Фарабта туып, Шамда дамыл тапқан

0 181

Ал 1991 жылы бірнеше жыл Сирияда іссапарда болған қазақстандық гидрогеолог Нұрмахан Әметұлы Қошқарбаев біздің (А.Жұмашев) өтінішімізбен, әкесі Әметтің тапсыруы бойынша Дамаскіде арнайы болып, баба зиратын, құлпытасын, еңбектері жарияланған бірнеше кітаптарын суретке түсіріп, қоғамдық негізде біз (А.Жұмашев) ашқан Әбу Насыр әл-Фараби музей-кітапханасына тапсырған болатын. Біз кезінде Нұрмахан Әметұлының осы сурет деректері бойынша бабамыздың қабірін, құлпытасын алғаш рет «Әбу Насыр әл-Фарабидің қабірстаны» деген тақырыпта көлемді «Оңтүстік Қазақстан» газетінде мақала жарияладық.

Дамаск (Шам) шаһары 

Сол жылдың 14 мамырында Президенттің сол кездегі кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед Каирден қайтар жолда Дамаскіге соғып, Әбу Насыр әл-Фараби және оның қабірстаны жөнінде бірсыпыра деректер алып, оны республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 12 желтоқсандағы санында «Ұлттың ұлы ұстазы» деген тақырыпта жариялады. Ол Каирге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың әлем діндерінің басшылары мен аса ірі дін қайраткерлеріне қазақ елінің жаңа елордасы Астанада бас қосып, мәслихат құруға сауын айтқан шақыруын саны миллиардтан асатын мұсылман-сүнниттердің ұлы имамы әз-Азһар шейхы Мұхаммед Сайд Тантауйге жеткізу үшін арнайы іссапармен барған болатын.
Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс кесене-мешіт-кітапхана-мектебін қайта жаңғыр­ту, Әбу Насыр әл-Фараби этно-мәдени орталығын салу жұмыстарына байланысты «Екі жақты құқылы комиссия мүшелерін анықтау», «Жер мәселесін келісу, Қазақстан атына аудару жолдарын шешу», «Орындаушыларды анықтау», «Жер құнын және жоба құнын анықтау» секілді өкіметаралық келісімдердің шешілу деңгейі анықталды. Сондай-ақ құрылыстардың алғашқы сметалық құны анықталды. Осыдан кейін 2006 жылы құрамында Қазақстан Рес­публикасы Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің ректоры Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, қоғамдық негіздегі Әбу Насыр әл-Фараби музей-кітапханасының меңгерушісі Абдулла Жұмашев (қазіргі «Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби музейі» мемлекеттік-коммуналдық қазыналық кәсіпорнының тұңғыш директоры), журналистері бар Қазақстан делегациясы әл-Фарабидің туған жері Отырардан бір уыс топырағын алып Дамаскіге барып, оны ұлы ойшылдың «Баб ас-Сағир» – «Кіші Қақпа» мазаратындағы қабіріне салып, гүл шоғы ретінде дерменесі мен жусанын қойып, қабір топырағын туған жерге жеткізіп, Арыстанбаб мазаратына салды. Сондай-ақ осы шаһарда жерленген Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Сайд Заһирұлының кесене-кітап­хана-мешіт-медресесіне барып зиярат етілді.
Сирия сапарында біз әл-Фараби мен Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен баласы Сайд Заһирұлының қабірлерінің толықтай сипаттамаларын, өлшемдерін жазып алдық.
Әбу Насыр әл-Фараби қабірінің ұзындығы – 2 м 27 см, биіктігі – 73 см, ені –1 м 26 см, үстіңгі бетінің ұзындығы – 2 м, ені – 9,5 см. шамасында. Қабір цемент қоспамен сыланған. Ал қабірдің аяқ жағындағы үлгісі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қас бетіне ұқсас көне жазулы құлпытастың ұзындығы – 44 см, ені – 37 см, қалыңдығы – 11,5 см. Кейінгі ғасырларда осы құлпытастағы көмескіленіп өше бастаған жазулар ақ мәрмәр тақта тасқа көшіріліп, зираттың басындағы оған жапсарлас үйдің қабырғасына жапсыра орнатылған. Оның ұзындығы – 83 см, ені – 60 см, қалыңдығы – 3 см. Тастағы алты қатар мәтін астынан – 3 см, үстінен – 4 см, бірінші жол екі жағынан – 32 см, екінші жол – 14 см, үшінші жол – 4 см, төртінші жол – 4 см, бесінші жол –20,5 см, алтыншы жол 10 см азат жол қалдырылып, терең бәдізделіп жазылған. Соның біз аударып жазып алған араб және қазақ тіліндегі нұсқалары мынау:
Фатиха (1-жол), Бисмиллаһи иррахман ир-рахим (2-жол), һаза зарих альфайласуф уа аль-адаб уа аль-мусики аль-машһур Әбу Насыр ал-Фараби (5-жол), улиғам 260 хижра фи Фараб уа туффари фи Димашқ 339 хижра (6-жол).

Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы Фараб-Весидж-Оқсыз қала жұртынан балтакөлдік
өлкетанушы ұстаз Алтаев Адасқан кездейсоқ тапқан сазсырнай. ІХ-Х ғ. Отырар ауданы

Аудармасы: Фатиха (1-жол), Рахманлы рахымды Алла атымен бастаймын (2-жол), бұл зират мұсылман ғалымы және философы және әдебиетшісі және музыканты (3-жол) Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ (4-жол), мәшһүр Әбу Насыр әл-Фарабидікі (5-жол), хижраның 260 жылы Фарабта туды және хижраның 329 жылы Дамаскіде опат болды (6-жол).
Әбу Насыр әл-Фарабидің қабірі көп қабатты үйдің (екі не үш қабат болуы мүмкін) қабырғасына жапсарлас тұр. Қабірді айнала алты жерінен-төрт бұрышынан, екі жанынан, қос-қостан мәрмәр тіреулер қойылып, үсті мәрмәр тақтамен бастырма іспеттеліп, жабын жиегі кәсекіленіп жабылған. Үш жағы қазақтың алашасының тініндей бір-біріне жалғасқан мүйіз өрнекті темір шарбақпен қоршалған. Шарбақтың ені – 2 метр 30 см, ұзындығы – 7 метр 45 см, биіктігі 3 метр шамасында. Ішінде бес қабір тұр. Төрдегісі – Әбу Насыр әл-Фарабидікі.
Ежелгі Дамаск жеті қақпалы қала болған. Бабамыз талай кіріп, талай шыққан «Баб Шарқи» («Шығыс Қақпа»), «Баб Таума», «Баб Қайсан», «Баб ас-Сағир» («Кіші Қақпа») секілді қасиетті қала қақпаларының ізі осы күні де бар екен. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Кіші Қақпаға» («Баб ас-Сағир») жерленгендігі туралы ортағасырлық араб тарихшылары жазып кеткен. Мәселен, Араб жылнамашысы Ахмад Ибн Халикан (ХІІ ғ.) «Китаб уафайат әл-ағиан уа абна аз-заман» («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар туралы кітап») атты еңбегінде «…ол бау ішінде, бұлақ басында күн өткеріп, шығармаларын жаза берген… оның өз үйі болмаған. Ол ешқашан да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад-Дауала оған қазынадан күн сайын 4 дирхам беріп тұруды бұйырған, өйткені әл-Фараби осы мөлшерді қанағат еткен. Өле-өлгенше осылай күн кешкен де, хижраның 339 жылының раджаб айында Шамда дүниеден қайтқан. Алла тағаланың рақымы түсіп, оған Сайф ад-Дауала серіктерімен бірге оны жерлеуге келген. Осы кезде әл-Фараби 80 жаста еді. Оны шам шаһарының сыртындағы «Баб ас-Сағирда (Кіші Қақпада. А.Ж.) жерлеген. Алла тағалам оған иман байлығын берсін…» әл-Фарабидің ныспысы фараб шаһарына байланысты алынған, қазір-Атрар деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында. Бұл – өзі түркілердің астана қалаларының бірі. Сейхун өзенінің арғы жағында…» деп атап жазып кеткен.
Сирия сапарында біз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың, бірталай трактаттарын және басқа да әдебиеттерді елге, музейге алып келдік. Бұл кітаптарды бізге Умаийа (Омея) мешітінің 80 жастан асқан бас имамы, Сирияның Уқыф министрі Заийа ад-Дин әл-Аийуби, Жоғары білім министрі Гийяс Баракат пен Дамаск университетінің ректоры уайл Муалламырзалар өз қабылдауларында сыйлап тапсырды және кітапханадан, кітап дүкендерінен сатып алдық. Сол кітаптардың каталогтік тізімін «Отырар алқабының ақындары» (2019) атты кітабымызда жарияладық.
2006 жылы Сирия араб Республикасына Қазақстан делегациясының құрамында аудан әкімі кезінде барған Құртаев Әлімжан 2019 жылдың 4-12 қыркүйек күндері Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде арнайы іссапармен Түркияның Стамбул, Ливанның Бейрут, Сирияның Дамаск қалаларына барып қайтты. Мақсат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында, Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы негізгі мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының қарсаңында бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысын көріп, келер жылы әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама ғалымның мерейтойы шеңберінде қандай іс-шаралар іске асырылуы керектігін жоспарлап нақтылау керек болатын. Іссапар Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен (ректоры Ғалымқайыр Мұтанов), Қазақстан Республикасының Ливандағы Консулдығының және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті Елшісі Самир Әли Дерехтің қолдауымен жүзеге асты.
Қазақстан делегациясының құрамында түсіру тобы, журналистер қауымы да болды.
Қазақстандық делегация Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына байланысты мемлекеттік деңгейде, мемлекетаралық ауқымда атқарылуға тиісті іс-шараларды нақтылап қайтты.
Делегация құрамындағы атақты кинорежиссер, сценарист Сергей Азимов бастаған түсірілім тобы өздері Алматыда, Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де фарабитанушы ғалым Жақыпбек Алтаев басқаратын Фарабитану орталығында, Отырардағы Әбу Насыр әл-Фараби музейінде бастаған бабамызға қатысты фильмге қажетті мол бейнематериалдар жинақтады.
Жалпы, Сирия сапарында қазақстандық делегация көп істерді атқарды.
Биыл, 2020 жылғы 7 қаңтарда Отырардағы Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби музейінің директоры Алмас Жұмашовтың сұрау салуымен Дамаскінің Аль-Фатах ал-Ислами университетінің оқытушысы, фарабитанушы ғалым, философ, музыка зерттеуші Фарфур Шихабуддин Салих Ахмад Әбу Насыр әл-Фарабидің бірнеше әнін музейге жіберіпті. Бейнежазбада әнді орындаған музыка зерттеуші ғалымның өзі екен. Бұрын Араб әлемін тербеткен Әбу Насыр әл-Фарабидің әндері енді өзінің туған отаны Тәуелсіз Қазақстан Республикасының көгінде алғаш рет қалықтайтын болады.
Отырар медреселерінде білім алған Әбу Насыр әл-Фараби Араб елдеріне жетіп, білімін толықтырып, басқа трактаттарының қатарында «Музыканың ұлы кітабы-Китаб аль-мусики-аль-кабир» трактатын жазған, өзі ән шығарған. Яғни, ғұлама энциклопедист-ғалым тек музыка зерттеуші ғана емес, композитор да болған.
Жоғарыда аталған Дамаскінің Аль-фатах аль-Ислами университетінің оқытушысы, фарабитанушы, философ, музыкант Фарфор Шихабуддин Салих Ахмадтың айтуынша «Далэль аль-Кунуз» атты кітапта Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарының бір парасы өз өсиеті бойынша қабірдің астына қоса көмілген деген дерек бар екен. Сондай-ақ Араб әлемінде ұлы ойшылдың 200-ге жуық әні сақталып, біздің заманымызға жеткен. Фарфур Шихабуддин Салих Ахмад әнді түгелге жуық білетіндігін айтты. Біз 2008 жылы Сирия Араб Республикасына екінші рет болғанымызда ғалым бізге келесі келгендеріңізше әл-Фараби әуендерінің нотасын дайындап қоямын деп уәде етіп еді. Бірақ Сирияда соғыс басталып кетті… Енді азамат ғалым Сириядағы бейбіт күннің жылымығын пайдаланып, сол уәдесіне орай әл-Фараби әндерін өзі және басқа да әншілердің орындауында Отырардағы Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейіне жолдапты. Бұл Әбу Насыр әл-Фараби құндылықтарына деген үлкен қамқорлық еді.
Қазақстандық фарабитанудың қалыптасуы мен дамуына әр кезеңде үлкен үлес қосқан Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Х.Қасымжанов, М.С.­Бурабаев, Ә.Дербісәлі, Ә.Н.Нысанбаев, А.К.Көбесов, К.Б.Жарықбаев, С.Қ.Сатыбекова, A.M.Кенесарин, Г.Р.Қоянбаева, F.Қ.Құрманғалиева, А.Н.Тәукелов, Ғ.Сапарғалиев, А.У.Уразбекова, Н.Л.Сейтахметова, А.А.Қасымжанова, А.С.Иванов, Ж.Алтаев т.б. есімдерді атап өту – парыз.
Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаев Қазақстанға басшылық еткен кезеңде фарабитану жұмысына жетекшілік жасаған академиктер Қ.И.Сәтбаев пен Ш.Е.Есеновтің есімдерін ерекше атау керек.
Алматыдағы Қазақ-ұлттық университеті Әбу Насыр әл-Фарабидің атымен аталады. Аталған оқу орнында фарабитану орталығы жұмыс істейді. Директоры фарабитанушы-ғалым – Жақыпбек Алтаев. Философия институтында фарабитану бөлімі бар. Институтта Ә.Н.­Нысанбаев бастаған белгілі фарабитанушы ғалымдар жұмыс істейді.
Ал Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған Отырарда аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің қамқорлығымен, Асантай Әлімовтің негізін қалап негіздеуімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ашылып, Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы Фараб-Отырар-Весидж (Уасидж) Зернук-Оқсыз (Оксус) және Отырар алқабындағы басқа да ортағасырлық қала тұрақтары археологиялық ескерткіш ретінде қорыққа алынып, археологиялық қазба, қайта жаңғырту, ғылыми-зерттеу, мәдени ағартушылық жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ біздің тікелей ұйымдастыруымызбен 2011 жылы Әбу Насыр әл-Фараби және оның арғы бepгi ізбасарларының музейі-«Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі» мемлекеттік комуналдық қазыналық кәсіпорны ашылды. Музейдің ашылуы мәдени мұрамызға, ұлы ойшыл ғұлама, энциклопедист-ғалым, жерлесіміз әл-Фараби құндылықтарына деген құрметтің айқын көрінісіне саяды.
Әбу Насыр әл-Фараби музейінің негізгі міндеті мен мақсаты – отандық білім, ғылым, мәдениет жүйелерін жоғары деңгейде дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты пәрменді жүргізудің, жүзеге асырудың кепілі Мәңгілік ел идеясы негізінде Еуразия кеңістігіндегі әлемдік өркениет дамуына белсенді араласып, білім, ғылым, мәдениет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды үйлестіре отырып жүзеге асыру. Осы мақсатта музей кеңістігіндегі ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-көпшілік, ғылыми-ағарту, ғылыми-баспа, ғылыми-экспозициялық, т.б. жұмыстар арқылы Әбу Насыр әл-Фарабидің әлемдік ғылыми ілімдердің қалыптасуындағы рөлін және басқа да, қоғам, мемлекет, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметін – мемориалдық кешен негізінде ашып көрсету.
Әлемде теңдесі жоқ ұлы ойшыл, ғұлама ғалым, жерлесіміз Әбу Насыр ­Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлақ әл-Фарабиді қазақ халқы жан дүниесімен сезініп үлкен мақтаныш етеді және ұлы бабасының туған, өмір сүрген, білім алған, қызмет еткен, ғылыммен айналысқан жерінің барлығын қасиетті деп есептеп, бабамыздың туған жері Фараб-Отырарды, фәни дүниеден бақи дүние­ге аттанған Дамаск-Шам шаһарын қасиет санап, бабамыздың туған Отаны – Қазақстан мен екінші отаны болған Сирия жерін Адамзат өркениетінің кіндігі деп ұлттық зиярат ету орындары ретінде қабылдайды. Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасы адамзаттың мәңгілік екенін таныта береді. әл-Фарабидің 1150 жылдығы 2020 жылы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетіні – осының айғағы.

Абдулла ЖҰМАШЕВ,
әдебиетші, этнолог,
өлкетанушы,
Қазақстанның мәдениет қайраткері

(Соңы. Басы өткен санда)

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + three =