлияров техника ғылымының доктор­лары Д.Қожахметов және Р.Орум­баев­тармен бірге бұрын мүмкін емес болып есептелген біротынды көмір ЖЭС-ін құру мүмкіндігін көрсетіп, оны патенттеді. Үлкен қазандықтар оттықтарының (топка) жартылай өндірістік от үлгілерін жасауда өзінің әдісін ойлап тауып, оның нақты қолданысқа ену деңгейіне дейін жеткізді. Институттың тәжірибелік базасында әлемдегі қол­данысқа ие көмір оттық­тарының барлығына жуығына жарамды отын үлгілері жасалынды. Осындай үлгілердің қолданыста болуы әлемде баламасы жоқ «сақиналы» от­тықтарды жасауға болатындығын көрсетті. Көптеген мамандар қазандықтың мұндай оттықпен жұмыс істей алатындығына бас­тапқыда сене қоймаған. Дегенмен, ғалымдардың теориялық табысы тәжірибеге ұштасып, әлемдегі са­қи­налы оттығы бар алғашқы қа­зан­дық Иркутск (Ресей) ЖЭС-ында сәтті қолданысқа енгізілді.

Бірлесбек Қаниұлы тәуелсіз Қазақстанның ғылыми қауқарын небір қиын-қыстау жылдары құлат­пай ұстауға үлес қосып келеді. Өз­деріңіз білесіздер, тоқсаныншы жылдардың тозында мемлекеттен ғылым саласына қолдау жоқтың қасы еді. Сол кезде  мардымсыз жалақыға бола институтта жұмыс істеп, уа­қыттарын зертханада өткізген жас­тарды ғылымға шын берілгендер деп есептейтінін Бірлесбек Қаниұлы  өзі талай жерде айтып жүреді.

1992 жылы ол Қазақстандағы тұңғыш ғылыми-техникалық журнал – «Қазақстан энергетикасы және отын қорлары» басылымын ұйымдастырды. Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтының жанынан  әуелі кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша (30-дан аса жұмыс қорғалды), кейінірек докторлық диссертация­ларды қорғау бойынша  кеңесті ұйымдастырды (20-ға жуық ғылым докторы қорғады).

Бұл кейінірек Алматы энергетика және байланыс университеті, Қарағанды мемлекеттік универ­ситеті, Павлодар мемлекеттік техни­калық университеті жандарынан диссертациялық кеңестердің құры­луына мүмкіндік берді. Тіпті, тікелей өзінің жетекшілігімен 10 кандидат, 6 ғылым докторының дайындалуы  Бірлесбек Әлияровтың ғылымдағы сабақтастыққа салғырт қарай алмайтын жан екенін көрсетсе керек.

Өзінің кіндік кесіп, шілде суы төгілген Жаңақорғанмен қарым-қатынасын үзбей, 1996 жылдан бері өзі оқыған мектептің физика пәні бойынша ең үздік бір оқу­шы­сына шәкіртақы және үздік физика пәні мұғаліміне ақшалай сыйақы тағайындап келеді. Мәр­те­белі стипендияның иегерлері кейін үміт ақтап, барлығы бірдей мем­ле­­кеттік грантқа ілігетіні – ізбасар тәр­­биелеудің қарапайым қағидаты осын­дай болатындығына керемет өнеге.

Тастүйін істің адамы

Бірлесбек Қаниұлы – тек іргелі зерттеулерде із тастаған ғалым ғана емес,  сонымен қатар шаруаға тас­түйін ұйымдастырушы. Ол тұрғыда  қыз­мет жолының бірнеше эпизодтарын айтсақ жеткілікті шығар.

Мәселен, 1997-2002 жылдары институтты басқарумен қатар, Алматы қаласындағы Солтүстік-шығыс жылу кешенінің бас менеджері лауазымын қоса атқарды. Өздеріңіз білесіздер, айналдырған оншақты жылдың ішінде құрылысы бей-берекет жүр­гізіліп, жойдасыз үлкейіп кеткен түйткілі көп мега­полистің ең қиын да күрделі саласы – энергетикаға жетекшілік етуге екінің бірінің жүрегі дауалап бара бермейтін.

Кейін, осы көп жылғы тәжіри­бесін байқаған  «Қазақстан  темір жолы» ұлттық компаниясы Бір­лесбек Қаниұлына 2002-2009 жыл­­дары компанияның ғылым жөнін­­дегі атқарушы директоры, 2009-
2012 жылдары «Ырысты» Алматы электр­вагондар жөндеу зауыты директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін сеніп тапсырды.

Онда да Бірлесбек Қаниұлы бәз­біреулер сынды «Жер орта жас­тан астым, осыған дейін жаса­ға­нымның жемісін көрейін» деп тоқ­­мейілсіген жоқ, Қазақстан темір жолына байланысты алғашқы жүйе­лендірілген алты томдық моно­гра­фияның құрастырылуы мен басылып шығуына мұрындық болды. Ал, Вагон жөндеу зауытында қызмет ету барысында жолаушы вагондарының қауіпсіздігін, тиімділігін және ыңғайлылығын жақсарту үшін әр түрлі құралдар ойлап тапты. Оның қатысуымен шетелдік баламаларынан әлдеқайда асып түсетін бірінші қазақстандық жолаушылар вагондары құрастырылып шығарылды.

Қазір де ағамыз  аттан түскен жоқ. Жетпістің жотасына шықса да «Энергетикалық зерттеулер институты» өндірістік ғылыми-зерттеу фирмасы» ЖШС-ның ғылыми басшысы болып қызмет етуде. Кезінде бір топ әріптестерінің басын қосып,  болашақта мекеме таза ғылыми еңбекпен қатар, өз тапқан жаңалықтарын кеңінен тарататын деңгейге дейін жету қажет екенін түсініп,  нарыққа алдын ала бейімдеген. Сол шешім қазір өз нәтижесін беріп, институт соңғы жылдарда өздері ойлап тапқан ыстық су қазандықтарындағы  күл қалдығы мөлшерін үздіксіз анықтайтын құралды, кіші су электр стансаларын салу технологиясын, тағы басқа өнімдерді ТМД мен Қазақстанда сатуды қолға алып отыр.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген қазақтың тамаша сөзі бар. Жеңіл жолды қала­майтын, өмірдің лыпыған өткір жүзінде  жүретін жандардың мінез-болмысы, байқап қарасақ, сол балаң, жас кезінен  шынығады екен.

Ағамыз студенттік кезден  бастап спортпен белсенді шұғылданады. Университетте жүзуден және судағы полодан құрама сапында болыпты. Мүмкіндік бола қалғанда, қазірдің өзінде бассейнге барып құлаштап қайтуға бар. Кейінірек үлкен тенниске қызығушылық танытты және сол жақсы әдетін әлі де тастамайды.

Бірлесбек ағамыз зайыбы Күләндә апамыз екеуі бір ұл мен қызды өсіріп, аяқтарына нық тұрғызды. Қызы Мәдина – техника ғылымының кандидаты, Алматы энергетика және байланыс университетінің доценті, ал ұлы Әлижан – Қазақстандағы ре­сейлік және голландтық энерге­ти­калық компаниялардың бас менед­жері. Солардан өрбіген немере-жиеннің тәтті қылығына масайрап, төңірегіндегілерге қадірі артқан академик ағамызға басыңыз аман, бағыңыз басым болсын дейміз.

 

Гүлнәр МЕРЗАДИНОВА,
М.Тынышпаев атындағы
Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының
проректоры, техника ғылымының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 4 =