ФИНАЛДА ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ТАРТЫСТЫ

0 151

Астанада көкпардан өткен тұңғыш Азия ашық чемпионаты мәресіне жетті. Елорда төрінде өткен дүбірлі сайыста Қазақстан құрамасы құрлық жеңімпазы атанды. 

Қазақстанның ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының бастамасымен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі және «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен өткен халықаралық додаға Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан құрамалары қатысып, ұлттық спортымыздың мәртебесін биікке көтере түсті. Ерте заманнан қазақтың ұлттық ойыны ретінде танылып келген көкпар сайысы бүгінде заманға сай жаңа ережелер бойынша өткізіліп келеді. Сондықтан бұл спортқа басқа құрлықтардан да қызығушылық байқалып отыр.

Астанада тұңғыш рет өткізілген Азия чемпионаты алдында аталмыш жарыстың бас жүлдесіне Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары таласады деген болжам айтылған да еді. Шынымен де осы құрама екі топтың жеңімпазы ретінде ақтық бәсекеге жолдама алды. Аса тартысты өткен бұл сында қазақ жігіттері мықтылығын дәлелдеп шықты. Айыр қалпақты ағайындарды 4:2 есебімен ұтқан Қазақстан құрамасы тұңғыш рет өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атағын жеңіп алды. Ел намысын қорғап шыққан жігіттердің қайсы болса да өздеріне артылған сенімді ақтай білді. Атап айтқанда, ат құлағында ойнаған Құлажан Тоғайбаев, Бақтыбай Шырынқұлов, Бағлан Шырымбаев, Дәулетбек Омбаев, Еркебай Омарбек, Нұржігіт Мырзабаев, Арслан Қабжанов, Ермек Көбей, Манарбек Дүйсенбиев, Ұлан Байтөреев, Темірхан Айтпаев және Александр Пупенко алтын медаль тағынды. Ал қырғыз шабандоздары күміс жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін болған бәсекеде Тәжікстан құрамасы Қытай командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Өзбекстан құрамасын 9:2 есебімен ұтқан Ресей құрамасы бесінші орынға табан тіреді. Ал жетінші орынға таласқан Моңғолия және Түркия құрамалары арасындағы ойында Баян Өлгей аймағынан келген қандастарымыз басымдық танытты.

Құрлық біріншілігінде жекелеген номинациялар бойынша да бағалы жүлделер тағайындалған екен. Мәселен, «Үздік салымшы» сыйлығы қырғыз шабандозы Нұрмұхамед Қойшекеевке берілсе, үздік атқа тағайындалған «Ер қанаты» сыйлығы «Лазер» атты тұлпарды тізгіндеген қазақстандық Бақтыбай Шырынқұловқа табыс етілді.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы ұлттық ат спорты түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалды жарыс жеңімпаздарына командалық кубокты және медальдар тапсырды. Сонымен қатар жеңімпаз командаға 10 миллион, екінші орынға ие болған командаға 6 миллион, ал үшінші орынға ие болған командаға 4 миллион теңге сыйақының сертификаты табыс етілді. «Нұр Отан» ХДП атынан ұлттық спортымыз көкпарды насихаттап, оны жандандыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы сыйлықтар берілді.

Сонымен елорда төрінде тұңғыш рет өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Кезекті құрлық додасы екі жылдан кейін Түркияның Стамбұл қаласында өтетін болады.

 Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =