©2020 Астана Ақшамы
Францияның сыртқы істер министрі келеді
1-2 наурызда елімізге Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиус ресми сапармен келеді деп күтілуде. Мәртебелі мейманды Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды. Биылғы жылдың қыркүйек айында Астанада мүдделі халықаралық құрылымдар мен ұйымдардың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің онжылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Бұл туралы дәстүрлі брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев хабарлады.
Үкіметте өтетін маңызды іс-шараларға да тоқталған ресми өкіл Министрлер кабинетінің кезекті отырысында Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы мен басқа да маңызды мәселелер талқылатынын айта келіп, одан кейін Премьер-министр Серік Ахметов «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу және оған дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізетінін мәлімдеді.
Ал кеше ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Қазақстанның үкіметтік делегациясы Корей Республикасының жаңадан сайланған Президентінің ұлықтау рәсіміне қатысқан.
Бүгін Алматы қаласында Иран ядролық бағдарламасы төңірегінде «алтылық» санатында өтетін келіссөздер басталатынын айтқан Алтай Әбибуллаев: «қабылдаушы тарап ретінде Қазақстан келіссөздерге қатысты барлық дайындық шараларын толығымен аяқтады. Оның қорытындысы бойынша өзара тиімді уағдаластыққа қол жеткізіледі деген үміттеміз», – деді.
Келіссөздерге Иран, Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, сондай-ақ, Германия делегацияларының өкілдері қатыспақ.
Сондай-ақ, 26-28 ақпан күндері Венада ұлтаралық, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамыту мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Өркениет альянсының» V форумы ұйымдастырылмақшы. Қазақстан атынан осы шараға Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қ.Мәми бастаған қазақстандық делегация қатысады. Венаға сапары аясында Сенат Төрағасы Аустрия жоғары лауазым өкілдерімен кездесіп, іскерлік топтар мен Аустрия – Қазақстан қоғам мүшелері алдында сөз сөйлейді деп жоспарлануда.
Осы жолы бринфингке ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қатысып, 2013 жылдың көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге әзірлік жөнінде мәлімдеді. Облыстардан алдын ала берілген деректер бойынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,3 миллион га алқапқа орналастыру жоспарланып отырғанын жеткізген министр бұл көрсеткіш былтырғымен пара-пар келіп отырғанын айта кетті.
Жиында журналистерге «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша да мәліметтер берілді.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ