Ғаламат ойынның қазақстандық ғасыры

0 167

Атам қазақта «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген қанатты сөз бар. Елу жылда елдің елеулі өзгеріске ұшырайтынына көз жетті. Ал жүз жылда қандай қазан болатынын білмейміз. Бұл жердегі ұғымда «қазан» сөзі «орны тып-типыл болады, түгел өзгереді» дегенге телініп тұр. Осы тұрғыдан тағы бір қарасақ, содан бергі ғасырмен тұстасып отырған уақыттың бедерінде қазақ футболының шынында «қазан» деңгейіне дейін жеткенін байқаймыз. Бірақ бұл реттегі қазанның қисыны мүлдем бөлек. Ендігі өлшемге алынатын қазан бұрын бүлкілдеп қана тамыры соғыла бастаған ойынның бүгінде күллі әлемде бұрқылдап қайнап жатқанын білдіреді. Бұл бұрқылдаған қазан сонымен бірге, қазақтың «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп басталатын мақалы мәнінің де келмеске кеткенін анық аңғартады. Бүгінде доп ойнағандардан мойны озық тұрған оғландардың қарасы шамалы. 

1913 жылы Семейде тұңғыш құрылған «Ярыш» («Жарыс») футбол командасы. Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов (үшінші қатарда оңнан санағанда – екінші) жас кезінде коман­даның жартылай қорғаушысы болып ойнаған.

Жер шарында бүгінде теңдесі жоқ саналатын осынау ғаламат ойынның Қазақстан топырағындағы ғасырлық ғұмырында да еске алып, жадымызды жаңғыртар жайлары аз емес. Мен өз басым футбол деген сиқырлы ойынның Қазақ даласына өткен жүзжылдықтың алғашқы ондығы шамасында келгенін бірінші рет 1967 жылы білдім. Сол жылдың көктемінде футболдың үлкен білгірі Шора Сарыбаев ағамыздың құрастыруымен қазақ тіліндегі тұңғыш әрі әлі күнге дейінгі дара сөздік – «Футбол календары» жинағы жарыққа шықты. Міне, осы кітапшада 1913 жылы Семей жерінде «Жарыс» («Ярыш») атты ең алғашқы футбол командасының құрылғаны, сол ұжымның құрамында кейін қазақ халқының даңқын дүние жүзіне танытатын аса көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің ойнағаны біршама суреттеліп жазылған екен. Алғашқы команданың құрамында даңқты Мұхаңнан бөлек Ахметсәлім Кәрімов, Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисамутдинов, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Ғұсман Ямбушев, Сабыржан Ахметшин секілді оғландар ойнапты. Бәрінің жасы сол кезде тура 16-да екен. Жасыратыны жоқ, бұлардың төртеуі ғана қазақ баласы болыпты да, қалғандарын татар малайлары құрапты.

Бір жақсысы, бұл кезде «Ярыш» Семейдегі жалғыз футбол командасы болмаған. Қалада одан басқа «Олимп», «Ласточка» және «Орлята» деп аталған ұжымдар да тіршілік етіпті. Бұлардың барлығының сапында орыс-казак ұландары ойнаған. Осы төрттіктің өзара бәсекелерінде көбіне-көп «Ярыштың» мерейі үстем шығып жүрген. Команда жаттықтырушысы әрі капитаны Юнус Нигматуллин ойыншыларды доп меңгеру шеберлігіне баулумен бірге, әрдайым мазмұнды ойын өрнегін көрсетулерін талап етіп отырған. Бізге дейін толық мәліметі жетпегені болмаса, жасақ сапы жоғарыда келтірілген ойыншылардан да көп болған сияқты. Сондықтан да бапкер жаттығу кезінде команданы үнемі екіге бөліп, бір-біріне қарама-қарсы ойнатып тұрған. Ал ойыншылардың бірөңкей спорттық киімдерін Гафа Баязитова деген тігінші әйел тігіп берген. Осының өзі команда ойынына айрықша мән берілгенін байқатады.

Семейлік кәнігі футбол тарихын зерттеуші Евгений Юдиннің ойынша, «Ярыш» Қазақстан командалары арасынан халықаралық кездесуді де бірінші өткізген жасақ болғанға ұқсайды. Қазақ-татар жастарынан жасақталған ұжым сол жылдары Семейде тұрған бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан құралған командамен бірнеше рет жолдастық кездесу өткізген көрінеді. Футбол зерттеушісінің жазуынша, соғыс тұтқындары арасында 1912 жылғы Олимпиялық ойындарға қатысқан екі ойыншы да болыпты! «Ярыш» осы сияқты барлық матчтарын революцияға дейін әрбір күз сайын атақты Семей жәрмеңкесі өтіп тұрған орталық алаңда өткізген. Ярыштық қырандар мұнымен де шектелмеген. Ертіс жағасындағы қалада қарсылас шақ келтірмеген олар ара-тұра орыстың Барнаул, Томск, Омбы, Новосібір шаһарларына сапар шегіп, жергілікті командалармен жолдастық өткізіп қайтуды дәстүрге айналдырған.

1954 жылы құрылған Алматының «Қайрат» командасы 1954-1991 жылдары СССР чемпионатына қатысты. Ең биік көрсеткіші – жетінші орын (1986 жыл).

Биыл ғасырлық мерзімге иек артып отырған Қазақстан футболының бастау алар тұсы сол замандарда-ақ одан ары тарамдалып, сан соқпаққа сүрлеу салып ала жөнеледі. Арада тағы екі жыл өткенде, 1915 жылы оның келесі өркені Ертістің жағасындағы тағы бір қала – Павлодарда көгеріп шықты. Мұнда құрылған «Ястреб» және «Звездочка» деп аталған ұжымдар ертелі-кеш өзді-өзі қырқысқанды қойып, сосын оқта-текте Семейге қарай шолғын жасап тұруды дағдыға айналдыра бастады. Бұдан қалды, әлсін-әлі Ресей губернияларының қатар қоныс тепкен қоңсы дуандарына дүркіретіп барып, ойнап қайтып жүрді. Осылайша футбол ойыны жылдан-жылға республикамыздың түкпір-түкпіріне кеңінен тарай берді. Сол дүмпудің дүрмегінде 1921 жылы Әулие-Ата кентінде еліміздегі футбол ойнауға лайықтанып жасалған ең алғашқы стадион қатарға қосылды. Ал Қазақстан командаларының қатысуымен өткен бірінші ресми жарыс 1928 жылы Петропавлда жалау көтерді. Осы турнирдің қорытындысы бойынша республиканың бірінші құрамасы жасақталып, ол сол жылы Мәскеуде өткізілген РСФСР автономиялары мен облыстары халықтарының I Бүкілодақтық жұмысшылар спартакиадасына қатысты. Кейін «КСРО халықтарының Спартакиадасы» атанатын атақты аламан алғашында осылай аталған еді. Міне, Татарстанның орталығы – Қазан қаласында керуен керген сол додада Қазақстан футбол құрамасы 5 кездесу өткізіп, қорытындыда жүлделі екінші орынға табан тіреді.

Республика футболының бұдан кейін клубтық деңгейде Одақ аренасында көрінуі 1936 жылмен тұспа-тұс келеді. Ол Ақтөбенің «Динамо» командасының КСРО Кубогы үшін ойнауы сипатында көрінді. Ақтөбеліктер 1/32 финалда Мәскеудің ЦДКА ұжымымен ойнаудан бас тартқан куйбышевтік әріптестерін алмастырды. Кремльді қалада өткен бұл кездесу армияшылардың 4:0 етіп жеңуімен аяқталды. Осы жылы футболдан Кеңес Одағының бірінші чемпионаты да сөре алғаны да белгілі. Бірақ оның ойындарына қатысқан қазақстандық команда болған жоқ. Біздің кезегіміз келесі, 1937 жылғы біріншілікте жетті. Оның алғашқы желегін Алматының «Динамо» командасы көтерді. Ол КСРО шеберлер командасы чемпионаты «Шығыс қалалары» деп аталатын лигасының III тобында өнер көрсетіп, 7 бәсекелестің арасынан үшінші орынға табан тіреді. Ал қазақ футболының Одақ ауқымында бірінші рет жұлдызы жанып, айы аспанға шыққан күні 1940 жылы орын алды. Сол жылы 2 150 жасақтың қатысуымен өткен КСРО физкультура ұжымдарының Кубогы үшін жарысқа қосылған Алматының «Динамосы» Таганрогта ойналған қарымта финалдық матчта жергілікті «Торпедоны» 3:1 есебімен ұтып, бас бәйгеге қол жеткізді.

Осының бәрі тұңғыш деген анықтамаға телінген деректер болатын. Дәл сондай тағы бір тұңғыш оқиға 1946 жылы қайталанды. Бұл жолы Қазақстанның физкультура ұжымдары арасындағы бірінші чемпионаты сөреден шықты. Оның қорытындысында Жамбылдың «Локомотив» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Ал физкультура ұжымдары арасындағы тұңғыш Кубок жарысы 1948 жылы тұсау кесті. Бұл жүлдені ең алғашқы болып Қарағандының «Динамо» командасы иеленді. 1951 жылы Одақ деңгейіндегі тағы бір табысқа қол жетті. Оны Шымкенттің «Металлург» командасы әперді. Осы жылы ВЦСПС-тің Кубогы жолындағы сайысқа атсалысқан шымды қаланың шымыр жігіттері Баку, Одесса және Сталинград қалаларында өткен іріктеу сынақтарының бәрінде жеңіске жетіп, финалда Кемеровоның «Шахтерімен» бетпе-бет келді. Мәскеуде өткен бұл кездесуде жерлестеріміз қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, кәсіподақ командалары арасындағы ең үздігі танылды.

Қазақстан футбол командаларының бұдан кейінгі барша дерлік негізгі табысы Алматының «Қайрат» командасының төңірегінен өрбиді. Бұл команда бұрынғы «Динамоның» базасында 1954 жылы «Локомотив» деген атпен құрылды. Бір жылдан кейін «Урожай» атанған бұл ұжым 1956 жылдан бастап «Қайрат» деген атауға біржола көшті. Осы жасақ 1957 жылы республиканың футбол жылнамасындағы бірінші рет ресми тіркелген халықаралық кездесуді өткізді. Қайраттықтар қазанның 20-сы күні Алматыда Финляндияның «Вааса» командасын қабылдады. Еуропалық өлшеммен алғанда да, мықты жасақ болып саналатын финдер ұжымымен ойында бастан-аяқ басымдық танытқан Петр Зенкиннің шәкірттері қарсыластар қақпасына жауапсыз 4 доп соқты. Есепті «Қайраттың» мәскеулік жартылай қорғаушысы Виктор Гасилин ашты. Бұдан кейін команда капитаны шабуылшы Владимир Болотов дубль жасады. Ал матчтың соңғы нүктесін кейін команданың бас жаттықтырушысы деңгейіне жететін Леонид Остроушко қойды. Арада үш жыл өткеннен кейін «Қайрат» КСРО чемпионатының сол кездегі ең жоғары эшелоны – «А» класында өнер көрсетуге көшті. Бұл КСРО Спорт комитетінің 1959 жылдың соңында КСРО чемпионатындағы бәсекелестікті күшейте түсу мақсатында «А» класында ойнаушы командалар қатарын одақтас республикалар астаналары ұжымдарымен толықтыру турасындағы арнайы қаулысына сәйкес мүмкін болды. Алматылықтар чемпионатты 1960 жылғы 10 сәуірде өз алаңында Ленинградтың «Адмиралтеецін» қабылдаудан бастады. Матч 0:0 есебімен тең аяқталды. Ал алғашқы голдарын қайраттықтар 9 мамыр күні Мәскеуде «Локомотивке» қарсы ойында салды. Ол шабуылшы Сергей Квочкиннің есебіне жазылды. Осының соңын ала қақпашы Владимир Лисицын мен шабуылшы Квочкин еліміздің екінші құрамасы қатарында бірнеше ойын өткізді. Солардың бірінде – Бразилиядағы атақты «Маракана» стадионында алаң иелерін 2:1 етіп жеңген кеңестік екінші құрама сапында ойнаған Квочкин осы екі голдың соңғысын салып, таразы басының өздеріне аууына үлкен үлес қосты.

Жалпы, Алматының «Қайрат» командасы 1960-1988 жылдар аралығында КСРО чемпионатының жоғары лигасында 24 маусым өнер көрсетті. Осы кезеңде ол 780 ойын өткізіп, оның 226-сында жеңіске жетсе, 320 кездесуде ұтылып қалды. Сол сияқты 234 ойынды тең аяқтады. Чемпионаттар барысындағы ең жоғарғы көрсеткіші 7 орын болды. Оған 1986 жылы қол жеткізді. Команданың осы жылдарда аяқ артқан халықаралық дәрежедегі ең ірі табысы ретінде оның 1971 жылы Еуропа теміржолшылары кубогын жеңіп алғанын айтқан ләзім. Ұжымға бұдан бөлек, Одақ біріншілігінде бірнеше атаулы жүлделер тапсырылды. Соның ішінде «Жеңіске деген жігері үшін» (1966, 1980) жүлдесін екі рет алды. «Қайрат» сондай-ақ, одақтық «Смена» журналының жоғары лигада бірінші рет өнер көрсетуші жас футболшыларға арналған «Үздік дебютант» жүлдесін де көп алған команда есебінде есте қалды. Оны қайраттықтардан әр жылдары Юрий Мусин (1966), Владимир Асылбаев (1968), Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов (1971) жеңіп алды. Қақпашы Қ.Ордабаев 1973 жылы ойыннан кейінгі пенальти қайтарудан 13 көрсеткішімен алдына жан салмады. Кейін белгілі футболшы және жаттықтырушы атанатын Олег Долматов бірінші рет КСРО ұлттық құрамасы сапынан 1971 жылы «Қайраттың» сапында ойнап жүрген кезінде шақырылды. Сол жылы ол «Үздік 33»-тің құрамына енді. Кейінірек осы саптан қайраттық Сергей Волгин, Ефстафий Пехлеваниди, Евгений Яровенко сынды ойыншыларымыз көрінді. Бұлардың соңғысы КСРО құрамасы сапында 1988 жылы Сеул Олимпиадасында өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Алматылықтардан КСРО ұлттық құрамасы құрамында ойнағандардың қатарында қорғаушы Сейілда Байшақов та болды (1977). Сол сияқты Александр Хапсалис пен Александр Кадейкин 1976 жылы жасөспірімдер арасында Еуропаның чемпионы атанып қайтты. Ал Сергей Стукашов 1979 жылы жасөспірімдер арасында әлемнің күміс жүлдегері болды.

Қазақстан футбол командалары арасындағы екінші жасақ ретінде біз әрдайым Қарағандының «Шахтерін» ауызға аламыз. Расында да республикада екінші болып 1958 жылы құрылған кеншілер ұжымы ұзақ жылдар бойы, кеше Одақ тарағанша дерлік осы мәртебесін берік ұстанып келді. Осы жылдардың бәрінде «А» класы бірінші тобының ең алдыңғы қатарлы командаларының бір саналып келген ол үш рет жоғары лигаға өткелі тұрған жерінде әртүрлі сәтсіздіктер кездесіп, сол мақсатына жете алмай қалды. Қарағандылықтар бірінші рет 1967 жылы КСРО чемпионаты екінші тобы (кейін, 1970 жылдан бастап бірінші лига – «жоғары», ал екінші лига «бірінші» атанады) үшінші аймағында бірінші орын алып, қалған екі топтың үздіктерімен жоғарыға апаратын жалғыз жолдаманы сарапқа салды. Мұнда соңғы екі ойында төрешілерді сатып алғаны анық байқалған Әзербайжанның Кировабад (қазіргі – Гянджа) қаласының «Динамо» командасы оның жолын көрер көзге кесіп кетті. Кеншілер дәл осындай мүмкіндікті тағы екі рет жіберіп алды.

Қазақстан командалары арасынан үшінші команда деген атаққа Шымкенттің қазір тарап кеткен «Металлург» командасы лайықты еді. Ол 1961 жылы КСРО чемпионатының үшінші тобына 1961 жылы «Еңбек» деген атпен қосылды. Бір жылдан соң ол кеншілер намысын қорғай бастады. Ал, 1963 жылы бұлардың қатарын Өскеменнің «Восток» және Жамбылдың «Металлист» ұжымдары толықтырды. Бұдан арғы жылдары олардың қарасын Семейдің «Цементнигі» мен Павлодардың «Ертісі» көбейте түсті. Ал 70-ші жылдарға қарай Қазақстан командалары КСРО біріншілігінің екінші лигасында жеке топ ретінде де өнер көрсететін дәрежеге жетті.

Қазақстан футболының тарихы туралы ойлағанда, біздің жадымызға ең алдымен осы деректердің оралатыны анық. Өйткені, бұларсыз бүгінгі Қазақстан футболының да болуы мүмкін емес.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =