«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газет сатпайтын қала

АЙТПАЙЫН-АҚ ДЕП ЕДІМ...

0 209

Жақында біздің басылымда бір автордың мақаласы жарияланды. Соны айтпақ болып ағамызға қоңырау шалдым. Бір кезде ол кісі: «Айналайын, бұл өзі газет сатпайтын қала. Мен оны қайдан іздеп табамын? Үйіме екі-үш санын әкеп берсең, батамды берер едім» деп өтініш айтты. Әрине, үлкен кісіге сол сәтте айтқан дүниесін апарып бердім. Риза болып ол қалды. Бірақ мені сол ағаның «бұл өзі газет сатпайтын қала» дегені ойландырды. Шындығында, бас шаһардан жаңа жарық көрген газет-журналдарды сатып алып оқиын десеңіз, шамалы жерден оны таба алмайсыз. Әсіресе, қазақ басылымдары қасқалдақтың қанындай қат.


Өз басым ана тілімізде жарық көретін газеттерді сенбі күні әдейі барып астаналық базардың қасындағы «Алты алаш» дүңгіршегінен сатып аламын. Дәл осындай дүңгіршек Абылай хан даңғылы бойындағы «Жібек жолы» аялдамасы маңында орналасқан. Одан кейін Абай көшесіндегі «Қазпошта» мекемесінен барып алуға болады. Ал сол жағалауда газет-журнал сататын орын жоқ. «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында болып еді, ол жабылып қалды.
Кейде өткен күндер еріксіз еске түседі. Біз оқыған тоқсаныншы жылдардың аяқ кезінде Ақмолада «Қазбаспасөз» деп аталған дүңгіршек әр аялдаманың жанында тұратын. Содан қалаған басылымыңызды табасыз. Кейін олардың бәрі көзден бұл-бұл ұшты.
Қазір ғаламтор әлемі қарыштады. Кез келген газет-журналдың жеке сайты, электрондық нұсқасы бар. Өзім жұмысқа келгенде соларды бір шолып шығамын. Ал оған адамдардың бәрінің қолы жете ме? Бұ жағынан компьютер сырын білмейтін қарияларға қиын-ақ. Олар
газетті қолға алып, иісін сезіп оқы­ғысы келеді. Сонда ол кісілер не істеу керек? Осыны ойлап жатқан біреу бар ма?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды