Ғалымға құрмет көрсетті

0 47

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде айтулы ғалым, Журналистика мәселелерін зерттеу инс­титутының директоры, UNESCO профессоры Намазалы Омашұлының жетпіс жасқа толуына арналған «Еліміздің медиакеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Жақсылар бас қосқан жиын­ды аталған оқу орны­ның ректоры Ерлан Сыдықов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен мерейтой иесін құттықтауға келген азаматтар сөз алды. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі, белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омарұлы тапсырды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Nur Otan партиясы басшылығының құттықтауын партия хатшысы Арман Қырықбаев, Парламент Мәжілісі төрағасының құттықтау хатын Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай оқып берді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та ардақты азаматқа ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ талантты ақындар Несіпбек Айтұлы мен Бауыржан Жақып ғибратты ғалымның тұлғасын өлеңмен сомдап, төгілтіп жыр оқыды. Намазалы ағамыз ұзақ жылдар бойы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет істеді. Сондықтан Алатаудың етегіндегі әсем шаһардың сәлемін алып келген Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубеков ұлағатты ұстазға ілтипатын көрсетті.
Конференция барысында көрнекті ақын Жүрсін Ерман «Бірегей (тұлғатану орайында)», Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Әбіғаны Халилов «Қазақ және қырғыз журналистика ғылымының жетекшісі», Халықаралық ақпараттық-технологиялар университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов «Журналистика ғылымының мектебі және Н.Омаш­ұлы еңбегі», филология ғы­лымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Ақылы мен қайратын қатар ұстап», профессор Рахымжан Тұрысбек «Берік ұстаным мен терең парасат» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Сонымен бірге мерейтой иесі жайлы «Өткір сөздің алмас кездігі» атты деректі фильм көрсетіліп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми кеңесінің бекітуімен «Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген Намазалы Омашұлы туралы кітаптың таныстырылымы болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + twenty =