Фармакологияға қосқан үлесі зор

0 45

Биылғы тамызда ортамыздан мықты терапевт дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, педагог, профессор Талғат Мәжитовті сұм ажал алып кетті. Ұзаққа созылған дерттен ол 58 жасында дүниеден озды. Талғат Мансұрұлы терапия және клиникалық фармакология саласында жоғары санатты кәсіби маман болатын.Әріптестері оның, әсіресе, фармакотерапия саласын дамытуға қосқан ерен еңбегін ерекше атап өтеді. Профессордың басшылығымен осы бағытта оқыту бағдарламасы жасалып, сол арқылы қазіргі таңда еліміздің медициналық ұйымдарында еңбек етіп жүрген клиникалық фармакология мамандарының мықты буыны дайындап шығарылды. Ғалым осы саладағы ғылымның дамуына да өз үлесін қосып, аталған бағытта медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторларын тәрбиелеп берді. Сондықтан оны барша түлектері «еліміздің мыңдаған дәрігерлерінің ұстазы» деп атайды.
Талғат Мәжитов 1962 жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Оны 1985 жылы үздік бағаға аяқтап, Ростов халықтар достығы ордені медициналық институты жанындағы клиникалық ординатураға «терапия» мамандығы бойынша оқуға тапсырады. Ұшқыр ойы мен ғылымға құштарлығының арқасында ол профессор Н.Федоровтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмысына араласады. Сөйтіп 1992 жылы ол «Созылмалы калькулезді емес холециститтің кешенді терапиясында танафлон мен холонертонның клиникалық тиімділігін салыстыра бағалау» деп аталатын кандидаттық диссертациясын өте жоғары деңгейде орындап, қорғап шығады. Сол жылы Алматыға оралып, өзі білім алған институттың клиникалық фармакология кафедрасында алдымен оқытушы, артынан доцент болып қызмет атқарады. 2002 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының клиникалық фармакология кафедрасын басқарады.
Талғат Мансұрұлының елордадағы қызметтік жолы 2007 жылы Астана медициналық университетіне шақыртылып, жалпы және клиникалық фармакология кафед­расын басқарумен басталды. Ал 2015-2017 жылдары осында клиникалық фармакология интернатурасы кафедрасының профессоры болып еңбек етеді. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласындағы менеджмент бойынша АҚШ-та бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Салаға сіңірген еңбегі бағаланып, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Дәрігер өмірлік жарын да өзі сүйген саладан тапқан. Зайыбы – Раушан Қарабаева да ҚР ПІБ МО аурухана директорының емдеу-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Өз ісінің білгірі, адал да ақжарқын азамат, шынайы интеллигент, адами қасиеттері мол жан ретінде көптің көңілінде қалған Талғат Мәжитовті білетіндер қимастықпен еске алады. Оның дүниеден өтуі Қазақстанның денсаулық сақтау саласына да, ғылымына да орны толмас қайғы болды. Әсіресе, өмірінің соңында кафедра меңгер­у­шісі болып еңбек еткен – Астана медициналық университеті ұжымы үшін аяулы әріптестің орны ойсырап қалды. Жақсы адамның жарқын бейнесі оны жақын білгендердің жүрегінде мәңгілікке сақталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 1 =