«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Газ тартылмай, түтін арылмайды

1 275

Астана ауа атмосферасының тазаруы үшін қала газбен жылыту жүйесіне көшуі қажет. Бұл туралы әкімдікте өткен брифинг барысында айтылды.

Жалпы, қыс түссе, елорданың аспанын түтін басуы үйреншікті жағдайға айналды. Оған жылу электр орталықтары мен автономды қазандықтардан, жеке секторлардағы үйлердің мұржасынан шығатын түтін және автокөліктерден бөлінетін газ жел соқпаған күндері ауаны торуылдап тұрып алатыны себеп болады.
– Менің ойымша, газ тарту жұмысы ретке келтірілгеннен кейін жағдай едәуір жақсаруы тиіс. Биыл да Астанада түтінге байланысты проблема болуы мүмкін, – дейді Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Әбдіманап Жұмаділдаев.
Оның айтуынша, Жылу-электр орталық­тарының мұржалары ұзартылып, олардың биіктігі 120 метрге жеткізіліпті. Осының арқа­сында түтіннің біраз бөлігі енді қала аумағына бұрылмайтын көрінеді.
Ал қаланың қысқа дайындығы мен елорданы газдандыру жөнінде Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов айтты.
Оның сөзінше, газ бірінші кезекте Көктал-1 және Көктал-2 тұрғын алаптарына, екінші кезекте Мичурин, Интернациональный, Тельман, Garden Village және Family Village тұрғын алаптарына тартылмақ. Ал үшінші кезекте 2025 жылға дейін Үркер, Өндіріс тұрғын алаптары мен Шұбар ықшам ауданы газдандырылмақ. Жеке үйлердің иелері газды өз қаржысы есебінен тартатын көрінеді.
– Кез келген инженерлік инфрақұрылым нысаны секілді мұның бәрі техникалық шарттарға сәйкес болады. Газ тарту жұмысы энергия мен су тарту жүйесіне ұқсас келеді. Сондықтан газ тек негізгі желілерге, яғни негізгі көшелерге тартылады. Ал жеке секторға газ тарту мәселесі үйлердің орналасуына қарай белгіленеді, – деді М.Есмағұлов.

 

  1. Айгүл :

    Расымен газ тартылса, жақсы болар еді. Қала шетінде орналасқан Көкталда туыстарым тұрады. Қыста түтіннен дем алу мүмкін емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды