Газдандыру жобасына жұрттың көңілі тола ма?

0 74

Елорданы газдандыру жобасы басталғалы күні бүгінге дейін 3 мыңдай үйге газ тартылған. Жыл соңына дейін тағы 12 мың тұрғын-жай осы жүйеге қосылуы тиіс. Ал алдағы екі жылда көгілдір отынмен жабдықталған баспананың санын 22 мыңға жеткізу жоспарланған. 23 ақпан күні бір топ мәслихат депутаттары, сала мамандары газға қосылған нысандарды аралап, үй иелерімен кездесіп, атқарылған жұмыстармен жіті танысып қайтты.

Газдандыру жобасы қалай жүріп жатыр?

Бас қаланы газдандыру ісі үш кезеңмен жүзеге асырылады. Ағымдағы жылу беру маусымында «Теміржол», «Көктал-2» және «Агроқалашық» алабының тұрғындарының бір бөлігі газға көшірілді. Қазіргі кезде «Көктал-1», «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс» алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, әкімдік газ торабын тек үйлерге дейін жеткізіп береді, ал оны одан әрі ішкі жүйеге қосумен жекеменшік ұйымдар айналысады. Қалада бұл салада жұмыс істейтін 60-қа тарта компания бар. Ал олардың қайсына таңдау жасайды, ол – тұрғындардың өз еркінде. Үйішілік желі тартылған соң, тұрғындар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-қа өтініш жазып, баспаналарын газға қостыра алады. Аталған ұйым газбен жабдықтау желісінің қауіпсіздігіне және оны тұтынушыға жеткізу беру жұмыстарына жауапты.
– Тұрғын үйлермен қатар жылу-электр орталықтарын да көгілдір отынға көшіру жүргізіліп жатыр. Былтыр ЖЭО-1-дің үш қазандығы және ЖЭО-2-нің 1 қазандығы газға ауыстырылған. Үстіміздегі жылы екі ЖЭО-ның қалған 12 қазандығын түгелдей ауыс­тыру жоспарланған. Оған қажетті жабдықтар толық сатып алынды. Бұл жабдықтар газбен де, көмірмен де жұмыс істей береді. Биыл қыста оларды сынақтан өткіздік, ақау болмады, – деді Нұр-Сұлтан қаласының отын-­энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Айта кетейік, ЖЭО қала экология­сына аса үлкен нұқсан келтіруде. Олар жылына жиынтығы 55,5 мың тонна зиянды қалдықтар шығарады, бұл қала ауасын лас­таушы заттардың 40% құрайды.

Депутаттардың пікірі қандай?

Астананың шет аймақтарында 280 мыңдай халық бар. Бұл – елорданың әрбір бесінші тұрғыны. «Шет аймақсыз қала» бағдарламасы бойынша осы алаптардың адамдарына да қаланың орталығында өмір сүріп жатқандай барлық жағдай жасау, әлеуметтік қызметтердің толықтай қолжетімді болуын қамтамасыз ету көзделген. Тұрғын алаптарды газға қосу жобасы да осы бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
– Тұрғын үйлерге газ беру былтыр желтоқсан айының соңын ала басталғандықтан, адамдардың көпшілігі қысқа ерте бастан қамданып, көмірлерін алып қойды. Жұрт биылғы маусымда соларын жағып бітіруді көздесе керек, сол себепті болар, олардың газ жүйесіне қосылуы сылбыр. Дегенмен, газбен жабдықталған адамдардың пікірі жақсы, қауіпсіздік тұрғысынан да, жұмыс сапасына да көңілдері толатындықтарын білдіруде. Айта кетерлігі, әлеуметтік осал топ өкілдерінің үйлерін газға қостыру үшін әкімдік тарапынан көмек ретінде 263 мың теңге қарастырылған. Біз ең бірінші осы топтарды газбен жабдықтауға назар аударатын боламыз, сонда тұтынушылардың саны едәуір көбейеді. Газдандыру – біздің шаһар үшін жаңа сала әрі өте ауқымды шаруа, ол бір ғана басқарманың күшімен іске аспайды. Мұны бүкіл қала болып, аудан әкімдіктері, депутаттар бәріміз жұмылып жұмыс істеуіміз керек, – деді қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов.
Бүгінде қала бойынша әлеуметтік осал топ өкілдерінің санатына жататын адамдардың саны 120 мыңнан асады. Оның ішіне мүгедектер де, көпбалалылар да, зейнеткерлер де, т.б. түгел кіреді. Бірақ олардың бәрі бірдей тұрғын алаптарында тұрмайды ғой. Алдағы аптада өтетін мәслихат отырысында депутаттар шеткі аймақтарда тұратын осал төп өкілдерінің нақты санын анықтауы тиіс. Бұл жиынға әкімдіктің, құзырлы мекемелердің өкілдері, мердігер компаниялардың мамандары шақырылатын болады.
Қалалық мәслихат депутаты Батыр Котырев ойын былай түйіндеді: –Біз бүгін бірқатар нысандарды аралап, газдандыру бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын көрдік. ЖЭО жұмысымен таныстық. Газды автоматты түрде реттейтін станциялардың бірінде болдық. Үйлері көгілдір отын жүйесімен жабдықталған тұрғындармен кездестік. Мердігер ұйымдар өз жұмыстарын сапалы атқарғанына көз жеткіздік, тұрғындардың да оған көңілі толады. Газ желісі заманауи жабдықтармен, заманауи технологиямен жабдықталған және ең бастысы, жоғарғы деңгейде жергіліктендірілген. Жоба жеткілікті дәрежеде автоматтандырылған, қашықтықтан диспетчерлендірілген, тіпті нысандар датчиктер арқылы бақыланады. Мәселен, қазандықтан газ шығып жатса немесе иісті газ жиналатын болса, онда клапан жабылып қалады да, газ жіберілмейді. Бұл газ жарылу апатының алдын алады. Бірақ кейбір жұмыс сапасына, бағасына сын-ескертпелеріміз де бар. Баға реттелмеген, әркім өздерінің қалауынша белгілейді. Сондықтан газға қосу бағасын бір жүйеге түсіруге күш салуымыз керек, нарықта басымдылық жағдайға жол бермеуге тиіспіз. Сондай-ақ осы сала мамандарының жетіспеу­шілігі айқын сезіледі. Осыған орай қаладағы оқу орындарына газдандыру ісі бойынша мамандарды даярлауға тапсырыс беру қажет, – деп ол бірталай проблеманың бетін ашты.
Мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина үйлерге газдың келуі үлкен қуаныш екенін, оның адамның тұрмысын көп жеңілдететінін айтты. Дегенмен, атқарушы билік газды орнатумен бірге, дер кезінде газ қондырғыларымен қауіпсіз жұмыс істеу үшін тұрғындардың сауаттылығын арттыруға да көп мән беру керектігін, адамдарды ақпараттандыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ мердігер компаниялар үйлерді газға қосқанда тұтынушыға атқарған жұмыстары үшін түбіртек тапсыруын міндетті екенін ескертті.

Тұрғындар не дейді?

Ынталы топ газдандыру жобасы жүзеге асырылып жатқан фронт-кеңсеге, газ тарату пунктіне, ЖЭО-1 кәсіпорнына, көгілдір отынға қосылған үйлерге барып, жағдайларымен танысты.
– Бұрнағы жылдары үйді қыс­тың бес айында жылыту үшін 100 мың теңгеге көмір жағатынбыз, бүгін де газға айына 20 мың теңге төлеп отырмыз. Бірақ көмірге қоса, газ плита үшін баллон сатып аламыз. Енді таңертең ерте тұрып пеш жағу, күл шығару машақатынан құтылдық. Пештен иісті газ шығады деп қорықпаймыз, – деп ризашылығын білдірді «Көктал-2» алабы Наурыз көшесі, 32 үй тұрғыны Сайран Нақыпова.
Бірақ, оның құзырлы органдарға айтатын арызы да бар екен. Газ жүйе­сіне жалғаушы әр компанияның бағасы әртүрлі. Тура Сайранның үйінде 120 шаршы метр үйді газға қосу үшін 500, 600, 700 мың теңге алуы мүмкін дейді.
– Мердігер ұйымдар тұтынушылармен ең басында 250 мың теңге деп шарт жасасып алады да, кейін газ тартатын мұрша істедік, кран қойдық, дабылқаққыш орнаттық деп т.б. бәріне жеке-жеке ақша талап етеді. Оның бәрі сол 250 мың теңге төлемнің ішіне кіруі керек емес пе еді?! Тіпті 2 қабатты үйлерді газға қосу үшін 1,5-2 млн теңгеге дейін алады. Әркім өздерінің ойына келген бағасын қояды, – деп шағымданды.
«Теміржол» алабының Тоқтар Әубәкіров көшесі, 41/2 үй тұрғыны Федор Симашков мердігер мекемеге тағатын мін таппады.
– Мамандары келді де, үйішілік жүйені лезде орнатып берді. Одан кейін мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-қа өтініш жазып, үйімді ешқандай қиындықсыз газға қостырып алдым. Қазір бәрі ойдағыдай, құрылғылар ақаусыз жұмыс істеп тұр, – деп ағынан жарылды. Тек, әкімдік тарапынан зейнеткерлердің үйлерін газға қостыру үшін 263 мың теңге көмек берілетінін естімепті, бізге ондай ақпарат жеткен жоқ деп аңтарылды. Енді құжаттарымды реттеп, әкімдік беретін көмек ақшамды алуға барамын деп білегін сыбанып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =