Ғалым БАЙНАЗАРОВ, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы, қаржы саласының ардагері: «ТАРИХЫ БАР ТЕҢГЕМIЗДІҢ ТАҒЛЫМДЫ»

0 231

Теңгенің ұлттық валюта болып айналымға енуі, яғни, Қазақстан Республикасының қаржылай төлем құралына айналуы үлкен тарихи кезеңдерге тура келді. Ол «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» деп аталатын үлкен империяның құлаған кезі мен ыдыраған оның құрамындағы республикалардың дербес ел болуға бет алған шағы еді. Бұрын жұмылған жұдырықтай болып, барлық республиканың тапқан-таянғаны да, ырысы мен берекесі де «кеңестік» деп аталатын үлкен қазанға түсіп, әр республикаға содан үлес айырып беретін. Әрине, сол кездің ұраны «еңбек – ортақ, жыр – ортақ, бізде бәрі ортақ» дегенімен, орталықтың қалауы мен қабағына қарай енші тиетін. Демек, бір «орталықтан басқарылып, бақыланатын шаруаның барлығы бір-ақ сәтте иесіз қалып, оның бас мирасқоры Ресейдің өзі дағдарып қалды. «Балапан – басына, тұрымтай тұсына» кетті.

Мызғымайды деген қуатты да қапсағай құрақ елдің қабырғасы тігісінен сөгілген соң әр ел егемендігін жариялап, өз алдына мемлекет болудың қамын жасады.

1991 жылы қазанның 25-інде Егемендік декларациясы қабылданып, желтоқсан айында Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекеттілігін жариялады. Соған орай, жаңа нарықтық әлеуметтік-экономиканы қалыптастыру, оның алғышарты болып табылатын дербес қаржы-банк саласын құру міндеті бірінші кезекке шықты.
1992 жылы 1 шілдеден бастап бұрынғы КСРО орталық банкі және орталық қаражат жүйесі өз қызметтерін толығымен тоқтатты. Осыған байланысты ішкі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді мен сыртқы байланыс пен сауда-саттық түйткілдерін, әріптестерімізбен есеп айыру жайын, несие-қаржыландыру шараларын жаңаша, жас мемлекеттің деңгейінде, бұрынғы орталықтың көмегінсіз, өз қаражат-күшімізбен шешуге тура келді. Міне, осы жағдайда біздің еліміз үлкен қиындықтарға ұшырады. Өйткені, КСРО кезінде Қазақ КСР-і мен РСФСР арасындағы сауда-экономикалық, өндірістік өзара байланыстар, интеграциялық қарым-қатынастар басқа республикаларға қарағанда жоғары деңгейде еді. Өздеріңізге белгілі, КСРО кезінде өнеркәсіптің бөлшек түріндегі бұйымдар шығаратын кәсіпорындары одақтас республикалар аумағында орналастырылып, ал оларды жинап, құрастыратын бас зауыт-фабрикалар Мәскеуде және Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ірі қалаларға шоғырланған болатын. Кеңес Одағының тарап, орталықтандырылған экономиканың күйреуіне байланысты одақтас республикалардағы зауыттардың өнімі Ресей тарапынан сұраныс таппай, тоқырап қалып жатты. Бөлшектерді шикізат пен жабдықтау бұйымдарын Ресейдің өзі шығара бастады, сөйтіп, басқа республикалардан келетін өнімдер легі тоқталды. Тек Қазақстан ғана емес, өзге республикалар да осындай тығырыққа тірелді. Шығарған та­уарын өткізетін бұрынғыдай одақтық, орталықтандырылған сауда желісі мен жүйесінің кесілуінің салдарынан өндірілген өнім қоймаларда жатып тозды, ешнәрсеге жарамай қалды.
Тікелей және көлбеу өндірістік байланыстардың үзілуімен қатар, Ресейдің Е.Гайдар басқарған үкіметі нарық жолына түсуді желеу етіп, 1991 жылдың соңында бағаны ырқымен қоя берді. Сөйтіп, бұрынғы одақтас елдердің экономикасы, рубль кеңістігінде бұрын-соңды болмаған гиперинфляцияға ұшырап, оны еңсере аларлық жеке алтын валюта қорлары болмағындықтан, үлкен дағдарысқа ұшырап жатты.
Осының салдарынан бар-жоғы бірер жылдың төңірегінде кәсіпорындардың қаржылай табысы азайып, мемлекеттік бюджеттің кірісі күрт төмендеп, ақша құнсызданды, жұмысшыларға жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы, студенттерге шәкіртақы мен басқа әлеуметтік жәрдемпұл түрлерін уақтылы төлеу ісі тұйыққа тірелді. Міне, осындай қиын кезеңде тыңнан жол табуымыз керек болды. Сол кезде мен Ұлттық мемлекеттік банк басқармасының төрағасы қызметіне тағайындалдым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаражат және банк салаларында кешенді жаңа реформалар бастау, әсіресе, Қазақстан Республикасының өз ақшасын, егеменді еліміздің дербес төлем құралын дайындап, айналымға енгізу жөнінде тапсырма берді.
Бұл тапсырма құпия түрде берілді. Өйткені, оның әртүрлі себебі бар еді. Біріншіден, ол кезде біз әлі рубль кеңістігінде едік. Сондықтан, өз валютамызды енгізу жайын жария етуге мүмкіншілігіміз болмады. Ол рубль аймағындағы елдер КСРО-ның ортақ қазынасынан әлі өз үлестерін алмаған, мемлекетаралық банкаралық есепшоттар ашылмаған кезең еді. Сонымен қатар, қазақ халқының саны республика тұрғындарының 39,7 пайызын ғана құрайтын, қалғандары – өзге ұлттың диаспораларының өкілі, оның ішінде ең көбі – орыс диаспорасы болды. Осы жағдайларды ескеріп, үкіметіміз рубль кеңістігінде қалай да ұзағырақ қалу саясатын ұстанды. Міне, осындай жағдайда барлық жұмысты жасырын түрде жүргізуімізге тура келді.
Екінші мәселе – саяси мәселе. Біз әуелден, жетпіс жыл бойы орталыққа қарай икемделе жұмыс істетуге қалыптасып қалдық. Осы қадет біздің үкіметтегі кейбір шенеуніктердің сүйегіне де, тыныс-тірлігіне де әбден сіңіп алған, Мәскеуге тәуелділіктен шыққысы келмеді. Сол кезде «рубль кеңістігі», «ерекше рубль кеңістігі» деген қисынсыз ұсыныстар көтеріліп жатты. Содан үміт еткен шенеуніктер жаңа мақсаттарға күш біріктірудің орнына, көңілге қонымсыз шаруалардың шалғайынан айырылмаудың бар амалын жасап бақты.
Ресей тарапы Қазақстанды өзінің жаңа рубль аймағында алып қалуға ұмтылған жоқ. Себебі, Ресейдің банкирлері мен экономистерінің бір мәселеге көзі анық жетті. Сол кезде біздің экономикамыз да, Ресейдің экономикасы да құлап жатты. Егер Ресей Қазақстанды сол кезде рубль аймағында қалдыратын болса, өзге елдің проблемасын өзі арқалап алатын еді. Қара басымен қайғы болып, қайда барып тоқтарын білмей жатқан кезде басқа елдің батпанын арқалап жүру оңай шаруа емес. Тіпті, Қазақстан қалай болғанда да Тәжікстан сияқты кішкентай ел емес. Сондықтан, мұндай жүкті олар көтере алмайтын еді. Олар бұл мәселеден өздері басын алып қашты.
Сөйтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы келешегі бұлыңғыр көптеген келісімшарттарға қол қойылып жатты. Біз осы тараптағы үкіметаралық келісімдер келешегінің баянсыздығын ескеріп, Президенттен алған тапсырма бойынша ұлттық валюта шығаруға байланысты жұмысты тоқтатпай жүргізіп жаттық. Қалай болғанда да, жүктелген міндет үдесінен шығуды көкседік. Мәселен, Ұлыбританияның «Харрисон және оның ұлдары» деген банкнот фабрикасымен келісімшартқа отырып, қазан айында Лондонда теңгені әзірлеу жұмысын бастап кеттік. Содан соң ғана біз ұлттық валютаны дайындау жұмысы жүріп жатқаны туралы Қазақстан үкіметінің басшыларын хабардар еттік.
Ол кезде бізде валюта және металл ақша шығаратын өндіріс орталығы жоқ еді. Банкнот фабрикасы Пермь, Мәскеу қалаларында, Монета сарайы Ленинградта болатын. Орта Азия республикалары ақшаны Пермьдегі банкнот фабрикасынан алатын. Бірақ, Пермь фабрикасы 1992 жылдың басынан бұрынғы одақтастарына рубль банкнотын беруді толығымен тоқтатып, Ресейдің алдағы перспективасын қамдап, бірыңғай өз елінің ғана валютасын шығаруға көшті. Сондықтан, бізге енді өз тірлігімізді қамдауымыз керек болды.
1993 жылдың шілде айында Ресейдің өзі КСРО-ның ортақ валютасынан бас тартып, дербес төлем құралы ретінде ұлттық валюта-рубльді айналымға қосты. Сонымен, бұрынғы Кеңес одағы аумағында Армения мен Қазақстан ғана өзінің дербес валютасы жоқ ел болып шықты.
Бірақ, Қазақстан сол кезде төл валютасын дайындауды аяқтап, Ұлыбританияның банкнот фабрикасында 1993 жылдың наурыз айында теңгенің алғашқы легін бастырып үлгерген еді. Ол 1 мамырда елге жеткізілді. Бірақ, Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кейбір қоғамдық-саяси, ақшалай-қаржылық мәселелердің уақтылы әрі толықтай шешілмей, созылып кетуі салдарынан дайын тұрған банкнотты 15 қарашаға дейін айналымға қоса алмадық. Осы уақытта елдегі жағдай тіпті шиеленісіп кетті. Себебі, Ресей өз валютасын кіргізгеннен кейін одақтық валюта еш жерде шығарылмағандықтан, қаржы тапшылығына тап келдік. Одақтық ортақ валюта еш жерде шығарылмайтын болған соң, оны алатын жер болмай мәселе ушыға түсті. Сонымен қатар, Ресейдің Орталық банкі 1993 жылдың 1 қыркүйек айынан бастап бұрынғы КСРО валютасының төлем құралы ретінде заңдылық күші жойылатынын жариялады. Содан біз ешқандай заңды валютасыз қалдық.
Қыркүйек айының басында Президенттің қабылдауына кіріп, теңгені айналымға енгізбесек, қоғамдық-әлеуметтік ахуалдың ушығып кетуі мүмкін екендігін жеткіздім. Елбасы қыркүйектің екінші жартысында мемлекеттік комиссия құрып, ұлттық валютаны енгізу шаралары басталып кетті. Комиссия төрағасы – сол кездегі премьер-министр С.Терещенко, мүшелері вице-президент Е.Асанбаев, Жоғарғы Кеңестің Қаржы және бюджет комитетінің басшысы С.Тәкежанов, бірінші вице-премьер Д.Сембаев, Экономика және жоспарлау министрі Б.Ізтілеуов, тұңғыш қаржы министрі Е.Дербісов және Қазақстан Ұлттық банк төрағасы ретінде мына мен осы комиссияның құрамына кірдік. Комиссия екі аптаның ішінде ұлттық валютаны енгізу үшін қажетті құжаттарды дайындап шықты.
Сонымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев тікелей эфирден Қазақстан Республикасының тұңғыш төл валютасы – теңгенің жарыққа шығатынын, айналымға енгізіліп, еліміздің төлем құралына айналатынын жария етті. Жаңа валютаны енгізу тәртібін халыққа жеткізу үшін Президенттен кейін мен тікелей эфирге шықтым. Бұл қарашаның он екісі, жұма болатын. Сенбі, жексенбі күндері дайындық жүргізіліп, дүйсенбі күні, 15 қарашада теңге айналымға шығарылды. Үш күн бойы рубль теңгемен қатар жүрді. 19 қарашадан бастап теңге төл ақшамыз болып толық күшіне енді.
Теңге – Қазақстан экономикасын басқарудың негізі құралы. Теңгені айналымға енгізілгенге дейін біз банк саласының дербестігін қамтамасыз ету үшін аз ғана уақыт ағымында бұрын-соңды елімізде болмаған бейтанық шараларды ұйымдастырып, іске асыруға тура келді. Бұрын еліміздегі банк саласы Мәскеудегі КСРО Орталық банкісінің филиалы дәрежесінде ғана жұмыс істеп келді. Оған дейін біздің ешбір шетел банктерімен байланысымыз да, халықаралық ақша нарығынан несие, инвестиция тартатын арнаулы қарым-қатынасымыз да, сыртқы сауда бойынша есеп айырысатын мемлекетаралық есепшоттарымыз да болған жоқ. Біздің алдымызда егемен еліміздің дербес жаңа банк жүйесін қалыптастырып, оған керекті барлық инфраструктуралық қаражат кешендерін құру мақсаты тұрды. Оның қатарына ұлттық дербес төлем жүйесін жасақтап, электронды валюталық биржаны құру, алтын-валюта қорын жинақтап, банкнот фабрикасын, монета сарайын, мемлекеттік қазына қоймасын салу, халықаралық банк және қаражат-несие жүйесімен қарым-қатынас орнатып, бағалы металл, алтын, валюта пиасасына шығу сияқты күрделі жобаларды іске асыру міндеті тұрды. Соған байланысты жаңадан заң негіздерін жасауға тура келді. Сонымен, Қазақстан Республикасының жаңаша қаржы-валюта нарығын қалыптастыруға кірістік. 1992 жылы Швейцарияның Цюрих қаласына барып, сол елдің екі іргелі банкімен келісімшарт жасастық. Содан кейін Ұлыбританияның, Францияның, АҚШ-тың, Жапонияның және Бельгияның, Австрияның, Түркияның, Иранның орталық банктерімен байланыс орнаттық. Осы іргелі елдердің орталық банктерінің басшылары бізге үлкен көмек көрсетті, біздің мамандарымызды тегін даярлық курстарынан өткізіп, нарық жағдайындағы орталық банктердің іс-тәжірибелерін үйретті. Сонымен, дербес, жаңаша қаржы-банк жүйесін жасақтауға талпынған реформаны Ұлттық банктің өзін қайта құрудан бастадық. Біз бұл істі жеделдете жүргіздік. 1992 жылы Ұлттық банк басқармасының басшылығына келгенімде 240 адам болатын. 1993 жылы Ұлттық банктің орталық аппаратында 800-ден аса адам жұмыс істеді. Жалпы, банк саласында саны 12 мыңдай адам жұмыс істеді, еліміздегі ең алғашқы департаменттік құрылымды басқару жүйесіне енгізіп, екінші деңгейдегі банк жүйесіне бақылау жүргізетін буын ретінде құрдық.
Сөйтіп, қысқа шалым уақыт ішінде Өскеменде Монета сарайын құрып, Алматыда банкнот шығару фабрикасы іргетасын қаладық.
1992 жылдың екінші жартысынан бастап біздің электронды валюталық биржамыз жұмыс істей бастады. Бұл – Қазақстандағы ең алғашқы нарықтық-электрондық биржа саналады. 1993 жылдың бірінші жартысында Монета сарайы мен Банкнот фабрикасын салып, іске қостық. Бұл нысандар, қазіргі тілмен айтқанда, заманауи инновациялық технологиялары бар, экспортқа өнім шығарып отырған үлкен өндіріс ошағы болып табылады.
Кезінде басқаны былай қойғанда, мектеп оқушыларының күнделіктері мен жоғары оқу орындарының дипломдары, банк бланкілері мен чектері, банк-қаражат саласына қатысты қағаз атаулының бәрі Мәскеуде басылғаны өздеріңізге мәлім. Бізде ондай өндіріс орны мүлде болған жоқ. Міне, осы мәселелерді енді өзіміздің шешуімізге тура келді. 1992 жылдан бастап осы қағаздарды Мәскеуден өте қымбат бағамен сатып алуға тура келді. Экономикамыз құлдырап, тұрмысымыз тұралап жатқанда оған мүмкіндік қалмады. Осыған орай, Президент аталған мәселелерді ұсынықты шешу жөнінде Ұлттық банкке тапсырма берді. Олардың бәрін Ұлттық банктің қаражаты есебінен шешуге тура келді. 1991 жылы Ұлттық банктің тауып жатқан пайдасы өте аз еді, алайда, барлық күш-жігерімізді сала отырып, біз оны табысты мекемеге айналдыра білдік. Соның арқасында қолымызға аз болса да, қаражат түсті. Бағалы қағаздарды өзіміз шығаруға мүмкіндік алдық.
Теңге 1993 жылдан бастап енгізілген сәтте, өздеріңіз білесіздер, бізде монета қағаз түрінде шығарыла бастады. Себебі, біздің үкімет басшылары қазанның аяғына дейін «рубль аймағында қаламыз» деген үмітпен жұмыс істеді. Егер біз темір монета шығара бастасақ, онда келісімшартты бұзған болып саналамыз. Сондықтан, Монета сарайының жұмысы аяқталып, дайын тұрғанымен, тапсырыс бере алмадық. Оған қатысты саяси шешім қабылдануы керек болды.
Елбасы бізге осы мәселені қыркүйектің екінші жартысында шешіп берді. Ал, теңге монетасыз айналымға түсе алмайды ғой. Сондықтан, тиынды шығару керек болды. Сондықтан, бағалы қағаздар шығаратын цехымыз үш ауысыммен жұмыс істеп, бізге қажетті қағаз тиынды бір ай көлемінде шығарып берді. Содан кейін 1996 жылдан бастап, негізгі өндіріс желісі іске қосылып, жаңа технология енгізіліп, біздің банкнот шығаратын фабрикамыз тек Қазақстанға ғана емес, басқа мемлекеттерге арнап өнім шығара алатын дәрежеге жетті. Оның бір мысалы 2010-2011 жылы біздің 5 мың және 10 мыңдық банкноттарымыз сапа жағынан дүние жүзі бойынша ең үздік деген бағаға ие болды.
Міне, сонымен, 1992-1993 жылдар төккен теріміз далаға кеткен жоқ, осындай үлкен жақсылықтарға жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =