«Гарант 24 Ломбард» иесі Молдовадан экстрадицияланды

0 35

Сәуірдің 30-ы күні ҚР Ішкі істер министрлігі Молдова Республикасынан «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы А.Мурзабековті экстрадициялады. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, ол Қазақстан ІІМ сұратуы бойынша осы жылдың 27 ақпанында Молдова астанасында ұсталып, Кишинев қаласының тергеу изоляторына қамалған болатын.А.Мурзабеков «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-тің құрылтайшысы және «ЕSTATE Ломбард» және «Выгодный займ» деп аталатын екі ұйымның қылмыстық әрекеттеріне басшылық жасаған. Жоғарыда аталған компаниялар ҚР аумағында қаржы пирамидаларын құрып, олардың алаяқтық схемасынан ондаған мың қазақстандық зардап шекті.
Қазақстан полициясы оңай олжа табу жолында заңсыздыққа жол беріп, талай азаматтың наласына қалған А.Мурзабековті экстрадициялауды Бас прокуратура және Сыртқы істер министрлігінің көмегімен жүзеге асыр­ды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеуді ІІМ Тергеу департаменті жүзеге асыруда. Тергеу-жедел тобына барлық аумақтық полиция департаменттерінің қызметкерлері кірді.
Сонымен қатар, аумақтық бөлімшелердің тергеушілері алданған салымшылар мен ұрланған қаражатты анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарына 8 мыңға жуық азамат өтінішпен жүгінген, келтірілген шығын 10 млрд теңгеден асады. Зардап шеккендерден өтініш әлі түсіп жатыр. 42 күдікті адам анықталып, оның 19-ы сот санкциясымен қамауға алынып, 8-і іздестірілуде. Тағы бір күдікті – қаржы пирамидасының белсенді қатысушысы А.Ысқақов жақында Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Қылмыстық істерді тергеу барысы ІІМ басшылығының ерекше бақылауында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − seven =