ФАРИЗА ТАУ

0 334

Өнерімен, еңбегімен, ерекше болмысымен оқшауланған тұлғалар жайлы толғансам, төбесі көкпен таласқан биік-биік таулар көз алдыма келеді. Тау-лар. Бірі – ықтауға жақсы, көлемді, қанатын жайған, енді бірі – жер бетіндегі тіршілікке биіктен көз салып отыруға ыңғайлы, төбесі жазық, мекендеуге жайлы, ал келесілері – көгіне көтерілсең, көтерілуге шамаң жетсе, бір сәт те болса аспан құшағына енгендей ғажайып күйге бөлейтін, көк тіреген биік шың.

Фариза Оңғарсынова осындай ұшар басы көкпен астасқан, бас айналдырар биік шың тәрізді. Олай дейтініміз, замандас-қаламдастары айтатындай, «алдынан келгенді тістейтін, артынан келгенді тебетін», асау да адуын мінезді ақын болмысы, расында, тым күрделі. Бір қызығы, көңіліне жақпай, көлгірсігенге қанша ұрысса да, ақын апамның ар жағы күлімсіреп тұрады. Өйткені, жаны нәзік.

«…Сезімін қанша ашық айтам десе де, ақын қыз табиғатында әлсіздік пен нәзіктік жоқ емес. Жібектен жұқа, пернеден сергек жан болмаса: «Шыр еткендей қоңырау – сонда есікке, жүрегім жүгіреді» деген дірілді жолдарды жазар ма еді?!» деп қаламдас сіңлісі Күләш Ахметова бір мақаласында жазғандай, соншалық сезімтал.

Алғашқы кездесу

2002 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне сұхбат алу үшін алғаш рет Фариза апаммен тілдесерде жастығым, балаңдығым болса керек, ештеңеден тайсалмағам. Ақын апам да өзін іздеп келген қаршадай қызды жылы шыраймен қарсы алды. Алайда, жат қолға бірден жалынан сипатпайтын арғымақ аттай, маңайлатпай, сұрақтарымды жазбаша түрде әкеліп тастауымды бұйырды. Бұдан соң, Қуаныш Сұлтановтың сөзімен айтқанда, ақындардың аманатын арқалаған, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы поэзия әлемінің патшасындай болған Мұқағалидың мұңын тыңдаған ақынға сұрақ дайындауға кірісіп кеттім.

Фариза ақынға өзге оқырмандары мен жалпы халықтың ықыласы қаншалық ыстық болса, менің де көңілім соншалық іңкәр еді. Әсіресе, бала күнімде Фариза ақынның шығармашылық кеш өткізіп, онда қыз-келіншектер сахнаға шығып, көзіне жас алып, ақын апайына деген шексіз ілтипатын жеткізіп, ақынға арнаған өлеңін оқып, ақын жырынан жанына медет тапқанын ақтарыла айтқанын теледидардан тамашалап, үлкен әсер алғандықтан, ақынның енді бетімді қайтармайтынына сенімді едім. Әйтсе де, дайындаған сауалдарым әлі өмірден ой-олжа жинақтамаған менің өз деңгейімде болып шықты. Көңілім, ниетім дұрыс болса да, сөз қолданысым қисынсыздау тиіп, ақынның ашуын туғызды.

Жазбаша берген сауалдарыма екі күннен соң-ақ жазбаша жауап келген. Онысы, турасын айтқанда, жекіру, ұрсу еді. «Мына сұрағыңда қандай мысқыл жатқанын білмеймін» деп тұрып, ақын апам кәдімгідей «томсырайыпты» да.

Ақыры тілім жетпеген ой-сезімімді қаламымның ұшы маңайламайтынын аңғарту үшін Фариза апаға телефон шалдым. Ақын апам менің жауапқа қанағаттанбағанымды түсініп, қолжазбаны өзіне қайтаруды талап етті. «Ауызша әңгімелессек, мұндай түсінбеушілік тумас еді, менің енді не кінәм бар» деп, өзім де жас адамға тән өркөкіректік танытып, қасарысып бақтым. Әрине, балалығымнан.

Алғашында ұрсып, тұтқаны лақтыра салған апам екінші рет телефон шалып, әңгімеге тартқанымда мені түсінгендей болды. Сөйтіп, сөйлесу үшін Парламенттегі кабинетіне шақырды.

«Түйе толғатқан жеріне қайтып жоламайды» дейді. Мен енді қайткен күнде де, әр сөзіме абай болып, Фариза апаммен тіл табысуды мұрат еттім.

Ендігі кездесуде Фариза апам өзі кіп-кішкентай, бірақ мінезі «шатақ» журналистке, яғни маған сынай қарады. Өзіме сөйлеуге мүмкіндік берілгенін ұқтым да, ақынның кейбір өлеңдерін жатқа білетінімді, тіпті, кейбірін өз бетімізше ән қылып айтатынымызды әңгімелеп, «өнеріме» бастым.

Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,
Сүюдің қиындығын кім біліпті.
Көз қырын тастамай ол өте берді,
Жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.
Көз қырын тастамай ол өте берді,
Жүрекке арқалатып нұрлы үмітті,
ой, нұрлы үмітті, ой, нұрлы үмітті,
о-о-оу, нұрлы үмітті, о-о-оу, нұрлы үмітті…
деп, жырға ғашықтығын бейнелеген «Ұнатып ем…» атты өлеңді өзіміздің әнімізбен орындап шықтым.

Сынақ тапсырғандай жанымды салып, өзімнің бөтен ниетім жоқ екенін ұқтырғым келіп-ақ отырғанын Фариза апам сезінген секілді. Ән аяқталған соң жымиып күлді де, шуақты көңіл-күймен әңгімесін бастады…

Кейін ара-тұра жұмыс арасында ақынға кіріп, пікірлесіп тұратын болдым. Фариза апам да көрген сайын бар жағдайымды тәптіштей сұрап, енді менің жанашыр апама айналды.

«Қыздың жолы жіңішке» болса, өз арбасын өзі сүйреген, мұқтаждығы көп қыз баланың жолы тіптен қылкөпірмен бірдей келеді екен. Сондайда мұң шағып, ақынға барған күнім аз болмады. Өзінен кейінгі қолына қалам ұстаған көп сіңлілеріне танытқан қамқор көңілін Фариза апам маған да көрсетіп бақты.

Рухани туыстасу

2003 жылдың жазында Фариза апам «Керекуліктерді ұялтып қайтайын» деп, Павлодарға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 110 жылдығын өткізуге барғалы жатқан. Парламентте кезігіп қалып едік, өзімен бірге еріп жүруге шақырды.
Кабинетіне дейін әңгімелесіп келген соң:

– Сонымен не істейсің? Барасың ба? – деді Фариза апам.

Дәл осы күндерде үйге үш-төрт жылдан бері көрмеген апаларым келгелі жатқан. Мен қонақ күтетінімді айтып, лажсыздық таныттым.
Фариза апам жауабымды жаратпай, менен жүзін бұрып әкетті де, телефонын алып, сөйлесе бастады. Тіпті, дұрыстап «сау бол» деген де жоқ.

Өз бетімше қоштасып, есіктен шығып кеттім де, көңілімде дауыл соғып, состиып тұрып қалдым.

Фаризадай ақынмен сапарлас болу бұдан кейін маңдайыма жазбауы мүмкін. Өмір жолы әлі алда қайда апарып тіреп, қандай жағдайға тап қылары да белгісіз. Ендеше, осындай мүмкіндік туып тұрғанда, ақын өзі ұсыныс жасағанда мен неге бас тартуым керек?.. Бұл деген ақымақтық қой!

Осылай ойладым да, қайтадан жүгіре басып Фариза апаға келдім.

– Иә, не болды?

– Фариза апа, сізбен бірге барамын!

Ақын болмысы мұншалық риясыз бола ма, жас баладай жүзі бірден жадырап сала берген апам мекен-жайымды сұрап білді де, екі сағаттан соң, келіп алып кететінін айтты…

Осы сапар ақынды жақынырақ тани түсуіме, ақын жанын сезініп, рухани туысқа айналуыма үлкен септігін тигізді. Мен Фариза ақынның ерекше мейірімділігін көрдім. Әрдайым жылағанның жанынан табылуға тырысатынына, қиналғанға ақ қанатты періште ұқсап, демеу болғысы келетініне, әйел-анаға тән жұмсақтығына, дархандығына, кемелділігіне, көрегенділігіне тәнті болдым.

Фариза апа ән тыңдағанды жақсы көреді екен. Бір күннен соң қайтар жолда Павлодардан Астанаға жеткенше біз бірге ән салып келдік. Сол күндерде басыма бұлт болып үйіріліп тұрып алған ауыртпалықтарымды менен кем сезінбеген Фариза апамызбен бұл шақта әніміз ғана емес, жанымыз да, мұңымыз да бірдей еді…

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып үлгерген ақынмен жүздескен әр сәт мен үшін ғасырға татиды. Осы бақытымды өзіме арқа сүйеп өсіп келе жатқан бауырларыммен, анаммен бөлісу үшін Астанаға оралған соң ақынды үйге қонаққа шақырдым. Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулет сынды ағаларыммен бірге біз тұратын жатақхананың кішкентай ғана бөлмесіне Фариза апам да келді. Жанына қазақтың өнері өрге жүзген тағы бір қызы Лена Әбдіхалықованы ертіп алыпты.

Иә, не басында үй-күйі, не қолында қыз­меті, не қоғамнан алған орны жоқ адам деп алаламай, ақын осылай­ менің де жақын рухани туы­сыма ай­­налды. Бертінде, үйдегі кіш­­кен­­тай жиенімнің, содан кейін біздің ша­­­ңырағымыздағы тұңғыш баланың тұ­­сауын кесіп берді…

«Фаризаны сыйлап өт!»

Бертінде аса сыр­­­­шыл ли­ри­­ка­­лық жыр­­лар­­дың анасы Күләш Ах­­метова туралы­­ кітап жазбақ бо­­лып, ақынмен жүз­­дес­­кенмін. Ах­­метованың өмір жолы мен бол­­мысымен те­­рең таныса жүр­­генімде ал­­дым­­нан тағы да асқақтап Фариза апам­­ шыға келді.

Күләштай сіңлісін оқуын бітірмей жатып, қызметке алып, ақын өз қолымен демеген екен. Оны Күләш ақын шын ризалықпен әңгімелеп берді.

Оның сыртында, бір кездері Фариза ақынды ауылына ертіп апарғанын, «Фариза келді» деп, ел-жұрты қуанып, көгіне көтеріп қарсы алғанын баяндаған Күләш апа біздің кейіпкеріміздің ер адамдардан табыла бермес ірілігін, мәрттігін былай баяндады.

«Бір жолы әкем Ділдә мені іздеп Алматыға келген ғой. Сөйтіп, жұ­мы­­­сыма телефон шалса, Фариза апай кө­­теріпті. Мені сұрап тұрған әкем екенін білген соң, дереу үйге мәшине жібереді. Сөйтіп, маған айтпай, әкемді алып кетіп, қонақ қылады. Әбден риза етіп, иығына шапан жауып, кешқұрым үйге әкеліп тастайды. Соны естігенде Фариза апамның кісінің ойына кірмейтін жақсылық жасап, өзгелерді қуантқысы келіп тұратын қасиетіне таң қалдым», – деді Күләш апам.

Одан да қызығы, ақын Күләштің әкесі Ділдә көп оқитын, парасатты кісі болған, қайтыс болғанша қызына: «Қызым, мен Фариза ақынға ризамын. Ол кісі сенің әпкең, биік тұлға. Сыйлап өт!» деуден жаңылмапты.

Жуырда Фариза апама сәлем бере хабарласқанымда Күләш Ахметова туралы кітаптың ішінде осындай «қазына» барын айттым. Ақын толқи сөйледі:

– Расында, Күләштің әкесін де, бауырларын да танитынмын. Өте жақсы адамдар. Әсіресе, әкесі үлкен парасат иесі. Ділдә ондай кісі болмаса, Күләштай қыз тәрбиелеп, өсіре ме?! – деді Фариза апам.

Бірін-бірі көтермелеп, қошеметтеп отырған ақын апаларымның қасие­ті­не­­ іштей бас иіп, қуанып қалдым. Мұн­дай сыйластық, ниеттестік, сірә, қа­­зақтың қаламгер қыздарының ғана бойында бар шығар!

* * *

Рас, Фариза ақын туралы Мә­риям Хакімжанова да, Ханбибі Есен­­­­­­­­­­­­ғарақызы да, Күләш Ахметова да­­­­ ерекше лебіз білдіріп, қалам тер­­­бе­ген. Ақұштап Бақтыгереева, Мар­­фуға Айтқожина, бертіндегі Гүлнәр Салықбаева, тіпті одан беріректегі Маржан Ершу… – жалпы әдебиетте жүрген әйел адамдардың бәрінің де жырлас, мұңдас болып ке­­летіні анық. Олардың арасына от жа­­ғып, бірін бірімен салыстырып, бі­­ріне бірін айдап салып, тау мен тау­­ды соғыстырғысы келетіндер бол­­ғанымен де, олар ешқашан соқ­­ты­­ғыспайды. Өйткені, олар бір-бір төбе. Және бәрінің тамыры Жер-Анада түйісетін болғандықтан, олар мұңы мен түпкі мұраты бір, бір терінің пұшпағын илеген туыстас, рухтас жандар!

Бір ғана Күләш Ахметованың «Өз ба­­сым алдымда Фариза апа сынды поэ­­зияға биік талаппен қарап, өзі де­­ қияларға жол тартқан қыран та­­лант­­тың болғаны үшін қуанамын» («Ақынсыз бар сәті, бар күні аңыз» атты мақала, 1989 жыл.) деуі – сол ниеттестіктің белгісі.

Тау-тұлға

Біз… әйел адам болғаның үшін – нәзіктігің үшін әлдекімдер арыңды қаралағысы келгенде; «балаңды бағып, үйде неге отырмайсың» деп, ер-азаматыңды әлсізге балап, намысына тиіп, табалағысы келгенде; қаншалық еңбек етіп, қажыр-қайрат танытсаң да, «әйел» деп, көзге ілмей, талант деп санамағысы келгенде; әйел адам болғаның үшін өзге әріптестеріңнен бөлектеп, алалағысы келгенде әлі күнге Фариза апаға барып мұң шағамыз. «Бұзауға туған күн өгізге де туады» демекші, Фариза жырларында күйіне жазған әділетсіздіктің, бассыздықтың алдыңа келіп жатқанына налып барамыз. Бірақ:
Тірлікті көктеп, сырмақтап,
Болмаса да, өмір мұзды арна –
Күн кешу жанмен нұрлы, аппақ
Оңай деймісің қыздарға!
– деп, іштей мұңая жүріп, қаншама қарсы соққылар мен тосқауылдарды тойтарып тастап, қасқайып, өз биігіне көтерілген Фариза ақынды көргенде бәрін жеңуге болатынына сенеміз. Мұндайда Фариза ақын біздің алдымыздан қол бұлғап шақырған асқақ арман, жарық жұлдыз, қабырғамыз қайысқанда сүйенер қорған, дем беруші муза тәрізді.

* * *

Сонау бір жылдарда Фариза ақын Шымкент шахарына қыдырып бар­ған екен. Қаламдас інілерінің бі­­рі Аян Нысаналин ақынды күтіп алып, ел аралатады. Олар оқу орын­­дары студенттерімен кездесіп, Түр­­­­­кіс­­тандағы Қожа Ахмет Ясса­­уи кесенесіне тәу етеді. Содан ке­­йін жо­­лаушылар Жетімтаудың бау­­ра­­йын­­дағы қос бұлақ басында тыныс­­тап отырыпты.

Сонда Аян ақын:

– Фариза, әрі заманы бір қалам­­дас­­­­­­­сыз, әрі әпкемізсіз. Сізге ер-тұр­­­­­­­­­ма­­нын күмістеп соқтырып ат, жар­­­­­­­­қылдаған мәшине мінгізер едім. Бі­­рақ менің және мына қасыңызда қо­­шеметтеп жүрген өнерлі іні-сің­­лі­­леріңіздің қолында байлық та, би­­л­­ік те жоқ екенін сіз жақсы тү­­сі­­несіз. Мен мына бауырларыммен ақылдасып, Қаратаудың бір сілемі – сонау жеке тұрған тауды сыйлаймын. Қа­­раңызшы, өзі онша биік те, аласа да­­ емес, бірақ бойында белгісіз бір құ­­пия құдірет бардай сезіледі. Сол тауды бұдан былай шымкенттіктер «Фариза тау» деп атайтын болады, – депті.

Сол Фариза тау алғашқы адамның ізі қалған Қаратау қапталында. Биік­­те­­месе, аласарған жоқ.

Осы оқиға жайлы естігенде, мен­­ де тауды, Фариза тауды көруге ын­­тық­­қам. Бәрінен бұрын қазақ та­рихында ерекше болмысымен, зор­ тұлғасымен ерекшеленген және ерекше болып қалатын ақын атында бір биіктің болғаны қуантқан еді.

Оңтүстік өңірде Фариза­ Оңғар­сы­нованың атымен аталатын бір тау барын, бәлкім, көпшілік білмейді де. Бірақ, жыр сүйер, тұлға таныр әр қазақтың көкейінде Фаризаның асқақ болмысы менмұндалап, бір-бір Фариза тау тұрғаны анық.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + eight =