Франциядан классикалық сазды сәлем

0 138

Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында Астанаға гастрольдік сапармен келген француздық Лилль ұлттық оркестрінің концерті өтті. Оған Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов және бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Гастроль «Тоғыспалы маусым-2013» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Ол туралы оркестрдің жетекшісі әрі дирижері Жан-Клод Казадезюс пен Франция­ның Қазақстандағы төтенше және өкілет­ті елшісі Жан-Шарль Бертонэ баспа­сөз мәслихатында мәлімдеген. Нақтырақ айтқанда, Франция-Қазақстанның мәдени тоғыспалы мау-сымдары екі мемлекеттің жоғарғы деңгейдегі келіссөздері барысында белгіленіп, биыл Франция тарапынан басталып кетті. Ал, қазақ елі өзінің Франциядағы мәдени маусымын 2014 жылы өткізбек.

Сәл сипаттама бере кетсек, Лилль ұлттық оркестрі – 1976 жылы жетекшісі Жан-Клод Казадезюстің бастамасымен құрылған көркемдік жоба. Солтүстік Па-де-Кале аймағындағы 200-ге жуық жергілікті жекелеген коммуна үшін біріктіруші музыкалық ұжымға айналды. Ұжым 35 жылдық тарихында 4 құрлық пен 30-дан астам мемлекетте өнер көрсеткен. Соңғы рет, яғни 2011 жылы гастрольмен Германия мен Словакияда болып қайтты.

Ал бұл жолғы мәдени маусымның бас демеушісі – «Total E&P Kazakhstan» француз компаниясы. Бірлескен кәсіпорын биыл Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығын атап өтуде.

«Қазақстан» орталық концерт залында өткен Лилль ұлттық оркестрінің концертінде Вебердің «Оберон» увертюрасы, Чайковскийдің скрипкаға арналған концерті, Бизенің «Кармен-сюита» үзінділері, Стравинскийдің «Жалын-құсы», т.б. классикалық туындылар орындалды. Арнайы шақырылған әнші, скрипкашы Алена Баева оркестрдің сүйемелдеуімен өнерін көрсетті.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Уыз лебіз

Жан-Шарль БЕРТОНЭ,

Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

– Француздық және қазақстандық компаниялардың жоғары қолдау көрсетіп, біздің бағдарламамызға орасан зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Мен Франциядағы Қазақстан жылы жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін әрі біздің мақсатымыз – стратегиялық ынтымақтастықтың дамуына негіз болатын ортақ іс. Ал, 2014 жылғы қазақстандық бағдарлама жайлы айту әлі ерте болғанымен, өз басым үш жылдан артық уақыт барысында қазақстандық концерт және көрме залдарын аралағаннан кейін ол маусымның елеулі дәрежеде өтетіндігіне еш күмән келтірмеймін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − seven =