Фарабта туып, Шамда дамыл тапқан

0 35

Әлемдік өркениетте Отырар мен Фараб-Отырар оазисі тарихи-мәдени маңызы жағынан әлемнің жеті кереметіндей жеті ерекшелігімен айқындалған аймақ, қала-мемлекет болды. Археолог ғалымдардың зерттеулерінше, Отырар мен Фараб-Отырар оазисінің әлемдік мәдени мұрадағы маңыздылығы мынада болған: бірінші – Отырар және онымен жапсарлас оазис ежелгі отырықшылықтың, суармалы егіншілік пен қалалық өркениеттің орталығы болды; жартылай көшпелі, көшпелілер Отырарды өз қалам деген. Соғыстың сасық иісі шыға қалса, жауға қарсы отырарлықтармен бірге соғысқан; екінші – Фараб-Отырар Ұлы Жібек жолындағы руханияттың алтын бесігі болған: қытай, еуропа, шығыс мәдениеттері мен өркениеттері, христиан, мұсылман, заростризм діндері, араб, парсы, түркі әдебиеттері тоғысқан ірі орталық осы оазисте қалыптасып, ортағасырлық Қазақстандағы тек экономикалық және мәдени өмірдің ғана орталығы емес, ғылыми ойдың да орталығы болды; Фараб, Отырар округтері адамзатқа әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби бастаған отыз ойшылды берді (әзірге белгілісі);

Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы-Фараб-Весидж-Оксус (Оқсыз) қала жұрты. I-XV ғ.ғ.

үшінші – Отырар мен Фараб-Отырар алқабы Орталық Азия мен Қазақстанның саяси-экономикалық және мәдени тарихына зор үлес қосқан егін, мал шаруашылығы, қала мәдениеті қатар дамыған ерекше аймақ болған. Отырар Орта Азияның отырықшы егіншілік тараған алқабы мен мал шаруашылығы өркендеген Дешті Қыпшақты жалғастырған аралық өркениет болды. Осыған байланысты мұнда тайпалардың араласуы, мәдениеттердің бір-біріне әсері ерте дәуірден-ақ, өзге өңірге қарағанда қарқынды белең алған; төртінші – Отырар қазақ хандығының қалыптасуына ерекше үлес қосқан Дешті Қыпшақ даласының негізгі тұрғындары-қыпшақ тайпаларының мәдениетін танытқан ерекше өркениет болды; бесінші – ортағасырлық Отырар ескерткіштері қазақтың материалдық және рухани мәдениет генезисінің проблемаларын шешуде маңыз­ды рөл атқарды; Отырар жазирасы қазақтың алғаш рет халық болып қалыптаса бастаған алтын бесігі болды. Сондықтан Отырарда жасалған әрбір қолөнер бұйымын қазақтың ұлттық төл бұйымы деуге болады. Оны бізге жеткен түпнұсқа қолөнер жәдігерлерінің қадым заманынан ғасырлар бойы өзгеріссіз келген пошымдық ұқсастығынан, нақыш-бояу­ларынан, дәстүрлі рулық таңба-белгілерінен айқын аңғаруға болады. (Өзбекәлі Жәнібеков); алтыншы – Ұлы түркі қағанатының батысындағы, Сырдария бойындағы бас қақпасы болған Отырар-ежелгі түрік мемлекеттілігінің орталығы болды; жетінші – заманында Орта Азиядағы ең үлкен ирригациялық құрылыстың бірі болған Орта ғасырдағы Отырар суландыру жүйесінің қазіргі сілемдері бойынша ғарыштық және аэрофото материалдарын қолдану арқылы археологиялық-топографиялық зерттеу жүргізудің мүмкін болғандығы; зерттеу нәтижесі бойынша Оңтүстік Қазақстандағы суармалдылықтың ең дамыған формаларының аллювияльдық алқаптарда кең тарағандығының анықталуы (Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Отырар ауданы. Алматы, 2007). Міне, осындай ерекшеліктерімен Отырар түркі әлемінде әлемдік өркениетке жетті. Бұл – А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, К.А.Ақышев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович, В.А.Грошев, С.М.Ақынжанов, С.Ж.Жолдасбаев, Т.В.Савелева, Е.А.Смағұлов, Б.Нұрмұханбетов, Р.З.Бурнашева, В.Н.Настич, Ю.А.Мотов, М.Б. Қожа сынды тарихшы археолог ғалымдардың пайымдаулары. Аталған зерттеушілердің ішінде алғаш рет Отырардың археологиясы мен тарихын тың археологиялық материалдар мен жазба тарихи деректер, ескерткіштер жөніндегі аңыз­дар арқылы жаңаша зерделеген ғалым – Қожа Мұхтар Баһадүрұлы.

Тағзым. Әбсаттар Қажы Дербісәлі Әбу Насыр әл-Фараби қабірінің қасында. 2006 ж. 9 наурыз.

Ортағасырлық Фараб-Отырар иелігінің тарихи-география­лық аймағын мүмкіндігінше дәл айқындап берген археолог ғалым Қожа Мұхтардың жазуынша, оңтүстікте Төлеби бабамыз мәңгі тыныстаған Шашпен шекаралас, солтүстік шығыс­та Исфиджаптан (Сайрамнан) солтүстік-батысқа қарай Сырдарияның екі жағын Қызылқұм, Қаратау қапталдарын алып жатқан аймақ Отырар-Фараб уалаяты деп аталған. Бұл иелік әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалым жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері – қалың елі. Осы уалаяттың Сырдарияның сол жағалауындағы Фараб-Весидж (уасидж)-Зернук-Оқсыз қалашығында 870 жылы Әбу Насыр әл-Фараби туған. Қала қалдықтары (қала жұрты) қазір Оқсыз (Оксус) деп аталады.
Ғылым қуып шет жұртқа шығандап кеткен бабаларын жерлестері қашан да іздеген. Оған:
Тұранның кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын.
Күңірентіп тоқсан тоғыз күй тартқанда,
Тебірентіп кім төкпеген көздің жасын, – деп Тұран музыкасының негізгі сарыны әл-Фараби музыкасында жатқанын қазаққа алғаш рет танытқан Мағжан Жұмабаевтың өлеңі дәлел.
Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы 5-7 қыркүйек күндері ресми сапармен Сирия Араб Республикасында болғанда, келіссөзде саяси, экономикалық мәселелерден басқа, екі елдің ежелгі рухани байланысын жандандыруға ерекше көңіл бөліп, Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Асадпен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-кітап­хана-мешітін, медресесін қайта жаңғыртуға, әл-Фараби бабамыздың басына кесене, этно-мәдени орталық салуға келісті. Екі елдің басшылары «Баб ас-Сағир» – «Кіші Қақпа» мазарат дуалының қабырғасына жасалған рәмзи есік ішіндегі сөреге «Осы жерде екі елдің патшалары әл-Фарабиге арналған болашақ кешен кірпішін қалады» деген жазуы бар капсуланы салып, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың бейітіне зиярат етті. Олар әлемде теңдесі жоқ ұлы ойшыл, жерлесіміз әрі қандасымыз, заманымыздың Аристотелі Әбу Насыр әл-Фарабидің әлемдік ғылым мен мәдениет­ке сіңірген ғаламат еңбегін жан дүниелерімен сезініп, ұлы бабасының басына көк күмбез тұрғызып, ғылыми мұраларын жинап, сақтап, зерттеп, зерделеуге, адамзат игілігіне айналдыруға келісті.
Мәселен, осы күнге дейін әлемде теңдесі жоқ ғұлама энциклопедист-ғалым, екінші Аристотель атанған жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабиді «араб философы» деп жазып келді ғой. Ал шындығында олай емес қой, әл-Фараби – араб тілді қазақ философы. Енді тарихты өз орнына қоятын мезгіл келді. Ол үшін сыртқы факторды алға тарта берудің қажеті жоқ. Әбу Насыр әл-Фарабидің ислам философиясының негізін салушы энциклопедист-ғалым екендігі, оған түркілік негіздің, ұлы ғалымның тарихи отаны Ұлы даланың әсері болғандығы айқын. Өйткені Қазақстан ортағасырлық ислам өркение­тінің ірі орталықтарының бірі болды. Отырарға ислам VІІІ ғасырда туын тікті. Ғалымдардың жазуынша ислам келген соң бұл өлкеде ғылым мен мәдениет бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып, 30 жасында Фараби Отырар медреселерінде білім алып, бозбала кезінде Таяу Шығыс елдеріне жетіп, білімін жетілдіріп, әлемдік ғылым салаларының антикалық дәуірден басталатын бастауларын айқындап қалыптастырғаны, дамытқаны, сөйтіп энциклопедиялық ғылым жасағаны ақиқат. Бұл құбылыс – «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде» басталған төл тарихымыздағы ұлы жетістігіміз.
Қазір жоғарыда аталған мемлекетаралық келісім бойынша Қазақстан жағының пәрменімен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың кесене-мешіт-кітапхана-мектебі қайта жөнделіп, Әбу Насыр әл-Фарабидің этно-мәдени орталығының құрылысы аяқталды. Қайта жаңғырту, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» – республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Бұл Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарысқа қатысты ғылыми, тарихи, мәдени құндылықтарды мемлекеттік қамқорлық арқасында сақтап, адамзат игілігіне айналдырудың бұрын-соңды қолға алынбаған шаралары еді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Сирия елдері арасындағы үкіметаралық келісім негізінде аталған жобалар жүзеге асырылды. 2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Дамаск (Сирия) қаласындағы Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының ресми ашылу салтанаты болмақ.
Ал Әбу Насыр әл-Фараби мен Әз-Заһир Бейбарыс Сұлтанға арнап туған жері Фараб-Оқсызда «Тағзым» тарихи-мәдени мемориалдық кешенін салу Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларымен сабақтасып жатқан қазақ халқының қазақ жерінде туып, шет жерде жүріп бақилық болған ұлы тұлғаларына деген құрметі болмақ. Әбу Насыр әл-Фараби жерленген «Кіші қақпа» – «Баб ас-Сағир» мазаратын алғаш рет 1968 жылы фарабитанушы-ғалым Ақжан Машанов Сирияға барғанда іздеп тауып, естіген, көрген, білген деректерін, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің 1968 жылғы санында «Тоғыз жолдың торабында» деген атпен жарияланған болатын.
Осы сапардан кейін, 1981 жылы академик Рахманқұл Бердібай, қоғам, мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков т.б. қазақстандық қайраткерлер Қазақстан делегациясының құрамында Сирия араб рес­публикасына барып қайтты. Ғалым Рахманқұл Бердібай бұл сапары туралы алдымен «Лениншіл жас» газетінде «Сириядан келген сый» деген хабар, кейін «Жұлдыз» журналының 1981 жылғы №11 санында «Шам елінде» деген көлемді зерттеу мақала жариялады. Мақаласында ғалым араб елдері мен Орта Азия, Қазақстан халықтарының арасындағы мәдени қарым-қатынасын, араб алфавитінің біздің мәдениетіміздегі орны мен қызметін, араб әдебиеті шығармаларының Қазақстанға ежелден кең тарап келгендігін, қазақ әдебиетінде шығыс поэзиясына тән дәстүр тағылымдарының сан тарау екендігін, қазақ орта мектептерінде шет тілдері қатарында араб тілі оқытыла бастағанын, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде араб бөлімшесінің ашылғанын, онда Ә.Дербісәлиев, М.Мәженова, Б.Көмеков, Н.Өсеров секілді болашағынан зор үміт күттіретін шығыстанушы ғалымдардың еңбектеніп жатқанын, араб халықтарымен достық байланыста бүкілодақтық совет-араб достығы қоғамының қазақ бөлімшесінің қыруар іс атқарғанын және Сирия сапарында әл-Фараби бабасының ізімен өзі аралап көрген сол елдің тарихи тағдыры болған Дамаск, Басра, Пальмира, Хомс, Тартус, Латакия қалаларының сәні мен салтанатын, сұлулығы мен жарасымдылығын, өз құдірет болмысымен бағамдай келе, осы сапарда сириялық достары сыйға тартқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мүсін-ескерткішінің жайын былай баяндайды: «Сирия жеріне барғаннан-ақ әл-Фараби ескерткішін» көруді аңсаған едім. Өйткені Отырар қаласында туған данышпан жерлесіміз өмірінің көбі араб елдерінде, Мысырда, Бағдатта, Дамаскіде, Алеппода өткізгені, өзінің өшпес еңбектерін сол өңірде жаратып, мәңгілік даңққа бөленгені мәлім. әл-Фарабидің қайтыс болып, қабірі қалған жер Дамаск болатын. Оның үстіне 1975 жылы Алматыда Фараби мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференция өткен кезде Сириядан келген қонақтар Дамаскіде ұлы ғалымға ескерткіш орнатылды дегені де есімізде еді.

Абдулла ЖҰМАШЕВ,
әдебиетші, этнолог, өлкетанушы,
мәдениет қайраткері

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − two =