ЕЖЕЛДЕН ҚОНЫС ЕСІЛ ЖҰРТ

0 599

Есіл

Есілді жағалай елорда тұрғыздық!
Есілдің бойы – ежелден қонысымыз!
Қарт Есілдің қойнауы талай сырды ішіне бүккен, ашылмаған құпиялары қаншама?!
Есіл, Есіл, Есіл…

Тайтөбеде қамал салған Ғұн бабам

Ел аумағында сексен бес мыңнан аса ірілі-ұсақты өзен болса, соның жетеуі ғана мың шақырымнан ары созыла ағады екен. Есіл – сол жетеудің бірі. Сарыарқадағы Нияз тауынан басталып, Батыс Сібірге жеткенде Ертіске қосылатын өзеннің ұзындығы – 2450 шақырым. Астананы қақ жарып есіле ағатын өзенге аз-маз мінездеме берсек, ағысы баяу, бірақ қар суымен толығатындықтан, көктемге салым мінез көрсететін кездері бар. Құрғақшылық жылдары суы азайып, тіпті, 1937 жылы арнасы кеуіп қалған көрінеді. Бақасы қойдай шулап, балығы тайдай тулаған Есілдің маңы ежелден шаруаға – қолайлы, малға жайлы құтты мекен.

Кенесары әскерінің Арқадан Жетісуға ауғанын тарих айтады. Сол тұста ғой көтерілісшілердің рухани көсемі болған Досқожа жыраудың:

Бұл қоныстан кеткен соң,
Көреміз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есілдің,
Көк орай тартқан өзенін-ай?! –

деп толғайтыны.

Жә, сөзімізді тақырыпқа қарай тарқатсақ, Астана мен ежелгі Есіл өңірінің бізге белгілі тарихы тым әріден, ашель-мустье дәуірінен басталатынын дәлелдеді тарихшылар. Өзеннің қос қапталынан табылған тас құралдар көне дәуір адамдарының аң аулап, тері илегенін, табиғат-анамен тіл табыса ғұмыр кешкенін айғақтайды. Егіншілік мәдениеті бұл өңірде біздің дәуірімізден бұрынғы VІІІ-V ғасырларда пайда болған екен. Сол заманға қатысты қоладан соғылған орақтар мен топырақ өңдейтін құралдар Астана маңынан табылды. Есілдің далалы жерлеріндегі бабаларымыз сол кезде-ақ қолға мал ұстаған. Мұны Атбасар маңынан аршылған жәдігерлер растайды.

Көне парсы және грек жазбаларында Ұлы даланы, Есіл бойын мекендеген тайпалар «асседондар» деп аталады. Зерттеушілер олардың нақты тарихын біздің дәуірімізден бұрынғы үшінші ғасырдан таратады.

Кезінде айбыны асып, қуаты тасып тұрған Ғұн империясының көсемдері Сарыарқаның төсіне, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салған. Кеңдігінен бас айналатын, көз сүрінбейтін көсілме даланы сол қамал күндіз-түні қалт жібермей қарауылдаған. Ғұндардың тілінде “ақ” – батыс, “мола” – қамал ұғымын білдірген. Сонда Ақмола атауы “Батыстағы қамал” деген сөз болып шығады.

Бұл анықтаманы алғаш жазбаша тұжырымдағы Византия ғалымы – Прокопий Кесарийский. 1939 жылы “Вестник древних истории” журналында оның қолжазбасы басылған, сонда көне ғасыр зерттеушісі осындай қорытынды жасайды. Кейін отандық тарихшылар қытайдың көне жазбаларына сүйеніп, бұл түйіннің дұрыстығын тағы да дәлелдейді.

Астана даласына Ғұн империясынан кейін терең із қалдырған мемлекеттік құрылым – Дешті Қыпшақ бірлігі. Ресей мен Орта Азияға, одан асып Шығыс Еуропаға әскери-тұрмыстық және қалалық мәдениетті мол дарытқан қыпшақтар елорда төңірегінде талай шаһарлардың шаңырағын көтерген екен. Солардың бірі – Астанадан қол созым жердегі Бытығай қаласы.

Байтақ даланы күзеткен Бытығай

Бүгінде Бытығайдың сілемі ғана бар. Астананың бағзы тарихы үшін сол сілемнің өзін қастерлеп, сақтап қалу – бүгінгі буынның борышы болып тұр. Ал Сұлутам, Сырлытам, Хансүйегі сынды жоғалған тарихи мұралардың орны енді толмайтыны анық. Археолог-өлкетанушы Василий Солочинскийдің 1955 жылғы зерттеуінде ғана Ақмола шаһарының астында жиырмаға жуық қалашық тапталып жатқаны айтылады. Силикат кірпіш зауытының, Ащыөзектің бойына тұрғызылған ғимараттардың табанында да талай көне мекендер қабаты тұншығып жатқан көрінеді. Көне тарихи орындардың құрылыс нысандарының астында қалғандығы және немқұрайдылықпен тоз-тозы шығып, бүлінгендігі жөнінде ұзақ айтуға болады. Абылай хан даңғылының бойында Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш салып жатқанда жер астынан қола дәуіріндегі қоныс-зираттың орны табылады. Археологтар шақырылып, ескі қорымның тарихи маңызы анықталып, мамандар құрылысты дереу тоқтату туралы дабыл қаққанымен, олардың жанайқайына ешкім құлақ асқан жоқ еді. Қарағанды автожолының бойындағы жанармай стансасы мен жолаушылар демалатын орынның астында да бағзы мәдениет ошағы күйреп жатыр. Құрылыс кезінде шашырап қалған керамика бұйымдарының сынығы, адам мен аң сүйектері қайда қалғаны да белгісіз.

Хош, елордадан қозыкөш жердегі Нұраның бойында орын тепкен Бытығай қаласына оралайық. Тағы да тарихқа сүйенуге тура келеді, Франция королі IX Людвигтің тапсырмасымен 1253-1255 жылдары фламанд саяхатшысы Рубрик Виллем қазақ даласына аттаныпты. Ол Ұлы даланы әбден шарлап қайтқан соң, IX Людвигке көрген-білгенін баяндайды ғой. Ертіс, Есіл, Нұра, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш секілді өзен-көлдердің дала халқы үшін аса маңызды екенін мәлімдейді ол. Анжатам, Болған ана, Жұбан ана қалаларын суреттеп береді. Дәл осындай деректерді Испан короліне 1271-1295 жылдары қазақ жері арқылы Қытайға өткен атақты саяхатшы Марко Поло да жеткізеді. Аталған саяхатшылардың көрген-білгендері Италияға да белгілі болған сияқты. Өйткені, олардың деректері 1375 жылы Италияда құрастырылған «Каталон картасында» молынан пайдаланылған. Карта Италиядан Дешті Қыпшақ жеріне саудамен келген көпестердің жолбастар құнды құралы болыпты-мыс.

Сондай-ақ, 1459 жылы Венецияда италия картогрофы, монах ди Мурандо Фра-Маураның картасы жарық көреді. 1742 жылы Францияда өңделіп, тың деректермен байытылып шығарылады. Соның бәрінде Солтүстік және Орталық Қазақстан назарға алынған. Сарай, Сүзгентұра, Қашлық, Ақтоғай, Іскер, Қайнақ, Ханыкей, Бытығай қалаларының географиялық орналасу реті, халқы туралы мәліметтер мол.

Ежелгі Қараөткел – Ақмола дүниенің төр бұрышына осылай мәлім болыпты.

«Чертежная книга Сибири» атты кітапта да Арқа аймағының географиялық бедері дәл түсірілген, табиғаты, жерасты байлығы туралы деректер келтірілген. Көне мәдениет ескерткіштеріне де тыңғылықты сипаттама жасалады. Тобыл, Есіл, Қорғалжын атаулары, Нұраның сағасындағы Бытығай қаласының орны туралы нақты мәліметтер бар.

Бытығай қаласы Ресей картасына алғаш рет 1694 жылы түсіріліпті. Бұл сызбаны Ресейден сол жылы әз Тәуке ханға келген елшілер Ф.Скибин мен М. Трошин жасаған. Карта 20 парақтан тұрады. «Казачья орда» деген ат берілген аса құнды осы мұрағатта әз Тәукенің Нұра өзені бойында орда тігіп отырғаны, оған бару үшін Есілден өтуге тура келгені баяндалады. Сол жерден Қорғалжын көлі алыс емес делініп, орда мен көлдің аралығында, Нұраның жағасында Бытығай атты қала бар екені әңгімеленеді. Әз Тәукенің қаланы ерекше қамқорлықпен күтіп ұстап отырғанын айта келіп, елшілер шаһарда салтанатты діни орындардың көп екендігіне таң қалады. Жібек жолы кіре тартқан керуендер Бытығайда тоғысып жататынын хабарлайды. Ресей елшілері Ф.Скибин мен М.Трошиннің мәліметіне назар аударсақ, атақты әз Тәуке ханның жазғы ордасы қазіргі Астананың түбінде орын тепкенін көреміз.

bozok_astana-2

Бозоқ қалашығы

Батыс пен Шығысты жалғаған Бозоқ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбектерінің бірінде: «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазған. Бозоқ қаласы Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бес шақырым қашықтықта орын тепкен. Шамамен VIII ғасырда іргесі қаланған қаланың нағыз гүлденген заманы X-XІ ғасырларға сәйкес келеді. Бұл – түркілердің арасында қыпшақтардың беделі мен абыройы артқан кез. XІ ғасырда бүкіл қазақ даласы «Қыпшақ мемлекеті» аталғанын қарт тарихтан білеміз. Русьтің қыпшақ хандарына бағыныштылығы осы кездерден басталып, Алтын орда империясы құлағанға дейінгі 250 жыл бойы орыстар көшпенділердің боданына айналды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бүкіл әлем тарихы және археологиясы кафедрасының оқытушылары жүргізген зерттеулерге сүйенсек, ежелгі қаланың орны үш бөліктен – орталық және шет жағындағы екі бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалған. Орталықтан 70 метр солтүстікке қарай жер үй кейпіндегі тұрақтар, құдықтар және өзеннен тартылған арықтар орналасқан. Орталықтан 40 метр оңтүстікке қарай қыш кірпіштен құйылған мазарлар мен кесенелердің қалдықтары сақталған. Сондай-ақ, қаланы шығыстан солтүстікке қарай қоршаған қорғандардың сұлбасы сақталған. Кірпішті сол жерде күйдірген, батпақты да сол жерде дайындаған. Су жақын жердегі көлдердің бірінен алынып, арнаулы құрылғылардың көмегімен жеткеріліп отырған.

Қалашықтың шет жағынан жер суландыратын құралдар табылған. Бұл дерек тұрғындардың егіншілікпен айналысқанын айғақтайды. Түсімі жақсы жерлер мен суармалы егіншілік Бозоқ қалашығының тұрғындарына қырман қағып, астық өнімін алуға мүмкіндік берген. Оны өз қажеттеріне пайдаланған және алыс жерлердегі тұрғындар мен керуендерге сатып, сауда жасаған.

Қала X-XІ ғасырларда аумақтың әкімшілік және сауда орталығы әрі Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болды. XІІІ- XV ғасырларда қалашық орны қасиетті, киелі саналып, ақсүйектерді жерлейтін орынға айналды. Бозоқ адамдардың рухани өмірінде де ерекше маңызға ие бола бастады. Мұсылмандар арасында киелі орын саналып, бұл жерде құлшылық етіп, әруақтарды еске алып, ас беру салтқа айналған, ұлттық ойындар ойналып, жарыс­тар өткізіліп тұрған.

Бозоқ туралы алғашқы мәліметтер патша армиясының офицері, геодезист И.Шангиннің жазбаларында кездеседі. Оның зерттеу мақаласы 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған. Осы ерте орта ғасырдағы қалалардың жұрнағын табу жұмысымен өткен ғасырдың 50-70 жылдарында Әлкей Марғұлан айналысады. Алайда, Астана қаласы төңірегінде орын тепкен Бытығай және Бозоқ қалаларының орны тек еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілген кезеңдерде ғана анықталды.

Бозоқ қаласының орнын 1998 жылы тауып, 1999 жылы алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген – Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалаушы және жетекшісі Кемел Ақышев. Ғалымның атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның айтуынша, Бозоқ – түркі-оғыз термині. Яғни, көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың «бузук» (боз оқ) термині – «тесіп өтетін жебе» немесе «ақ жебе» деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ селеулі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.

Сарыарқаның төсімен жарыса ағатын қос өзен – Нұра мен Есіл жағалауы ежелден-ақ далалықтардың құтты қонысы, қасиетті мекені болған. Бозоқ қаласы болса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен сабақтасатындығын айғақтайды.

Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды.

Дайындаған: Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =