ЕЖЕЛГI ТYРКI ДYНИЕСI ЖАHАРА ТYСПЕК

0 209

турки

19-20 мамыр күндері Астанада «Түркі жазуы күні» атты халықаралық форум өтті. Екі күнге ұласқан шараны Түркі академиясы ұйымдастырып, Л.Гумилев атындағы Еуразия­ ұлттық университеті мен ТИКА халықаралық ұйымы қолдау көрсетті.

Алғашқы күнгі жиынға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және өзге де түркі тілдес елдерден көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, депутаттар мен дипломаттар қатысты. Бас қосудың негізгі мақсаты – биыл алғаш рет мерекеленіп отырған осы айтулы күннің мәнін арттыру.

Форумға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова: «Осынау атаулы мерекені біз Түркі академия­сының ұйытқы болуымен алғаш рет халықаралық форум дең­гейін­де атап өткелі отырмыз. Біз Қазақстанның түркі жазуы күнін белгілеу туралы бастамасын қолдап, оны барша түркі дүниесінің мере­ке­сіне айналдыруды ұсынған Түркі кеңесі басшылығына зор риза­шы­лы­ғымызды білдіреміз» деді.

Түркі кеңесі бас хатшысы Халил Акынжының айтуынша, Қазақстан тарихи әрі тағылымды шараның бастамашысы болып отыр. Ол Қазақстанда, жалпы, түркі әлемінде алғаш рет тойланып отырған мерекенің болашақта күллі түркі жұртының мейрамына айналарына сенімді.
Ғалымдар Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Түркі жазуы: өткені, бүгіні және болашағы», «Ортақ тарих: теориялық-әдістемелік мәселелері» секциялары бойынша баяндамалар жасап, пікір алмасты.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Түркі академиясының негізі 2009 жылдың 3 қазанында қаланған. Ол уақытта Әзербайжан Республи­ка­сының Нахичыван қаласында өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының тоғызыншы саммиті өтіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде түркілер дүниесін зерттей­тін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Осы игі бас­та­маны іске асыру мақсатында 2010 жылдың 25 мамырында елорданың «Бейбітшілік және келісім сарайында» ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйым­дас­тыр­ған «Түркі өркениеті: дәуірлер жалғас­тығы» атты халықаралық еуразиялық конгресс өтті. Оның жұмысына Түркия президенті А.Гүлмен қатар Қазақстан, АҚШ, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина елдерінен танымал түр­ко­лог ғалымдар қатысты. Конгресте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бірегей ғылыми орталық, яғни, халықаралық Түркі академия­сы құрыл­ғандығын жария­лап, ғалым­дар мен зиялы қауым өкілдерін құттықтады. Академия бүгінгі таңда дүние­жүзін­дегі түркілерге қатысты мәліметтер мен ғылыми зерттеу­лерді қазіргі электрондық ақпа­рат­­тар жүйесіне топтастырып, түркі халықтары арасында­ ынты­мақ идеясын ұстанып, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет ортақ­ты­ғын ғылыми ізденістің өзегіне айналдыру арқылы түркілер мұрасын қазіргі жас ұрпақтың дүниетанымына сіңіруді жолға қойған.

«Түркі жазуы күні» атты екі күндік халықаралық форумның екінші күнінде Түркі академиясы мен Ресей Ғылым академиясының Уфа ғылыми-зерттеу орталығы арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Оны Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен Уфа ғылыми зерттеу орталығының Тіл, әдебиет және Тарих институты директоры, профессор Фирдаус Хисамитдинова «Бейбітшілік және келісім сарайында» жүзеге асырды. Академия президенті достық қарым-қатынастың нышаны ретінде Фирдаус ханымға «Астана-Бәйтерек» мону­мен­тінің шағын үлгісін сыйға тартты, сондай-ақ бәріміз «қонақ­кәдеге» де куә болдық. Уфа тарапынан он томдық «Башқұрт тілінің академиялық сөздігі» тарту етілді.

Қол қойылған құжат екі жақтың бірлесе жұмыс істеуіне, ғылыми жобаларды қосыла қолға алып, жиындар өткізуге жол ашады. Шараға қатысқан Мырзатай Жолдасбеков те Фирдаус Гильмитдинқызына «Батыс түрік қағанатының атласы» кітабын сыйлады.

БЕДЕЛСӨЗ

Мирфатых закиевМирфатых Закиев, академик:

– «Ресей түркологиясы сонау Радловтардан басталады. Соғанқарамастан, бұл – әлі зерттеудіқажет ететін тың сала. Мысалы, Америка жерін мекендегенүндістердің негізгі тегі Алтай­ өңірінен тараған түркі халықтары екенін таяудағана шетелдікғалымдар дәлелдеп шықты. Тіпті, әлі күнге дейін олармен арадағы тілдікұқсастықтардың жойылмағаны анықталды. Соғанқарағанда, біз, түркі халықтары, өткеніміздіәлі де зерттеп-зерделеуімізқажет»

Бұдан кейін Түркі академиясы шығарған Ресей және Қазақстан ғалымдарының бірқатар ғылыми еңбектерінің тұсауы кесілді. Олардың ішінде философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің «Түркі әлемінің ойшылдары кітабы» атты еңбегі, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымы, қытайтанушы, тарих ғылымының докторы Бақыт Еженханұлының «Түркі тарихына қатысты көне қытай дереккөздері» және қазақстандық тарихшы-археолог Зейнолла Самашевтің «Көне түркі графикасы» кітаптары бар. Сонымен қатар, РФ профессоры, филология ғылымының докторы Анна Дыбоның «Этимологический словарь тюркских языков» еңбегі, Ресей-Түркия ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Дмитрий Васильевтің «Корпус тюркских рунических надписей Южной Сибири» кітабы және Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және тарих институтының бөлім меңгерушісі, академик Мирфатых Закиевтің «Древнетюркская ономастика и ее морфонология» атты кітабы оқырмандарға жол тартты. Кітаптарда эпиграфиялық ескерткіштердің суреттері, ежелгі түркі тілдес халықтардың графикалық туындылары, қытай жазба дереккөздеріндегі түркі тарихы, көне түркі ономастикасы және морфонологиясының мәселелері, бірнеше ғасыр бұрынғы түркі ойшылдары туралы жазбалар және тағы да басқа көне түркі дүниесіне қатысты деректер мол қамтылған.

Жарық көрген кітаптардың сыртқы көрінісі көз тартарлықтай. Мұқабасына қара және сұр түстерді пайдалана отырып, әріптерді алтынмен әдіптеген. Кітапты жасап шығарушылар бұның сырын: қара мен сұр – тастың белгісі болса, әріптердің алтындай жарқырауы – алтын қорға лайықты кітаптар болғандықтан деп түсіндіреді.

Шара барысында сыйлы қонақтардың бірі – Мирфатых Закиевтің иығына шапан жабылып, жоғары құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, түркітану саласында ізденіп жүрген жас ғалымдарды ынталандыру үшін алдағы уақытта үш арнаулы шәкіртақы тағайындалатын болды. Ғалымдар бұл жаңалықты Түркі академиясының тағы бір жақсы жаңалығы ретінде қабылдап, бастамаға ақжол тіледі. Шәкіртақылар түркі әлемі үшін өзіндік қолтаңбасы бар белгілі түрколог ғалымдар атында болады. Атап айтсақ, тарих саласындағы шәкіртақы көрнекті шығыстанушы-ғалым әрі тарихшы Василий Бартольд атында, тіл саласындағы шәкіртақы шығыстанушы-ғалым, лингвист Сергей Малов атында болады. Ал, әдебиет саласындағы шәкіртақыға әдебиеттанушы, түркітанушы Виктор Жирмунскийдің аты берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 18 мамыр – «Түркі жазуы күні» деп жарияланып, Үкімет шешімімен бекітілген болатын. Ендігі уақытта бұл күн Қазақстанның маңызды мерекелері қатарынан орын алады.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − fourteen =