ГЕРМАНИЯДАҒЫ ЖАҢА НАЦИЗМ қаупі

0 135

Өткен жексенбіде Германияда елдің парламенті – бундестаг сайлауы болып өтті. Оның қорытындысы канцлер Ангела Меркельдің төртінші мерзімге қызметінде қалатынын көрсетіп берді. Бірақ неміс елінің баспасөзі іле-шала мұны «арпалысты жеңіс» деп атап үлгерді.

 

Олай болатыны, ел билеушісі басқаратын ХДС-ХСС одағы соңғы жарты ғасырдағы ең төменгі көрсеткішпен, сайлаушылардың бар-жоғы 33 пайыздық дауысымен көштің басына шықты. Оның негізгі қарсыласы – СДПГ партиясының жетекшісі Мартин Шульц 20,5 пайыздық көрсеткішке жетті. Осылайша, аталмыш партияның тарихындағы ең төменгі нәтиже тіркелді.
Бұл да ештеңе емес, ең таңғаларлығы – нацистік сипат пиғылды ұстанатын оңшыл бағыттағы «Германия үшін альтернатива» партиясы сайлауда 12,6 пайыз дауыс алып, бундестагқа үшінші болып еніп ­кетті. Бұрын парламентте орын алу былай тұрсын, тіршілік етуі былай тұрсын, тіпті атын атаудың өзі қылмыс саналып келген елде нацистердің биліктің тармағына тегеу­рінді толқын болып қосылуы ешкім күтпегендей тосын оқиға еді. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірінші рет Германия парламентіне нацистер келгелі тұр. Бұған не әсер етті, оған қалай жол берілді? Сайлау алдында Ангела Меркельмен коалиция құрудан бас тартқан социалистер лидері Мартин Шульцтің пікірінше, әсіре ұлтшылдардың бұлайша бұрқ етіп көтерілулеріне канцлердің соңғы жылдардағы әрекеттері апарып жеткізген.
Елде қазір мұндай көзқарастағы тұлғалар көп. Мәселен, саясаткер Сара Вагенкнехт мұның Германияда орын алып келе жатқан көп жылғы саясаттың нәтижесі екенін айтады. «Жұрт көптен бері тағдырдың тәлкегіне лақтырып тастала салғандай күй кешіп келді, – деді ол. – Мұны үлкен коалицияның екі партиясы жасады. Бүгінгі баламашылардың әкесі мен шешесі де солар. Бұл екеуі өз әрекеттеріне орай тиісті жемістерін де алып отыр». Ал Германия Сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль сайлау алдында көптеген неміс сайлаушыларының астыртын миграция, қауіпсіздік және жұмыссыздық мәселелері оңды шешілмегендіктен, осының жайын бір ретке келтіруге уәде беріп отырған «Германия үшін альтернатива» партиясына дауыс беретінін мәлімдеген. «Егер біз жұртты наразы райдан қайтарып, дер кезінде өзімізге қарай бұра алмасақ, мұның соңы орны толмас сұмдық зардап­қа апарады. 1945 жылдан бері бірінші рет Рейхстаг (бундестаг Рейхстаг ғимаратында) мінберіне нағыз нацистерді шығаратын болады» деген еді ол. Оның сол айтқаны ақыры айдай келді.
Осы екі аралықта Берлин, Кельн, Франкфурт және Мюнхен секілді ірі қалаларды «Германия үшін альтернатива» партиясының жеңісіне қарсылық білдірген көпшіліктің стихиялы шерулері шарлап өтті. Олар көшелер мен саябақтар бойларында ұран салып, айқай көтерумен ғана шектеліп қалған жоқ, кейбір жерлерде партия тең төрағаларының отбасыларына шабуыл жасау оқиғалары орын алды.
Былай қарағанда, аталған партияның пайда болғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Оның құрылтай съезі 2013 жылы ғана өткен. Партия сол жылғы қыркүйекте-ақ бундестаг сайлауына қатысуға мүмкіндік беретін 5 пайыздық кедергі шегінен өте білген. Ал сайлауда 30-дан астам партиямен жарысқа түсіп, алдыңғы саптан табылды. Бұған, шынында да, елдің ішкі және сыртқы саясатында орын алып жүрген жағдайлар бірден-бір себепкерлік етті. Соңғы жылдары негізгі серпін беруші қозғаушы күші Германия болып табылатын Еуропаның интеграция саясаты күллі жұрттың көз алдында қирай бастады. Меркельдің белсенді әрекетінің арқасында кәрі құрлық терең дағдарысты кезеңге тап келді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс­тан келген мигранттар тасқыны Еуроодақ елдерін басып қалып, олардағы ішкі ахуалдың тұрақсыз халге ұшырауына жол ашып берді. Осының салдарынан Еуропадағы дәулеті шалқыған санаулы бақуатты елдің бірі – Ұлыбритания одақты тастап шығуға мәжбүр болды. Бұл жағдай Германияның арқасындағы ауыртпалықты арттыра түсті. Бұған қоса, британиялықтардың жолын қуғысы келетін елдер қатарын қалыпта­с­тырып берді.
Мұның арғы жағында Дональд Трамп бастаған АҚШ әкімшілігінің Германияға деген қысымы кенет күшейіп кетті. Ақ үй басшылығы енді Берлиннен сыртқы қарыз­дарын тез өтеу жөніндегі ультиматумын табанды түрде алға шығарды. Бұл жағдайда қарапайым неміс жұрты Еуроодақтың дағдарысқа ұшырағаны үшін кінәлі адамға оншалықты қатты қолдау көрсете бермеуге ұйғарған сияқты. Әлде олар Меркельден өз айыбын мойындауды күтті ме екен?
2015 жылы Ангела Меркель елдің шебін Африкадан, Сириядан келген мыңдаған босқындарға айқара ашып тастады. Мұндағы оның көздеген мақсаттарының бірі демографиялық өсімі қатты тоқырауға ұшырап отырған елдің ауқымын жанға толтырып, қосымша еңбек ресурстарын тарту, сөйтіп, Еуропа экономикасын жоғары деңгейде ұстап тұру болған секілді. Көші-қон саясатының келесі дәрмені ГФР-ге тек қана жоғары кәсіби мамандарды тұрақтандырып алып қалуға сайды. Бірақ бұл жоспар кейін ішінара ғана орындалды. Әзірге неміс қоғамы босқындарды өздерінде орналастырудан аса көп пайда таба қойған жоқ. Мұның есесіне мигранттар елдеріне рекордтық мөлшердегі орасан зор қаржылар жібере бастағандарымен ғана ерекшеленді.
Қалай болғанда да, осындай наразы көңіл күйдің нәтижесінде Германия саясатының көгіне, сол арқылы күллі әлемнің көкжиегіне «Үшінші рейхті» көксеушілердің жаңа толқындағы ұрпақтары келгелі жатыр. Олардың бұл бағытта, бұл мақсатта қаншалықты табанды да тегеурінді тірліктер жасай алатынын алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ Еуропаның қақ төрінде нацизмнің жаңа қаупі пайда болуы оқиғасының өзі ­дүниенің тыныштығы мен ондағы халықтардың бейбіт өмір сүруі үшін оншалықты орнықты нышан емес.

Серік Пірназар

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =