«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Германиядағы билік дағдарысы

0 244

Еуропа одағындағы ең басты мемлекет – Германия қазір Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңіндегі Адольф Гитлердің кезінен бергі бірінші аса ірі билік дағдарысын бастан кешіп жатыр. Сондықтан қазіргі күндері әлем саяси сарапшыларының көбінің назары осы алман жеріне ауып отыр.

ГФР президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мұның зардапты тамыры биылғы 24 қыркүйекте өткен парламент сайлауының қорытындысында бірде-бір саяси партияның коалиция құруға қауқарсыз болып қалғанында жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін темірдей тіп-тік тәртіпке үйреніп қалған герман жұртшылығы мынадай белгісіздіктің белеңіне түсіп кеткен жағдаятқа алабөтен алаңдай бастады.
Коалиция жасақтауға ХДАС/ХСС, «Еркін демократиялық партия» және «жасылдар» қатысты. Бұл сайлау қорытындысы бойынша алдыңғы қатардан орын алған ұйымдар еді. Тағы бір ірі саяси ұйымның мүшелері – социал-демократтар (СДПГ) Меркельмен бірге жұмыс жасасудан бас тартты. Қорытындыда тараптар түрлі мәселелер бойынша бір-бірлерімен ортақ тіл табыса алмады. Осыған сәйкес, «Еркін демократиялық партия» 20 қараша күні келіссөзді жалғастырудан шығатынын мәлімдеді. Демократтардың бұл шешімі канцлер Ангела Меркельдің жоспарларын толық быт-шыт еткелі тұр. Себебі бұдан кейін парламентте жалпы алғанда 44 пайыздық орындары бар ХДС/ХСС пен «жасылдар» коалиция құру үшін керекті дауыс мөлшерінен айырылып, үкімет жасақтау мүмкіндігін жоғалтады.
Алайда Штайнмайер партиялардың әлі де ымыраға келетіндерінен үмітті. Сол себепті ол саяси ұйымдар жетекшілеріне қалайда өз­ара түсіністік тауып, коалиция құру жөніндегі кездесуді жалғастыруға шақырды. Бірақ партиялар тарапынан бұл шақыруды тыңдай қоятындар табылатынына сенім аз. Өйткені олардың әрбірі жаңадан сайлау өте қалса, парламентке қосымша орын алуға мүмкіндіктері бар секілді сезінеді. Сайлаудың қайта өтуіне Ангела Меркель де, негізінен, қарсы емес. «Үкіметті азшылық дауыспен құрғаннан гөрі соның өзі әділ шешім болар еді» деді ол. Айтқандай, үкіметті азшылықпен құруға бундестагтың спикері Вольфганг Шойбле де қарсылық білдірді. «Біздің тұрақтылық пен тәртіпке ұмтылысымыз олардың тұрақты көпшілік дауыспен жасалғанын талап етеді» деді ол. Неміс истеблишменті мүгедектер арбасында отыратын осы «ауыр салмақты» саясаткерді, Меркель отставкаға кете қалған жағдайда, канцлердің орнына отыра алатын бірден-бір ықтимал кандидат ретінде де қарастырады.
Бірақ Ангела Меркель ханымның өз орынтағынан кете қалатын түрі көрінбейді. Ол «елдің алдағы төрт жылдағы тағдырына жауапкершілікті» өзінің мойнына алуға да­йын екенін баяндап үлгерді. Осыған орай, саясаткер отставка туралы қаперіне де алғысы келмейтінін айтты. «Бұл туралы сөз етудің өзі мүмкін емес. Қазір Германия тұрақтылыққа мұқтаж» деді ол. Меркель осы ретте СДПГ-­мен үлкен коалиция құруға да әзір екенін мәлімдеді. Алайда социал-демократтар тағы да келіспеді.
Германиядағы дағдарыс Британия азаматтарын да қатты ойландырып тұр. Елдегі белді басылымдар қазір жаңа билеуші коалиция құру жөніндегі келіссөз сәтсіздікке ұшыраған соң канцлер Ангела Меркельдің қандай халге душар болып жатқаны жайлы жазып жатыр. «Бұл – Еуропа үшін жағымсыз жаңалық» деп атап көрсетті Times. Газет шолушысы Меркельдің қолдауынан айырылса, Франция­дағы президент сайлауында Эмманюэль Макрон жеңіске жеткеннен кейін орнаған Германия–Франция арасындағы жаңа динамикалық белдемше күйрейтініне күмән келтірмейді. Басылым сондықтан Еуропаның келешекте көретін күнін күңгірт түсті етіп суреттеп, Ұлыбритания, Испания және Италия сияқты елдерді ішкі проблемалардың тұралатынын атап өтеді.
Консерваторлардың мінбесі – Daily Telegraph газеті не­міс­терде орын алып жатқан дағдарыс «Еуропаның ең ықпалды саясаткері Меркельдің тура өзінің мәртебесіне соққы болып тиетінін» айтып, канцлерде тіпті «құрлықты кезіп жүрген өзгерістердің саяси желіне» қарсы тұра алатын иммунитеттің де жетпей қалғанын жазыпты.
«Неміс канцлерінің беделіне ақырында нұқсан келе бастады, – деп пікір білдірді Financial Times. – Бұл елдің ішінде де, сыртында да айтарлықтай елеулі зардаптардың көрініс беруіне алып барады». Газет тілшісі мұның астарында Британияның Еуроодақпен есеп айырысуы барысында «Брюссель төрешілерінің» білгендерін істемеулерінде Меркельдің араша болатыны жөніндегі үміттің үзіле бастағанына назар аударады. Себебі «канцлердің өзінің ендігі болашағы бұлыңғыр», «бірақ оның күйреуге ұшырайтыны туралы тұжырым шығаруға тым ерте».
Қазір Германия қоғамы жаңа үкімет жасақтау турасында екіге жарылып тұр. Мұны немістің Әлеуметтік зерттеулер институты жақын күндерде жүргізген сауалдама нәтижесі көрсетіп беріп отыр. Рас, респонденттердің басым бөлігі парламент сайлауының қайтадан өткенін қалайды. Олар сұрау салынғандардың 45 пайызын құрайды. Тағы 27 пайыздық мөлшер үкіметтің үлкен коалиция арқылы жасақталғанын жөн санайды. Тек 24 пайыздық жұртшылық қана үкіметті азшылықпен-ақ құра беруді қолдайды. Бірақ сарапшылар қайталап өткізілетін сайлауда да биылғы қыркүйектегі көрсеткіштің оншама өзгере қоймайтынын алға тартады. Ал егер ХДС/ХСС сол кездегіден де төмен дауыс алып, СДПГ тіпті құлдырап кететін болса, үлкен коалицияның өзі құрылмай қалар еді.
Енді оқиғаның бұдан әрі қалай өрбитіні президенттің шешіміне байланысты болмақ. Оның алдында бұл ретте екі түрлі таңдау тұр. Біріншісі – христиан-демократтарға елдің тарихында бірінші рет азшылықпен үкімет жасақтауға рұқсат береді, екіншісі – парламенттің жаңа сайлауы өткізетінін жариялайды. Бұған дейін Франк-Вальтер Штайнмайердің алдымен «жасылдармен», еркін демократтармен, сосын СДПГ-мен ақылдасып алмақшы көрінеді. Сарапшылар президенттің бұл кездесулерде «елдегі саяси дағдарыс­тан шығып кету үшін өзінің партиялық ескі достарын христиан-демократтармен өзара келісе отырып жұмыс жасауға итермелеуі» мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды