G-GLOBAL — ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАСТАМА

0 147

Біздің еліміз үшін биылғы жылдың ықпалды оқиға­ларының бірі – G-GLOBAL идеясы. Жаңа ақылдастық алаңында Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев Қазақ­стан­ды жаһандық саясаттың белсенді қатысушысы ретін­де танытты.

Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына табысты төрағалық етуі және  G-global әлемінің тұжы­рымдамасын ұсынуы ай­мақтық мәселелерге ғана емес, адам­заттық түйткілдердің түйі­нін тарқатуға қауқарымыз жете­тіндігін дәлелдеді. Қазақстан ба­тыс пен шығыс елдерінің стра­тегиялық әріптесі ретінде өркениетті қауымдастықтың маңызды нысанына айналды. Бұл жолда биік мақсаттар қойған елімізде экономикалық және саяси табыстар еселенді десек артық айтқанымыз емес. Мұның бәрі –көпвекторлы саясат ұстанып келе жатқан Елбасының тікелей еңбегінің нәтижесі.

Тұрақтылық таңдауы

Қазақстан энергетикалық тасымал дәлізінің бойында орналасқан.  Қойнауымыз мұнай мен газға аса бай. Бұл туралы әлемге танымал сарапшылардың бірі, бей­бітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері Генри Киссинджер «Қазақстан үлкен өркениеттердің түйіскен жерінде орналасқан, әрі әлемдік нарыққа көмірсутегі өнімдерін беретін аса ірі мемлекет» деп айтқан болатын.  Алайда, Қазақстан  әлем елдеріне тек өндіріп отырған ураны мен мұнайы арқылы маңызды дейтін пікірді ұстанатындар  қателеседі.  Өйткені, Қазақстанда  ең алдымен тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған. Яғни, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырып отырған саяси жүйесі демократиялық құндылықтармен, саяси-құқықтық тетіктерімен ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде әлем қауымдастығының алдында құрмет пен сенімді арттыра бермек.

Президент бастамасымен қолға алынған, жаһандық мәселе­лерге деген көзқарастар мен олар­ды шешудің сан жолдарын қарас­тыратын G-global жобасы айқын мақсатқа негізделгені де осыдан. Күллі әлем елдерімен келісілген, жаһандық деңгейде жаңғырту үрдісін қолға алу керек­тігін ұлт көшбасшысы дәлелдеді.

Жаһан дамуындағы жаңа серпін

Мемлекет басшысының мәлім-деуінше, G-global идеясының әлеуеті әлемдік қоғамдастықтың кеңінен қолдауы арқасында арта түсті.  G-global сұхбат алаңы –әлемдік қаржы дағдарысынан шығу тетіктерін құру және талқылауға бағытталған халықаралық виртуалды жоба. Бұл арқылы барлық мемлекеттерді, әлемдік саясаттың мемлекетаралық және үкіметтік емес субъектілерін, сондай-ақ, жекелеген саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшылар мен ғалымдарды ынтымақтасуға шақыру. Бүгінде сұхбат алаңы мамандардың айтуынша, 150 елдегі жүз мыңдаған пайдаланушылардың басын қосқан. «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығының мәліметіне сенсек, аталмыш сайтты жыл сайын  он мың адам пайдаланады екен. Осылайша экономикалық және сараптамалық сайттар рей­тингісінде Давостық кез­де­сулердің интернет-ресурсынан кейінгі екінші орында тұр. Ал, іздеу индексі бойынша барлық экономикалық форумдарды басып озғаны елді қуантады. Биылғы жылы Астана қаласында өткен форумда  Елбасы адамзат өркениеті дамуының конструктивизмі бес қағида негізінде қамтамасыз етілсе, оны G-Global қағидалары деп атауды ұсынды. Оның айтуынша, адамзат революциялар мен әлемдік соғыстардың лимитін өткен ғасырда сарқыды. «XXI ғасырда ғаламдық сәулетті табысты жаңарту тек қана ілгері даму – эволюциялық жолмен ғана іске асырылуы мүмкін. Араб көктемі көрсеткендей, революциялар тек қоғамның дамуын тежейді, олардың экономикасын кері апарып тастайды, көптеген проблемалар тудырады» деген  болатын.
G-global –кез келген интернет пайдаланушының түрлі зият­керлік жұмыстарға, атап айтқанда сараптамалық шолуларға, пікір­таластарға, бизнес жобалар мен сауалнамаларға қатысуына мүм­кіндік беретін жаңа формат ретінде әйгіленді.  Ол – ұлттық экономиканың дамуына, әлемдік экономиканың реформалануы-на, қала берді жаһандық дең­гейдегі дағдарысқа қарсы кү­рес тетіктерінің жасалуына қызы­ғушылық білдіретін, барлық әлеуметтік топ өкілдеріне арналған әмбебап жоба. Ал  іс жүзінде жұмыс алаңы ретінде Астана эконо­микалық форумында танылды. Содан бері Астана қаласы барша әлем қауымдастығының алдында беделді жаһандық ақылдастық алаңына айналып келеді.

Бесінші Астана Экономикалық форумында Президент Нұрсұл­тан Назарбаев ұсынған G-global-дың бес қағидасы: эволюция; әділ­дік, теңдік, мәміле; жаһандық толеранттық пен сенім; жаһан­дық транспаренттілік пен ашық­тық және конструктивті көп­полярлылық қағидалары әлем өкілдерінің назарын өзіне аудартты.  Жобаны қолдағандар қатарында  Нобель сыйлығының лауреаттары – Роберт Манделл, Джон Нэш, Роберт Корнберг, Эрик Маскин, Джон Ауманн, Финн Кидланд, Джеймс Миррлис, халықаралық бизнес және білім, ғылым ұйымдарының басқа да ірі өкілдері бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − one =