Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Файзабад батыры

0 247

Нұра өзені мен Сабынды көлі­нің арасында қоныс жайған ауылдың табиғаты көркем-ақ… Жаз келгенде көлге де, өзен­ге шомылып, жан сергітіп жүрген­дердің қарасы бір үзілмейтін. Әсіресе, жастар жағы суға тү­суден жалықпайтын. 1979 жылдың шілдесінде мектепті жаңа бітіріп, қолына аттеста­тын алған ауыл баласы Рысбек Нұрмағанбетов те «қоштасу кешінен» кейін құрбы-құрдас­тарымен өзен жағасында алаң­сыз жүрген еді.


– Рысбек, Рысбек бар ма? – деген көтеріңкі дауыс естілгенде, өзен жағасында өлең айтып отырған армандастар өре түре­гелді.
– Ол өзеннің арғы жағында… Жай іздедіңіз бе, аға, – деді бір бозбала ауыл жақтан келген жігіт ағасына дауысын көтере шығарып.
– Оған «повеска» келді. Әскер­ге!
– Рысбек! Рысбек… Бері жаққа шық. Сені әскерге әкететін болды…
Арада бес минут өткенде ол өзенді жүзіп өтті де, көрші тұратын ағайдың қолын алды. Ағай болса «Міне, военкоматтан келіпті» деп бір жапырақ қағазды Рысбектің қолына ұстатты. Осылайша, сыныптас достарынан сәл үлкендігі бар Рысбек Нұрмағанбетов шұғыл түрде аудан орталығы Қорғалжынға, одан кейін Целиноградқа жетеді. Қалада бір қонып, таңертең пойызға отырады. Жанында Қайролла Нұртазин, Бейсенбек Наренов, Серік Закиров, Қуандық Рахимжанов, Рамазан Мұқышев секілді жерлестері бар Рысбектің көңілі алаңсыз болатын. Сөйтіп, екі жүзге жуық жас жігіт екі күн жүріп, Ош қала­сына келеді. Осындағы мо­то­атқыштар полкінде әскери өмірлерін бастайды. Күн сайын сапта жүруді, қару-жарақтың қыр-сырын үйренеді. Әскери оқу-жаттығу кезінде біліктілік пен ұқыптылық танытқан Рысбек Нұрмағанбетов әскери бас­шылық тарапынан алғысқа бөленіп, сержант атағын алды. Осылайша, әскери қызметі сәтімен жалғасып жатты.
…1979 жылдың 25 желтоқсаны Рысбектің есінде мәңгі жатталып қалды. Дәл осы күні басшы­лықтың шұғыл бұйры­ғымен басқа жерге аттанады. Бұлар мінген пойыз Тәжікстанның Хорог қаласына тоқтайды. 1980 жылды осында қарсы алады. Сонда өзімен бірге қызметте жүрген бір тәжік жігіті «Жаңа жылдық мерекеден кейін сендер Ауғанстанға кетесіңдер» деген еді. Айтқандай-ақ болды, арада екі күн өткенде Рысбек бес қаруы сайланып, ұшақ ішінде отырды. Жерге қонған алып ұшақ дірілдеп барып тоқтады.
– Жолдас жауынгерлер, келдік. Бұл – Файзабад. Енді осында боласыңдар, – деген командир дауысынан ұйқылы-ояу жатқан жігіттер бастарын тіктеп алды.
Тау бөктерінде орналасқан әскери аэродромға түскен бетте Рысбек күннің ызғарын байқады. Ауа райы оған Сабындының кә­дімгі қысқы күндеріндей әсер етті. «Ауғанстанда тек аптап ыс­тық болады» деген әңгімелерді есіне түсіріп, ойланып та қалды.
Рота командирі «Сержант Нұрмағанбетов мына БМП маши­насының командирі жоқ, енді болмайтын да шығар, сондықтан сен басқаратын боласың. Мін­детіңді орындауға кіріс!» деп жанары өткір қазақ жауынгеріне үлкен сенім жүктеді. Содан бастап Рысбек көптеген опе­рацияларға қатысты. Бірде Файзабад – Кабул тас жолымен келе жатқан колоннаға дұш­пандар тұтқиылдан шабуыл жасады. Қасындағы қарулас досы Олег Хван екеуі кезектесіп, пулемет пен автоматтан оқ жаудырып жатыр. Сұп-сұр болған таудың әр тұсынан бұрқ-бұрқ еткен түтін шығады. Ауыр артил­ле­рия қаруларынан атылған снаряд­тың жарылысынан құлақ тұнады. Бұл шайқас та Рысбектің жүрегіне бір жарасын салып кетті. Целиноград қаласынан бірг­е келген жерлесі Сергей Коломеец дұшпан қолынан қаза тапты.
Бадахшан провинциясында бейбіт халыққа да, біздің жауын­герлерге де дамыл бермей жүрген дұшпандар тобыры болған. Барлау қызметінің мәліметі бойынша, Бахарак қыстағын мекендеген олардың қатарында мұздай қаруланған 300-350 адам топтасқан. Осы бір қаншама адамның қанын төккен қатыгез топтың көзін жою Ауғанстан армиясы сарбаздары үшін де, біздің жауынгерлер үшін де аса маңызды мақсат еді. Бұл операцияны жүзеге асыруға алдын ала тыңғылықты барлау жасалып, маңайдағы бірнеше әскери құрылымдар біріктірілді. Вертолет эскадрильясы, әуе десант­шылары, артиллерия батарея­лары және мотоатқыштар пол­­кінің жауынгерлері тартылды. Қиян-кескі ұрыстар ба­ры­­сында құрамында Рысбек Нұрмағанбетов болған мото­атқыштар қатарынан 4 адам оққа ұшып, жеті жауынгер жарақат алды. Дұшпандар жағынан атылған зеңбірек оғынан бір вер­толет аспанда өртеніп, құз­ға құлайды. Ал кеңесші-бар­лау­шылар мәліметі бойынша, екі жүзден аса дұшпандар жер жас­танған. Осылайша, Бадахшан жұртын дүрліктірген қарақшылар тобырының дәурені таусылды.
Сұрапыл соғыс қазақ сержантын ерте есейтті. 1981 жылдың маусым айында елге оралған Рысбек Рамазанұлы ауылда – «Путь Ленина» совхо­зының трактор-егіс бригадасына жұмысқа тұрды. Күзгі орақта комбайнға отырып, егін орды. Ауылдағы құрылыс жұмыстарына да қатысты. Табиғатынан жігерлі, елгезек жігіт ауыл-аймақта біраз жұмыс істеп, ысылған кезінде облыс орталығы Целиноград қаласына аттанды. Өмірден түйгені көп Рамазан әкесі бірде «Балам, бұл заманда білімсіз істің бәрі бос болмақ. Қалаға барып бір оқуға түскенің жөн болар. Біздің әлі күш-қайратымыз бар ғой. Үйге алаңдамай-ақ қой…» деген болатын. Әке ақылына құлақ асқан Рысбек 1987 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Агроном мамандығын игеруге кірісті. Ауғанстан соғысында болған, совхоз жұмысын білетін азаматты институт басшылығы да құрмет тұтты. Студенттік кеңестің аясында қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1989 жылы студенттер қауымдастығы Рыс­бек Нұрмағанбетовке үл­кен сенім артты. Целиноград облыстық халық депутаттары кеңесінің депутаттығына кандидат болып ұсынылды. Бір қызығы, бір мандатқа институт ректоры Кенжеғали Сағадиев екеуі қатар түседі. Сөйтіп бұл сында сайлаушылардың 44 пайы­зы Рысбекке дауыс береді. Ал депутат болып сайланған оқу орны басшысы, атақты ғалым өзімен таласқа түскен жауынгер-интернационалист студентіне ризашылығын білдірді.
Белсенді студент оқуын жал­ғастыра бергенде, мүмкін, партия жұмысына немесе ғылым жолына түсіп кетер ме еді… Тоқ­сан жасқа қараған шағында жан әкесі дүние салды. Содан үй-күйдің қамын ойлаған Рысбек сырттай оқуға ауысып, ауылға қайтады. Бригадада агроном болып жұмысқа кіріседі. Ағайын-туғанға қамқор болады.
Жаңа заманның ыңғайына қарай 1995 жылы Целиноград қаласына қоныс аударып, кәсіпкерлік жұмысын бастайды. Ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін азаматты қаладағы жауынгер-интернационалистер қауымы Ақмола облыстық Ауғанстан соғысы ардагерлері одағының төрағасы етіп сайлады. Кейіннен бұл ұйым Астана қалалық ұйы­­мына айналды. Майдандас достардың басын қосатын қоғамдық бірлестіктің жұмысын жандандырып жүргізді. Бірінші кезекте ұйымның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақ­сартуды ойлады. Осы мақсатпен қала аумағында екі бірдей авто­тұ­рақ ұйымдастырды. Одан түс­­кен қаражатты ұйымның игі­­лігіне жарата білді. Өзіне ар­тылған сенімді абыроймен атқарған Рысбек Нұрмағанбетов 2000 жылдан бері Астана қаласы Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағының бас­қар­ма мүшесі ретінде қоғам­дық жұ­мыс­тардың бел ортасында жүр.
Қай іске болсын білегін сыбанып кіріседі. Өйткені оның оқ пен отты көрген жауынгер-интернационалист ретіндегі қағидасы – жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Олай болса, өнегелі өмір жолың ұзағынан болғай демекпіз, астаналық ақжарқын азаматқа ризашылық сезіммен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды