Газет қорғасынмен, фото химиямен шығатын

0 29

Әлі есімде, «Ақмола ақиқаты» газетінің табалдырығын аттаған сәтім. Өзім ол кезде Қазақстанға жаңа келіп жатқанмын. Туған елге Нүкістен көшіп келген едік.Жарым осы жақтан болған соң, қайын жұртты бір аралап шықпақ болғанмын. Содан бір кісілерден «Қалада жаңа газет ашылыпты, «Ақмола ақиқаты» деп аталыпты» деген сөзді естіп, көңілім еріксіз осы жаңалыққа аударылды. Бала кезімнен фото түсіруге әуестігім бар еді. Фотосуретші мамандығын игеруге талпынып, Ташкентке дейін барғанмын.
Сөйтіп, олай ойланып, бұлай ойланып қалаға келдім. Редакция Целиноград қалалық атқару комитетінің ғимаратында орналасқан екен. Бұл ғимарат бүгінде қазақ театрына айналған. Содан имене ішке кірдім. Келсем, екі редакция екен, бірі өзім іздеп келген «Ақмола ақиқаты» газеті болса, екіншісі – орысша шығатын басылым. Есікті қағып, ішке енгенімде екі-үш адам отырды. Төрде отырған қараторы жігіт «Келіңіз, қай шаруамен жүрсіз?» деп орнынан тұрып ілтипат білдірді. Қасындағы қыз бен жігіт те амандық білдіріп жатты. Осылайша «Ақмола ақиқаты» газетінің табалдырығын аттаған едім. Ал сол жолы төрде отырған жас жігіт газеттің редакторы Кенже Жұмағұлов болса, жанындағы әріптес­тері Жұмагүл Сәтмұхамбетова мен жауапты хатшы Еділ Дәмеуқұлов еді. Келген жағдайымды айтып, біраз отырған соң редактор «Бізге сіз секілді қазақылығы сақталған азаматтар керек-ақ, оның үстіне фототілшіміз де жоқ болып тұр, қарсы болмасаң ептеп істеп көр…» деп айтты. Сыртымнан білдірмесем де, сондағы ішімдегі қуанышты айтып жеткізе алмаспын.
…Редакцияда отыру деген жоқ, фотоаппаратымды асынып алып, тілшілермен ілесіп зауыттарға, мекемелерге, оқу орындарына, түрлі жиналыстарға барамын. Ол кезде қазіргідей цифрлық аппарат жоқ қой, бір түсіргенде жүзін бірақ түсіріп, қажетін таңдап алатындай. Ол кезде суретті түсіреміз, одан редакцияға келіп, неше түрлі химиялық қоспаларды қолданып, фотоларды шығарамыз. Одан кептіреміз, сөйтіп бір-екі сағаттың көлемінде жауапты хатшының қолына ұсынамыз. Ал газет болса, баспаханада қорғасынмен құйылып шығарылатын. Кейде сурет жарамай қалса, түнделетіп болса да қайта жасайтын едік.
«Ақмола ақиқатында» жүріп көптеген азаматтармен таныс­тым, білістім. Ол кезде Тәуелсіздіктің таңы енді арайлап тұрған еді. Қазақтың намысты азаматтары қалада қазақ мектептерін, балабақшаларын ашу жөнінде бастамалар көтеріп, көптеген игі шаралар атқарылатын. Солардың ішінде жүріп, талай-талай тарихи суреттер түсірудің сәті түсті. Мен 1991 жылғы Наурыз мерекесіне арналған мәдени шаралардың бәріне қатысатынмын, сондай-ақ еліміз Тәуелсіздік алған күніне арналған шаралардан газетке суреттер бергенімді өмірімдегі айшықты сәттер деп ойлаймын. Осы қалаға келгенде құшағына алған «Ақмола ақиқатында» екі жылдай істеген соң облыстық газетке ауысып кеттім. Бірақ осы газеттен алған тәжірибем мен тәрбием өмірлік кәсібіме жол ашты. Бүгінгі таңда ел газеті – «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүрмін.
Енді, міне, сол қалалық газеті­міздің жарыққа шыға бастағанына да 30 жылдай болып қалыпты. Уақытқа сай өзгеріп, жаңарып, жаңғырып келе жатқан осы газеттің жанкүйерімін. Құдайға шүкір, бүгінгі «Астана ақшамы» еліміздегі белді басылымдардың бірі болып отыр. Ең бастысы, елге, ұлтқа, ха­лыққа қызмет ететін газетке айналды. Сол үшін газеттің ұжымына ризашылығымды білдіріп, белестен белеске көтеріле беруіңізге тілек қосамын.

Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Ақмола ақиқаты» газетінің
фототілшісі (1990-1993 ж.ж.)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + seven =