Ғалым. Баспагер. Дипломат

0 188

Білімі мен білігін берік тұтқан, ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі-өнеге Бахтияр Сардарбекұлы Тасымов осы көктемде 71 жасқа толар еді…

Бахтияр Тасымов 1950 жылы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Шыршық қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сардарбек Тасымов 1927 жылы Ташкент облысы Қыбырай ауданы Қыпшақ ауылында туған. Ленинградтағы әскери аудармашылар институтында оқыған, әскери аудармашы. Қазақ, неміс, орыс, өзбек тілдерін еркін меңгерген. Балаларын жауапкершілік пен тәртіпке бала күнінен баулыған. Анасы Назира Исмаилова аяқ киім фабрикасында жауапты қыз­мет атқарған. Қарындастары: ­Клара – ағылшын, неміс тілдерінің маманы (қосымша: итальян), ал Гүлнәр ағылшын тілінің маманы (қосымша: жапон).
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін бойларына сіңіре отырып, әлем елдері тілдерін меңгерген әулет. Білім алуға, тіл үйренуге құштарлық, әлем классиктерінің шығармалары жайлы өз ойларын ортаға салу, таласа тақырыптарды талдау, таным көкжиегіне көтерілу, ізгілікке ұмтылу… Отбасы құндылығы да осы болар.
Шыршық қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті 1967 жылы бітірген Бахтияр Сардарбекұлы 1970 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оны шығыстанушы-тарихшы (араб елдерінің тарихы) мамандығы бойынша 1976 жылы бітіріп шығады.
Еңбек жолын 1976 жылы Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетіне қарасты оқулықтар мен оқу құралдарын шығаратын «Мектеп» баспасында «араб тілі мен әдебиеті» редакциясында редакторлық қызметтен бастаған Бахтияр Тасымов сол жылдары Таяу Шығыс елдеріне қызметке шақырылып, Иракта әскери аудармашы, ал Йемендегі КСРО елшілігінде референт қызметтерін де атқарады.
«Мектеп» баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет істеген Бахтияр Сардарбекұлы әлем тілдерінде оқулық, оқу құралдары және ғылыми әдебиеттер шығаратын «шетел тілдері мен әдебиеті» редакциясына да жетекшілік етті.
Аллаһтың бұйрығымен менің де өмір мектебім, дәл осы кезеңде, дәл осы «Мектеп» баспасы, физика-математика редакциясында басталған еді.
Ұлт мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы жайында таусыла әңгімелейтін, ұлттық құндылықтарымызды жалпы адамзаттық мұраға айналдыруға күш салған Ш.Есмұрзаев (1977-1985), М.Сқақбаев (1985-1987), Ш.Аманов (1987-1989), Ж.Нұсқабай (1989-1998) сынды іскер басшы, абыз ағаларымызбен қызметтес болдық.
Білімнің байырғы бапкері – «Мектеп» баспасының (1976-1991) мектебінен шарболаттай шыңдалып шыққан баспагерлердің бірі Бақтияр Тасымов болатын.
Иә, біздердің де жалынды жас­тығымыз із қалатын ізгілікті іс – адамзаттың асыл мұрасы – кітап шығару ісіне арналды.
1988 жылы «Мектеп» баспасынан, ал 1990 жылы «Жазушы» баспасынан Бахтияр Тасымовтың «Араб тілі» (І бөлім) оқу құралы басылып шықты. Жалпы редакциясын басқарған: Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Ә.Қайдаров. Пікір жазған: шығыстанушы-арабист, филология ғылымдарының докторы Ә.Дербісәлиев. Бұл – екі жылдық оқу мерзіміне негізделген, араб әдеби тілінде жазылған оқу құралының бірінші бөлімі араб жазуы, фонетикасы, морфологиясы мен жай сөйлемдер жөніндегі жалпы мағлұматтарды қамтиды. Бұл бөлімде төте жазуды үйрететін арнайы тарау бар. Кітаптың соңында 600-ге жуық күнделікті қолданып жүрген сөздерді қамтитын арабша-қазақша сөздік берілген.
Автор кітапты жазу барысында араб елдерінде атқарған тәржімешілік және ҚазМУ-дың филология факультеті жанындағы араб бөліміндегі оқытушылық тәжірибесіне сүйеніп, Ирак, Йемен Араб Республикасы, Йемен Халық Демократиялық Республикасы,Тунис, т. б. елдердің мектепке арналған араб тілі оқулықтарының жазылу үлгісіне көңіл аударған.
1994 жылы жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті шығыстану факультетінің Ғылыми кеңесі бекіткен Бахтияр Тасымовтың «Араб тілі» (ІІ бөлім) оқу құралы «Рауан» баспасынан басылып шықты.
Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті шығыстану факультеті студенттерінің ғана емес, басқа да гуманитарлық факультет студенттерінің, ғалымдардың, елімізден араб елдеріне барып жұмыс істейтін мамандардың сұранысына ие болған Бахтияр Тасымовтың «Араб тілі» оқу құралы 2005 жылы Алматы қаласындағы «Сөздік-Словарь» баспасынан қайта басылып шықты. Бұл – өңделген үшінші басылымы.
Қазақ мектептері үшін ең алғаш араб тілінде жазылып, Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігі бекіткен «Әліппе» оқулығының авторы да Бақтияр Тасымов, редакторы Қайрат Лама Шариф болатын. 1991 жылы 5000 дана таралыммен «Рауан» баспасында басылып, оқыр­мандарына жол тартқан оқулық Қазақстанның араб елдерімен тіл білімі, тарих және мәдениет салаларындағы байланыстың алғашқы баспалдағы іспеттес еді.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен, Бахтияр Сардарбекұлының А.Дадебаевпен бірлесіп жазған, орта мектептің 11-сыныбына арналған «Араб тілі» оқулығы (бірінші басылымы 1991 жылы жарық көрген) 1997 жылы толықтырылып, қайта өңделіп, «Рауан» баспасынан 10000 дана таралыммен басылып шықты.
Баспа саласындағы жауапты қызметті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті арабтану кафедрасында (1993 жылға дейін) оқытушылық қызметпен ұштастыра білген Бақ­тияр Тасымов 1993 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жауапты қызметке шақырылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясаты стратегиясын жүзеге асыратын Сыртқы істер министрі орталық аппаратында (1993-2013) жиырма жылдай жауапты қызмет атқарып, Қазақ елінің, қазақ мемлекетінің сыртқы саясатына белсене араласып, тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясын қалыптастыруға зор үлес қосқан дипломаттардың бірі және бірегейі Бақтияр Сардарбекұлы еді.
Президент Нұрсұлтан ­Назар­баевтың Жарлығымен ­Бақтияр Сардарбекұлы дипломатиялық байланыстардың бастауы болған, бабамыз Бейбарыс сұлтандық құрған Мысыр елінде – Египет Араб Республикасында (2008-2011), ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс жерленген Сирия Араб Республикасында (2008-2011), Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында жарқын дипломатиялық байланыс орната білген елші Нәзір Төреқұлов (1928-1936) сүрлеуін салған Сауд Арабиясы Корольдігінде (2011-2013), қазақ дипломатиясының негізін қалаушылардың бірі, Алауиттер тағының ордені иегері құрметіне ие болған қазақ Мәлік Фазылов елші (1983-1990) болған ел – Марокко Корольдігінде (2008-2011), Кувейт Мемлекетінде (2012-2013), Бахрейн Корольдігінде (2012-2013) төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарып, халықаралық қатынасты дамытуға өз үлесін қосты.
Халықаралық дипломатияға терең біліммен, парасат-пайыммен келген Бақтияр Сардарбекұлы ұлтымыздың бойындағы ұлылық – мәмілегерлік дәстүрді кәсіби дипломатия талаптарымен үйлестіре, ұлттық мүдделерді прагматизм қағидаттарымен жаңғырта білді.
Қазақ елінің тарихын қалыптас­тырған тарихи тұлғаларды, ғұлама ғалымдарды, мәдениет қайраткерлері мен өнер саңлақтарын, қылқалам шеберлерін, ақын-жазушылар мен олардың ұлт құндылығын паш ететін шығармаларын араб елдеріне, әлемге таныстыруды мақсат етті.
Адамзаттың ақыл-ой бәсекесіне, кезек күттірмейтін қазақ әдебиеті мен руханиятын насихаттауға, аударма саласын одан әрі жандандыруға баса назар аударған Бақтияр Сардарбекұлы ғұлама ғалым, жазушы, аудармашы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасының араб тіліне аударылып, араб елдеріндегі оқырмандарымен табысуына, халықаралық баспа бағдарламасының жүзеге асуына тікелей атсалысты.
Араб халықтарының тарихы мен əдебиетін, тілі мен мəдениетін терең білген Бақтияр Тасымов көп жылғы іс-тәжірибесіне сүйене отырып, 2002 жылы «Сауд Арабиясы: жасампаздық дәуірі» еңбегін жазды.
Эр-Риядтағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі ретіндегі өз миссиясын аяқтаған Бақтияр Сардарбекұлы 2014 жылы Екі кие сақтаушысы Абдалла патшаның Жарлығымен I дәрежелі Әбдел Әзиз патша орденімен марапатталды.
«Құттың құты – ердің ізгі есімі…» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз жазып кеткендей, дипломат Бақтияр Тасымов (1950-2020) есімін де елі әрдайым есіне алары, өскелең ұрпаққа өмірі үлгі-өнеге болары хақ.

Райхан МӘЖЕНҚЫЗЫ,
жазушы,баспагер-ғалым

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 1 =