Ғалияш ӘМРИНА,Астана қаласы №54 мектеп-лицейдің директоры:ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТІП КЕЛЕМІЗ

0 201

Сәлеметсіздер ме?! Менің балам қаламыздағы №54 мектеплицейдің 3 «м» сыныбында оқиды. Сы­нып жетекшісі тым жас. Оны тәжірибесі мол басқа мұғаліммен ауыстыруға болмай ма?

– Иә, дұрыс айтасыз. 3 «м» сыныбының жетекшісі жас маман. Дегенмен, ол өз ісін білетін, жүктелген жауапкершілікті сезінетін, жұмысына тиянақты, білімді де қабілетті мұғалім. Сондықтан біз сіздің өтінішіңізді орындай алмаймыз. Қазір бұл мүмкін емес.

Өзіңіз ойлаңызшы, ба­лалармен жұмыс істеп, оларға сабақ бермесе, жас маман тәжірибені қайдан жинақтайды? Жалпы, бізде жас маманның тәлімгері бар. Ол әр сабағына сол тәлімгерімен ақылдаса оты­рып, дайындалады. Сонымен бірге мектеп әкімшілігі әр мұғалімнің сабағына қатысып тұрады. Алдағы уақытта бұл сынып бақылауда болады.

Атыжөнім Сағира Қанатбекова. Бүгінде бала оқытудың технологиясы өте көп. Соның ішінде сіз жетекшілік ететін мектеп мұғалімдері қай бағытта жұмыс істеп жүр?

– Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген сөзі әр мұғалімнің жүрегінде тұру керек сияқты. Мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіріп, өз жеке басының интеллектісін, теориялық-әдістемелік білімін үнемі толықтырып, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге күшін, білімін аямаса, кез келген жұмысы нәтижелі аяқталатыны сөзсіз. Осының бәрі педагогикалық технологияға келіп тіреледі.

Педагогикалық техноло­гиялар – оқытудың барлық деңгейінде бар пәндерге қолдануға болатын әмбебап құрал. Қазіргі кезде 200-ден астам оқыту технологияла­ры қолданылып жүр. Біздің мектеп-лицей мұғалімдері Ж.Қараевтың «Үш өлшемді оқыту технология­сы», М.Жанпейісованың «Модульдік технология­сы», Н.Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы», «Сын тұрғысынан ойлау техноло­гиясы» жобасымен жұмыс істеуде. Сондай-ақ, бала денсаулығы – қоғам үшін де, ата-ана үшін де, мектеп үшін де күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан «Денсаулық сақтау технологиясын» білім беру үрдісіне енгізу аса қажет болып отыр. Біз осыны басты нысанаға ала отырып, қала мектептерінің арасында алғашқылардың бірі болып, осы «денсаулық сақтау технологияларын» енгізуді қолға алдық. Мұны қарапайым таңертеңгілік жаттығулардан бастай­мыз. Сабақ беру үстінде де мұғалімдер оқушыларды уақытымен демалдырып, денсаулық тақырыбында әңгіме айтып береді. Әр сыныптың бұрышында ар­найы көрмелер қойылып, бастауыш сыныптарында көңіл-күй тақталары орнатылған. Тіпті соғылатын қоңыраудың өзі бала санасына кері әсерін тигізбеуі керек.

Оқушыларды тамақтандыру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Мектеп бой­ынша 90 пайыз тамақтанатын оқушылардың 85 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жолда тағамтану институтымен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Олар тамақтың бала ағзасына қажетті дәрумендермен қамтамасыз етілуін қадағалап отырады. Осындай саты­лар арқылы біртіндеп «денсаулық сақтау техноло­гияларын» дамытып келеміз.

Біз «Молодеж­ный» шағын ауда­нында тұрамыз. Ба­лам осы ауданға қарасты №27 мектептің 9-сыны­бында оқиды. Сіздің мек­тепке ауыссақ па деп едік. Бұл мүмкін бе?

– Не себепті біздің мек­тепке ауысқыларыңыз келеді?

Баламның бұл мектеп­те оқығысы келмейді.

– Ондай болса тамыз ай­ында, демалыс кезінде неге ауыспадыңыздар?

– Осы мәселе жөнінде сізбен жеке сөйлесейін деп едім, қашан қабылдай ала­сыз?

– Келіңіз. Жеке мәселелер бойынша мен аптаның әр дүйсенбі күндері сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін қабылдаймын.

– Қайырлы күн, мен – Майра Қайроллақызымын. Біздің елде он екі жылдық білім беру жүйесі жөнінде жиі айтылып жүр ғой. Оған қашан көшеміз?

– 12 жылдық оқытуға көшу 2015-2016 оқу жылына жоспарланып отырғаны бәрімізге мәлім. Биылғы жылдың өзінде еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық семинар­лар мен оқыту курстары өткізілуде. Мұғалімдерді қайта даярлап, біліктілігін көтеру жолындағы жұмыстар да жүйелі жалғасын табуда. Жалпы, Білім басқармасының тарапынан осыдан бірнеше жыл бұрын он екі жылдық білім беру жүйесін қолдау орталығы ашылған бола­тын. Республика бойынша 104 мектепте эксперимент, яғни сынақ ретінде оңтайлы жұмыстар атқарылып жатыр.

– Өзім көп жыл ұстаздық еткем, ұрпақ тәрбиелеу ісіне еңбегі сіңген азаматтардың бірімін. Бүгінде құрметті дема­лыстамын. Естуімше, қаламызда алпыстан астам мектеп бар екен. Соның ішінде көпшілік осы №54 мектепті мақтап жатады. Айтыңызшы, мектептеріңіздің басқа білім ошақтарынан басты ерекшеліктері қандай?

– №54 мектеп-лицейі жаңа технология түрлерін оқу-тәрбие үрдісінде қолданып және оның тиімділігін тәрбие жүзінде дәлелдей отырып, денсаулық сақтау технологиясын ендіру негізінде ұлттық сана­сы қалыптасқан, жалпы адамзаттық құндылықтармен қаруланған,өзін-өзі дамы­та алатын, ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған, сәйкес оқушы, түлек және мұғалім моделін құрудың тиімді жолдарын іздестіріп, сапа деңгейін көтеру проблема­сын нәтижелі шешу жолында жүйелі жұмыс жасауда.

Мектеп-лицей ұжымы бейіндік оқу үрдісінде бәсекеге қабілетті, шығармашылық белсенділігі жоғары, дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуге баса назар ауда­руда. «Болашақтың мектебі – бүгін» жобасы аясында мектебімізде 3 қаңтардан ба­стап оқушының жеке құжаты арқылы, яғни бақылау түрінде мектепке кіріп-шығуға ыңғайлы турникет қойылды.

Қазіргі қоғам талабының басты бағыты білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық техноло­гияны енгізу және сәйкесінше қажетті техникалы кұралмен жабдықтау болса, №54 мектеп-лицейі инновациялық технологияны қолданудың үлгісін көрсететін мектеп бо­лып есептеледі. Техникалық кұралдың соңғы үлгісі – интерактивті тақтаны қолдану, жаңа білім мазмұнын құру мүмкіндігін кеңінен пай­далану пән мұғалімдерінің тікелей құзырында. Бізде жаңа технологияның талап­тарына сай жабдықталған арнайы кабинеттер жетерлік.

– Қайырлы күн, Ғалияш Қуанышбекқызы! Қазақ мектептерінде оқитын балалардың өздері көбіне қоғамдық орындарда болсын, тіпті мектептен шыға бере өзара орысша сөйлесіп жатады. Неге бұлай?

– Расында да, ата-аналардың барлығы бүгінде балаларын қазақ мектептеріне беріп жатыр. Бірақ, олардың көпшілігі үйлерінде орыс­ша сөйлеседі. Сондықтан, балалар мектептен шыға бере ескі әдеттеріне баса­ды. Сол үшін сіздер үйде де, көшеде де балаларыңызбен қазақша сөйлесуге тырысып, бізге көмектесулеріңіз ке­рек. Әйтпесе, тек біздің ғана үйреткеніміз, айтқанымыз аздық етеді.

– Бүгінде заман талабына сай барлық салада адам танымастай өзгерістер болып жатыр. Жасыра­тыны жоқ, бұл біздің білім саласына да қатысты. Әрине, жақсылыққа жаны­мыз құштар, құптаймыз. Дегенмен, білейін дегенім: бүгінгі мұғалім – ол қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Бүгінгі мұғалім – үнемі ізденіс үстіндегі өзін-өзі дамытып отыратын тұлға. Мұғалімнің кәсіби дайындығы, білім мен біліктері, оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүруі тек шығармашылық қызмет арқылы жүзеге асады.

ХХІ ғасыр компьютерлік ақпараттар заманы. Жер бетінде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер туралы спутник арқылы, ин­тернет арқылы күн сайын, сағат сайын, мағлұмат алып отырған жас жеткіншектерді басқа нәрсемен таңдаңдыру, жаңа сабақты айтып, тыңдата білу мұғалімге оңай емес. Әрбір пайда болған өзгеріс пен жаңалық бұдан бұрын да қолданылып жүрген жаңалықтардан басталады, баланы қызықтыра оңай жолды іздестіру көбінесе ұстаздардың біліктілігіне байланысты болады. Осыған орай, қазіргі кезде облыстық институтта жеке тұлғаны қалыптастыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізілуде. Бейінді оқытуда бағдар таңдау, іріктеу – оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқарудың бір буыны десек, оны жүзеге асыратын бүгінгі мектеп мұғалімі.

Ел болашағы білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған азаматтардың қолында екені белгілі. Ал білімді болу үшін оқулықтағы дайын дүниелер аздық етеді. Сондықтан қазіргі заман талабы әлемдік деңгейдегі білім беру әдістеріне көшуді талап етіп отыр. Біз ақпараттық қоғамда өмір сүрудеміз. Білім беру саласында интернеттік техно­логияны жетік меңгерудеміз. Яғни Астана қаласының оқушылары интернеттен ақпарат алу және оқумен шектеліп қалмай, онлайн режимінде жұмыс істеп те жатыр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − five =