Газ тарифі қайта қаралса

0 16

Елорданың тұрғын үй секторының газбен жылытуға көшу мәселесі қаланың барлық тұрғындары үшін маңызды және өзекті болып табылады. Жақында Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесі Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетов, Ұлттық экономика министрі А.Иргалиев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің атына үндеу жолдап, газға қатысты тарифті қайта бекіту жөніндегі мәселеде халықтың көңілінен шығатын оң шешім қабылдауды сұрады.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Билік пен қоғамның тұрақты диалогы арқылы ғана үйлесімді мемлекет құруға болады» деп атап айтты.
«Қазіргі уақытта көктемгі кезеңнің басталуына байланысты, қаланың Қоғамдық кеңесіне әлеу­меттік желілер арқылы жеке секторды газдандыру процесі қалай жүзеге асырылатынына қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Атап айтқанда, тариф белгілеу, газ жеткізу және одан әрі қызмет көрсету мәселелері. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі халықаралық практикадан табысты мысалдар бар, оларда ашықтық тетігіне және халықтың пікірін ескеруге көп көңіл бөлінеді» делінген үндеудің мәтінінде.
2020 жылдың күзінде тұтынушылар үшін газдың түпкілікті бағасы ҚҚС-мен қоса 34,6 тг/м3 (оның ішінде тауарлық газды тасымалдау тарифі ҚҚС-мен қоса 4,59 тг/м3) болып бекітілді. Бұл шешім қоғам тарапынан үлкен қолдау мен мақұлдауға ие болды. Алайда «ҚазТрансГаз» АҚ тауарлық газды тасымалдауға арналған тарифтің қолданыстағы деңгейімен келіспегендіктен, бағаны қайта бекіту мәселесі алдымыздан шығып отыр. Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, Қоғамдық кеңес мәселені ашық түсіндіріп, шешу жолдарын ұсынған. Бұл туралы үндеу мәтінінде былай жазылған:
«Қазіргі уақытта тауар­лық газды тасымалдау тарифі қайта бекіту сатысында ҚҚС-мен қоса алғанда 4,59 тг/ м3 мөлшерінде және бұл түпкілікті тұтынушылар үшін ҚҚС-мен қоса алғанда 50 тг/м3 дейін бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Қайта бекітудің себебі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан тауарлық газды тасымалдауға арналған тарифтің қолданыстағы деңгейімен келіспеуі болып табылады.
Елорданың қоғамдық кеңесі бұл тарифті белгілеу­ді қолайсыз деп санайды. Бұл халықтың салынған газбен жабдықтау желілеріне қосылудан жаппай бас тартуына әкелуі мүмкін, бұл ел астанасын газдандыру идеясының беделін түсіреді, қаланың экологиясын нашарлатады. Сондай-ақ қолданыстағы газ бағасының ҚҚС-мен қоса алғанда 34,6 тг/м3 мөлшерінде болуының өзі – республика бойынша халық үшін ең жоғарғы тариф. Осыған байланысты, сіздерден осы мәселені қарап, тиісті шаралар қабылдауыңызды сұраймыз».
Бас қаланы газбен қамтамасыз ету – Елбасының жобасы. Сол себептен бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, Үкімет те, құзыр­лы мемлекеттік органдар да ерекше назар аударып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =