Ғаділет сезім

(Қырық бесінші сөз)

0 105

Абайдың Құдай туралы ұғымы кең. Адам баласы мыңдаған жылдар бойы әртүрлі діндерге сеніп келгенмен, ол бір үлкен Құдай барын білген, соған құлшылық еткен дейді Абай. Әртүрлі діндер – сол үшін үлкен Құдайға ­жетудің жолдары, тәсілдері. Бірақ барлық діндерге ортақ мәселе – Ғаділет пен Махаббат.
Нағыз Құдай жолы – үлкен Құдайды мойындаушылық. Ол үшін тек Жаратқанды мойындап қана қоймай, оған ғашық, ынтық болу, оның хикметін сезіну керек.

Адамды адамнан жоғары қоятын байлық емес, билік емес, Алланың хикметін кімде-кім анығырақ сезінсе, сол биік болмақ. Алла хикметі – ғаділет пен махаббат. Бұл сезімдерсіз өмір жоқ. Бұл сезімдер толығырақ болса, ол – ғалым, ғақыл. Адам жанынан ғылым шығара алмайды дейді Абай. Ол дүние болмысын сезініп, көзбен көріп, ақылмен біліп барып ғылым жасамақ. Мұндай философияны Батыста пантеизм атаған, бірақ Абай пантеизмінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл тұста құдай таным тиянақтығы үшін алынып, оның хикметі адамгершілік қағидасы болып, дүниедегі нақтылы сезінуші, танушы, әрекет етуші адам болып отыр. Былайша айтқанда, мәселе Алла туралы емес, мәселе адам болмысы туралы.
Абай дүниетанымында адамның құдайға құлшылығы емес, Алланың адамға берген хикметі негізге алынған. Адам болса Алла хикметін сезіну керек, бұл оны Құдайға құлшылығынан босатады. Алланың хикметін сезіну – соның жолында болу. Ол үшін адамға қажетті сезімдер – ғаділеттілік пен махаббат. Бұл – гуманизмнің басты қағидалары. Осы ойлары арқылы Абай бір діннің шеңберінен, бір дін дүниетанымынан алыс кетіп адамзаттыққа тән ойлау жүйесіне түскен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деуі – осы айтылған ойлардың деңгейі.

***

Абай мұрасына барлау, ақынның ой тұңғиығына тереңдеу – ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін іс. Абай – адамзаттың ғұмыр бойы игеріп, түйсіне түсетін тұтасқан бір ғажайып әлемі. Қоғам дамуының ғасырлар желісінде «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы тұлғалар хақында өз кезеңіне сай ой өрбитіні анық. Абай бізбен де, келер ұрпақпен де замандас, сондықтан ақынды «жүрегінің түбіне терең бойлап», парасатты ой, зерделі санамен оқып-үйрену – қасиетті парызымыз.
Кеңестік дәуірде Абайдың рухы тар өрісті таптық түсінік тұрғысында зерттеліп, ұлттық рухани мұрамызға бұғау салынды. Абай туралы алғаш жүрекжарды лебізін білдіріп, тиянақты тұжырым айтқан қазақтың асыл арыстары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және ұлы ақынымызды орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған алаштың ардагер азаматы Әлихан Бөкейханов қуғынға ұшырап, қызыл зобалаңның от-жалынына шарпылды. Шәкәрім Құдайбердіұлының айтқан «нақтылы ой» (кеңестік идеология) қоғамы орнаған соң Абай рухы бұрмаланып, ақынның шығармашылық мұрасын ұрпақтар көкірегіне дарытуда жасанды түсініктер орныға бастады.
Тоталитарлық тар өрісті таптық идеология шеңберінде бар саналы ғұмыры мен шығармашылық қызметін өте күрделі де нәзік сырлары мол ұлы Абайдың мұрасын зерттеуге арнаған кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов келер ұрпаққа өз заманының болмысына сай бағалы туындылар қалдырды. Қазақ әдебиетінің классикалық шығармасы «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, абайтану ғылымының негізін қалаған ­М.Әуезов абайтануды белгілі белеске көтере білді.
Кеңестік таптық идеологияға Абайдың қазақы тұрмысты сынап, дүмше молдаларды әжуалаған жері, қазақ қоғамындағы қайшылықтарды мінеген тұстары ұнап, ұлы ақынға «ағартушы» атағы таңылды. Бұл түсінік, әрине, соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен, мыңмен жалғыз алысқан ақынның ойшылдық бітім-тұлғасын толық ашуға дәрменсіз болатын. Ақынды зор толғанысқа түсіріп, дүниетанымдық ізденістерге салған адам, оның табиғаты, құпия сыры мен сипаттары жайлы ой түйіндері ақиқат тұрғысында зерттеуді талап етеді. Абайдың түсіндіруінше, адамды жаратушы – Алла тағала. Адамның адамгершілік қасиеті мен ақыл-парасаты оның Аллаға деген сүйіспеншілік сезімінен байқалады. Алланы мойындап, оның хикметін сезіну адамның өзін-өзі танып-білуінің қайнар көзі болып табылады.
Абай дүниетанымының кеңістігі – адам мен Алла арасы. Нәбилер – (пайғамбарлар) өзгермелі дүние­нің өкілдері, оның үстіне олар да адамдар. Сондықтан нәбилер де ақиқат не деген сұраққа толық жауап бере алмайды. Сұраққа жауапты нақтылы беруші – Алла. Ал адам үшін қажетті ақиқатқа Абай отыз сегізінші сөзінде «ғұмырдың өзі – хақиқат» деген анықтама береді. Асылында, адамның ғұмырынан асқан қандай ақиқат болуы мүмкін: тек ғұмыр болған жерде ғана зерделі сөз, айтылар ой, жазылар кітап болмақ. Адам ғұмырынсыз болмыс мәнсіз. Себебі болмыстың бар-жоғы туралы айтатын жан болмаса, оның растығын кім дәлелдемекші? Осы идеялары үшін біз Абайды хакім дейміз. Хакімдер – болмыс құбылысының мәні мен себебін анықтап, адамзатты түзу жолға салушылар» дейді Абай.

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, абайтанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =