Газдандыруға халықтың көңілі тола ма?

0 71

Нұр-Сұлтанда қаланы газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Елорданың елді мекендерінде 345 км орамішілік газ тарату желілері салынды.«Биылғы жылдың қуанышты жаңалығы осы газдандыру деп білемін. Көпшілік астанамызға газдың келуі қиын, ол бос әңгіме деп сенімсіздік танытып еді. Аз уақыттың ішінде көшелер қазылып, құбырлар тартылып, газдандыру жұмыстары басталып кетті. Ауқымды істің аяқталып қалғанына да таңғалумен болдық. Газ уақытында келді, ұзаққа созылмады. Игі істің сәтті жүзеге асқаны Елбасының арқасында деп білемін» дейді қала тұрғыны Үсіпбек Бейімбет.
Қалада Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Көктал-1, Агроқалашық (2020 жылы газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерін газға қосу жоспарланған.
Газдандыру басталған сәттен бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үйлерді газға көшіру бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетігі енгізілді. Біржолғы әлеуметтік көмек жеке үйлердің меншік иелері болып саналатын зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге/кәмелетке толмағандарға, көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға беріледі.
«Газдандыру жұмысы Көктал-2 тұрғын алабын аяқталды. Біз де үйімізге газ құбырын тартқыздық. Елорда әкімі Алтай Көлгіновке рақмет, сол кісінің арқасында біраз ауыртпалықтан құтылдық. Әрі қарай да қаланы газға қосу жүйелі түрде жалғасын тапса екен» дейді елордалық Сайран Нақыпова.
Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді. Сонымен қатар қаланың экологиясын жақсарту үшін 1-ЖЭО және 2-ЖЭО төрт қазандығы газға ауыстырылды. Осы жылдың соңына дейін тағы 9 қазандықты газға ауыстыру көзделген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eleven =