«Financial Times» 125-ке толды

0 98

Ағымдағы 2013 жылы Батыстың кітап дүкендеріне сиясы әлі кебе қоймаған, ағылшын тілінде жарық көрген “ФТ-мен түскі ас. 52 классикалық сұхбат” (“Lunch with the FT. 52 Classic Interviews”) атты керемет туынды сатылымға шыға бас­тады. (Мұндағы “ФТ” нмесе “FT” – “Файнэншиэл Таймс”, яғни “Financial Times” деген әйгілі газет атауының екі тілдегі акронимдері.)

 

Бүгінгі таңда негізі қалан­ғанына 125 жыл толып отыр­ған әлемнің ең салиқалы ақпа­рат құралдарының бірі, бірі ғана емес, бірегей көшбасшысы әрі сапалы журналистика дәстүрінің туын жықпай, нық ұстап келе жатқан британдық «Financial Times» газеті халықаралық бизнес, экономика, қар­жы және әлемдік саясатқа қатыс­ты қызықты ақпараттар мен та­тым­ды жаңалықтарды өзін үзбей оқи­тын миллиондаған тұрақты оқыр­мандарына күн сайын бір сәт те кешіктірмей жеткізіп беріп отыр. Әрине, мұндай үлкен тираж – кез-келген газеттің маңдайына жазыл­маған бақ екені айтпаса да түсінікті.

«Financial Times» неміс тілінде де 100.000 данамен шығып тұрады. Басылымның Германиядағы оқыр­мандарының саны бұл күнде 40 миллионға жуықтады. Мұның сыр­тында, газеттің электрондық нұс­қасымен планета жұртшылығы сағат сайын жүздесетінін ескерсек, бүгінгі таңда бұл абыройлы газеттің әлемдегі ең тартымды ақпарат құралы екні айқын сезіледі.

«Financial Times» газетінің жо­ғарыдағы айдармен жарық көрген мерейтойлық жинағына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын ең таңдаулы журналистердің 1994 жылдан бері әр апта соңында үзбей жарияланып келе жатқан классикалық сұхбаттарының редакциялық сыннан сүрінбей өткен елу екі нұсқасы енгізіліпті. Сосын газетте жарық көрген әлгіндей сұхбаттардың ұзын саны бұл күнде 800-ден асып жы­­­­ғылады екен. Сұхбат қонағы ре­тінде арнайы шақырылған әйгілі кейіпкерлердің ортасында әлем ел­дерінің беделі биік президенттері де, іскер топтардың көшбасшылары да, данышпан ойшылдар да, әйгілі драматург-жазушылар мен ақындар да, қылқалам иелері де, саясаткерлер де, ғұлама ғалымдар да, олигархтар да, кино өнерінің жұлдыздары да, архитекторлар да, монахтар да, атақты спорт шеберлері де, тіпті, аңшылық кәсіптің иегерлері мен браконьерлер де жетіп артылады.

Дәстүрлі сұхбат айдарының түскі аспен байланысты болуының да өзіндік сыры бар. Өйткені, газет оқыр­мандарының биік талғамынан шығу үшін, ең үздік журналистер өздері қызмет атқарып жүрген әлем­нің әр түкпіріндегі қалалардың айтулы ресторандарының біріне, әдетте өткір қалам иелерінің уысына түсе бермейтін, бірақ әлем назарында жүрген атақтары асқақ, дарабоз тұл­ға­ларды түскі дәмге ресми түрде бір-бірлеп шақырып, дастархан басында еркін сұхбаттасып, біріншіден, олардың ой түкпірінде жатқан сырбаз сырлары мен адами ерекшеліктерін дөп басып, таразылап беру болса, екіншіден, ел назарында жүрген әлемнің көкейкесті мәселелеріне қа­тысты әлгі тұлғалардың жеке көз­қарасы мен тұшымды пікірлерін үлкен шеберлікпен суыртпақтай суырып, қылын қисайтпай, оқырманға жеткізу үшін бар өнерін салады.

Үшіншіден, газет оқырмандарына керегінің өзі де – осы. Апта сайын бұрын сырттай атын естігенімен, түсін түс­теп көрмеген заманауи ке­йіп­керлермен газет айнасы арқылы тіке­лей танысу кез келген оқыр­манды қызық­тыр­­маса, жа­лық­тырмайтыны күмән тудырмайды.

Әдетте, әлемге етене танымал газеттің ауыздарын айға білеген, білікті де әмбебап журналистерінің түскі асты бөлісуге жіберген өтініш-шақыруларын тұғыры биік тұлғалардың басым көпшілігі шынайы ықыласпен әрі қуана-қуана қабылдайтыны шүбә келтірмесе керек. Себебі, ел аузында жүрген жұл­дыздар планета бетіндегі ең айбарлы ақпарат құралының назарына ілігіп, оның бетіне де шығып жатса, мерейлері мен абырой-атақтарының бұрынғыдан да бетер өсе түсетініне, сөйтіп, әлем қауымдастығына шексіз танымал болатынына титтей де күмән келтірмейтіні айдан анық.

Бұлай деуге негіз мол. Өйткені 1994 жылдан бермен қарай “Financial Times” тек Ұлыбританияның өзінде ғана емес, қос Америка континентерінде де,
Еуразия кеңістігінде де, тіпті, БРИК экономикалық одағына кіретін Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай сынды мемлекеттерде де өз бөлімшелерін ашып үлгерген. Демек, бұл ақпарат құралының қағаз немесе электрондық нұсқасымен сусындамайтын планета бетінде бірде-бір ел жоқ десек, мүлде артық айтқандық емес. Тіпті, бұл газеттің даналары халықаралық бағыттағы ұшақ жолаушыларына да ұсынылады.

Атақты газеттің дәстүрлі сұхбатқа байланысты бұлжымайтын тазалық қағидасы да көңіл аударуға тұрарлық дүние екен. Мәселен, түскі сұхбаттан кейін ресторандармен есеп айырысу тек қана газет есебінен жүргізілетіні мақтауға тұрарлық дүние демеске болмайды. Бұлжымайтын бұл ережені сұхбат берген адамның бірде-бірі (мейлі миллиардер болсын, мейлі іскер олигарх болсын) бұза алмайтыны ресми тәртіп ретінде бекітілген. Мұның бұлтартпас дәлелі ретінде біз тілге тиек етіп отырған осы жинақтың кіріспе сөзін жазған, бүгінгі “Financial Times” газетінің редакторы Лионел Барбердің қазіргі Нью-Иорк қаласының мэрі миллиардер Майкл Блюмбергтің түскі ас кезінде газетке берген сұхбатынан соң, 96 долларға түскен әлгі астың құнын өз қалтасынан төлемекші болып қанша тырысса да, журналист оған ешбір мүмкіндік бермей қойғанын тілге тиек етеді. Сөйтсе, ренішін білдірмеуге тырыс­қан миллиардер қонақ сыпайылап: “Файнэншиэл Таймс” газетінің сон­ша­лықты қымбат екенін мен енді ғана түсіндім” десе керек.

Аталмыш жинақ: Өнер, Бизнес, Мода және Стиль, Ішім-Жем, Браконьерлер мен Аңқорғаушылар, Саясат, Спорт, Ғұламалар атты айдармен топтастырылған көлемді-көлемді сегіз тараудан тұрады. Туындының соңына ғажайып сұхбаттарды жүр­гізген “Financial Times” газетіне ең­бектері сіңген, яғни сапалы журна­листиканың майын ішкен, майталман қаламгерлердің кәсіби жолдары туралы оймақтай ғана синопсистер қоса тіркеліпті.
Сұхбат берген жұлдызды кейіп­керлердің ішінен АҚШ-тың отыз тоғызыншы президенті Джимми Картерді, Германияның саяси қай­раткері және Федеральдық кан­цлері Ангела Меркельді, атақты аме­ри­калық қаржыгер Джордж Соросты, Чехияның жазушы-драматургы Вацлав Гавелді, макроэкономист әрі Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругманды, Сумо күресінің хас шебері Акэбано Тароны, Ливия инженері, саяси қайраткер және фи­лософ әрі Муаммар Каддафидің екін­ші ұлы дипломат Саиф Каддафиді, кино өнерінде атағы жер жарған Анджелина Джолиді, бизнес әлемінің өкілі Олег Дерипасканы, Ресейдегі жекешелендіру процесін басынан бастап, аяғына дейін жеткізген Анатолий Чубайсті және көптеген басқа тұлғаларды да кездестіруге болады.

Бірақ бұл жерде біздің айтпақ болып отырғанымыз – әлгіндей тұлғаларды моншаққа тізіп шығу емес, керісінше, кәсіби журналистерге ауадай қажет және олардың кәсіби шеберліктерін ұштай түсетін, аталмыш кітаптан кө­кейге түйгендерімді шым-шымдап жеткізу мақсатымен ой бөлісу.

Біріншіден, аталмыш кітапқа енген бояуы қанық сұхбаттар журналистермен өткізілетін кез келген дөңгелек үстелге таптырмайтын азық болуға сұранып тұр.

Екіншіден, әмбебап журналистерді даярлайтын оқу орындары бұл туын­дыны оқулық ретінде пайдалану лазым.

Үшіншіден, сапалы журналистика деген ұғымды ту етіп ұстау үшін осы шығарманы талдауға арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылса, артық болмас еді.

Төртіншіден, бұл туындыдан білікті журналистерге “классикалық сұхбаттарды” қалай жүргізудің тәсіл­дері мен тетіктерін қотарып алатын мүмкіндіктердің мол екенін еске салғым келеді.

Бесіншіден, шетелдік журна­листиканың озық үлгілерін жылдам қабылдау үшін дүниедегі ең жеңіл тіл әрі бизнес, ғылым-білім тілі болып саналатын ағылшын тілімен қарулануды жоғары сатыға көтеру қажет дер едім.

Алтыншыдан, үстіміздегі жылдың ақпан айында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Марат Тажиннің ақпарат активімен кездесу барысында кө­терген Астанадағы журналистер көп шоғырланған Медиа Орталығының ғимараты шаңырағының астынан журналистердің кәсіби ше­берлігін ұштайтын тұрақты жүйе құру керек деген тапсырмасын басшылыққа ала отырып, ай­мақтарға да, орталықтарға да, яғни бүкіл елге қызмет көрсететін Журналистер Академиясы ашылса, құба-құб болар еді.

Жетіншіден, “Financial Times” газетінің 125 жылдық мерейтойына бағышталған әрі өзіміз дәл қазір тілге тиек етіп отырған жинақта көрсетілген сегіз бағыт бойынша да, өмірдің басқа салаларын қамти алатын өзге бағыттар бойынша да аталмыш академияның қасынан, әсіресе, ағылшын тілінде жарық көрген ең құнды саналатын туындыларды қазақ тіліне тікелей әрі тез аударатын орталық ашу лазым. Сонымен қатар бұл орталықтың ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға да тікелей себі тиетіні және шет мемле­кеттердегі еліміздің төл тарихына қатысты архивтерді түпнұсқасынан оқып, оларды іске жарата алатын тәржімашылар тобын жасақтауға да негіз болатыны күмән тудырмаса керек. Оның үстіне қазір бірнеше шет тілін ғана емес, ақпарат технологияларын да жете игерген жас мамандар жеткілікті. Солардың арасынан, сұраныстарын қанағаттандыра отырып, мықтыларын таңдап алуға мүмкіндік мол.

Сөз соңында ақпарат технологиялары тоқтаусыз дамып отырған мына заманда жоғарыдағы міндеттерді тез игеру мақсатымен шетелдерге ат­тан­дыратын десанттың құрамын жіті іріктеп, оларды қазірден бастап ақ­па­рат технологиялары мен шет тілдерін тереңдете игеруге бағыттау абзал.

Әділ АХМЕТОВ,
сенатор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Айқын» газеті, №138, 01.08.2013

http://aikyn.kz/articles/view/27220

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =