ЕЖЕЛДЕН ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН ЕЛМІЗ

0 102

Халықаралық бейбітшілік күніне орай М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Қамқоршылар слеті өтті. Шара барысында елордадағы үздік қамқоршы отбасылары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. «Біз бірге болғанда» тақырыбымен сурет көрмесі қойылды. Онда өзге жанұядан жан жылуын тапқан жеткіншектердің туындылары ұсынылған. Салтанатты кештен соң, Астана қаласы Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Рысты Жұмабековамен аз-кем тілдесіп қалғанбыз…

– Рысты Мағауияқызы, шараның маңызына тоқталыңызшы.
– Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы бағып-қағу – әрі қиын, әрі жауапты іс. Слет аясында Астанадағы осындай жанұялардың жағдайымен танысып, балалар қандай тәлім-тәрбие алуда, қалай өмір сүруде, қандай қиындықтары бар деген мәселелерді көтеруді мақсат тұттық. Сонымен қатар, мектептегі жай-күйі қандай?.. Сондықтан бұл басқосуға білім басқармасы да атсалысуда.
– Қамқоршы отбасылардың көбі қанша баладан тәрбиесіне алған?
– Осында із салған әр отбасында кемі екі-үш баладан тәрбиеленуде. Жетімін ежелден жылатпаған елміз. Осы қағиданы бүгін де санасынан шығармай ту еткендер жетерлік. Былтырлары елордада 456 отбасы бала асырап алса, бұл көрсеткіш биыл 470-тен асып жығылады.
– «Өгей» ата-аналар тарапынан баланы ұрып-соғып, кері қабақ танытушылар бола ма?
– Біздің мекеменің ашылғанына, қамкөңіл бүлдіршіндерді қанатының астына алғанына бес жылдың жүзі болды. Осы уақытта сіз айтқан келеңсіз жайттар кездескен емес.
– Мамандардың аузынан балалар үйінің саны қысқаруда дегенді естиміз…
– Балалар үйінде тәрбиеленушілер саны азайып жатқаны рас. Тіпті, ондай мекеменің болмағаны жақсы ғой, егер жетімдеріміз болмаса… Ал ондағы жасөспірімдердің сексен пайызы – әлеуметтік жетімдер. Соңғы бір жылдың өзінде біз он бір баланы туған ата-аналарына қайтардық. Өйткені, олардың өз балаларын бауырларына басуға қабілетті екендері расталды, анықталды. Он сегіз баланы басқа отбасылар қамқорлығына алды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 13 =