Газет шығару – мазасыз майдан

0 70

Биыл «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыға бастағанына 30 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде қалалық апталық болып шыға бастаған басылым бүгінде еліміздегі елеулі газеттің біріне айналды десем қателеспеспін.

Ал өзімнің елордамыздың бас басылымында қызмет істей бастағаным Астананың 10 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіпті. Сондықтан, редакция алдына қойылған әуелгі міндеттердің баршасы осыған қатысты шаралардың аясында, қызу да қым-қуыт тіршіліктің барысында жүзеге асты. Бұл әрқашан бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып, ынты-шынтымен және шынайы шығармашылықпен ынтымақтаса жұмыс жасаған ұйымшыл ұжым мүшелерінің күллісіне өзінше бір толысу кезеңі болды деп санаймын. Азия ойындары, ЕҚЫҰ-ға төрағалық, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы сияқты маңызды шаралар тұсында да біздің газеттің журналистері өздерінің жоғары жауапкершілігін және кәсіби деңгейін танытты. Атап айтқанда, газет журналис­тері Азиада ойындары кезінде Алматы мен Астанадағы жарыстарды қатар қамтып, байрақты бәсекенің мәртебесін көтере білді. ЕҚЫҰ жиынын да тарихи маңыздылығына қарай көрсете білдік деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына да мазмұнды айдарлар ашып, басты мерекеміздің сән-салтанатын айшықтай алдық. Әсіресе, жасөспірім оқырмандарымыз арасында ұйымдастырған «Біздің ел осындай» шығармашылық байқауымыз сәтті шықты деп ойлаймын. Бұл байқауға республикамыздың түкпір-түкпірінен оқушылар қатысқаны қуантты. Осындай бастамаларымызға қолдау мен қамқорлық білдірген, өзекжарды өтінішімізге орай түптің түбінде редакциямызды елорданың қақ төріне орналастырған құрылтайшыларымызға ризашылығымызды айта жүргенімізді абзал көремін.
Қаланың күнделікті өмірін сан алуан қырынан, түрлі тақырыптар мен айдарлар ауқымында ұшқырлықпен және ұтымдылықпен жазып көрсету, қысқасы, толассыз түгенделу үстіндегі Астана шежіресін шеберлікпен хатқа түсіріп, тасқа басу – газеттің машықты мезіреті, үйреншікті үрдісі. Осының өзін ақ қағаздың бетінде жайната, жарқырата өрнектеуде де тәжірибелі қаламгерлерімізден бастап талантты, талапты жас қыз-жігіттеріміз ізденімпаздықтарын айқын аңғартты. Сіңірген еңбегінің сипаттарына тоқтала бастасам, штаттағы қызметкерлердің басым көпшілігін тізіп шығуыма тура келе ме деп ойлаймын.
Қайта-қайта күн, ай, жыл сырғып өтер. Арқа төсіндегі байтақ қаланың ілкі тарихын білгісі келгендер осы газеттің тігінділеріне міндетті түрде жүгінер. Қаламының сиясы құрғамаған журналист жұмысының еш кетпегені білінер.
Газет жұмысы – әрдайым қызығы, қиындығы, құқайы қабаттасып жатқан мазасыз майдан. Редакцияда өткізген төрт жылға жуық уақыт ішінде білетінімді басқалармен бөлісуге тырыстым. Әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім.
Елорданың бар шамшырақ басылымы, биыл мерейлі белесін бағындырып отырған – «Астана ақшамы» газетінің ұжымына шын жүректен заңғар шығармашылық табыстар тілеймін.
Әлем назарындағы ару шаһармен бірге көркейіп, кемелдене берсін.

Амантай ШӘРІП,
«Астана ақшамы»
газетінің Бас редакторы

(2008-2012 ж.ж)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =