«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Эверест» шыңына екі рет шыққан…

0 312

Эверест (Джомолунгма, Everest) – жер бетіндегі ең биік шың. Қытай мен Непал шекарасына орналасқан бұл шыңның биіктігі – 8844,43 метр. Жылдық температурасы 34 градус шамасында болса, үнемі 7-8 балл, кейде 12 балға дейін боран соғады. Оның төңірегінде теңіз деңгейінен биіктігі 7000 метрден асатын 40 шың бар.

Эверест шыңы тибет тілінде «qomolangma», непал тілінде «сагарматқа» деп аталады. Мұн­дағы «qomo» сөзі «әйел перизат» деген мағына берсе, «langma» – ана тұлғасы деген сөз. Екі сөзді қосса, «Ұлы жердің анасы» деген атауды білдіреді. «Сагарматқа» көктегі перизат деген ұғымды меңзейді. Ал «Everest» атауы болса, Джомолунгма шыңының биіктігін өлшеу мекемесінің бастығы Георги Еуресттің (George Everest) атымен байланысты шыққан.
Гималай тауының сілеміндегі бұл шыңды қазақтар «Бұланай шыңы» деп атаған деген дерек бар. «Бұланнан үлкен аң болмас, Бұланайдан биік құз болмас» деген тұрақты сөз тіркесі осыған байланысты айтылса керек. Ендеше, біз «Бұланай» деп бұрынғы атын атамасақ та, орыс тілінің ықпалымен «Джомолунгма» деп атамай-ақ, «Жомалаңма» деп қазақ тілінің икеміне қарай атасақ еш әбестігі жоқ секілді.
Жер бетінің айдары атанған Жомалаңма шыңына шығуға құлшынғандар аз емес. Алайда үнемі боран соғып, қар көшкіні түсетін Жомалаңма шыңына шығу үшін альпинистерге басын бәйгеге тігуге тура келеді. Ауаның шалаңдығынан, ми қызметі әлсіреп, санасы тұманданып өзін-өзі мерт қылатын жағдай да кездеседі. Тіпті көзіне қайдағы нәрселер елестеп, есі ауысатындар да болады. Міне, осындай жағдайлардан шыңға шығам деген әр 29 адамның біреуі өледі екен. Мәселен, 1923 жылдан 1999 жылға дейін 1169 адам шыңға өрмелеп, оның 170-і мерт болса, 2000 жылдан 2016 жылға дейін шыңға шығуға әрекет жасаған 5832 адамның 112-сі жанынан айырылған.
Адамзаттың «қаһарлы қан­ды шың» атанған Эверестке шығу арманы 1953 жылы әзер іске асты. Атап айтқанда, осы жылдың 29 мамырында Эдмунд Хиллари мен непалдық Тензң Норгай шыңының төбе­сіне шығып, адамзаттың жер бе­тіндегі ең биік шыңды бағын­ды­руының алтын парағын ашты.
Эверест десе, біздің есімізге ең алдымен Мақсұт Жұмаев түседі. Себебі ол аяғы айға жеткен қазақтың атағын тағы да аспандатып, «дүниенің жотасы» атанған Эверестке 2 рет шықты. Шың басында көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды асқақтатты.
1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген Мақсұт Сағынтайұлы Жұмаев – әлемдегі барлық «сегіз мыңдық» шыңдарды бағындырған тұңғыш қазақ. Мұндай үлкен қатерге бас тіккен әлемдегі 12 альпинистің бірі.
Мақсұт Жұмаев Қазақстан мен Қырғызстандағы барлық тау­ларды бағындырды. Әлемдегі биіктігі 8000 метрден асатын 14 шыңның бәріне оның табаны тиді. Олардың бәріне оттегі қолданбай, жол бастаушы (гидтер) мен тасымалдаушылардың көмегінсіз шықты. Бұл дегеніңіз әлемдегі кез келген альпинист жететін жетістік емес.
2007 жылы дүниенің ең жоғарғы нүктесінде әуелетіп әнұранымызды шырқаған отандасымыз Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына орай 2018 жылы 18 мамырда Эверестке екінші рет шығып, шыңның оңтүстік және солтүстік қапталынан да шыққан санаулы альпинистердің қатарына кірді.
Батыс Қазақстанның жазық өңірінде туса да, асқақтыққа деген құмарлық оны әлемдегі ең биік шыңдардың бәріне шығарды. Мақсұттың альпи­нистік тарихы Іле алатауларына барып жүріп, альпинисттермен танысуынан басталады екен. Осыдан бастап шыңға шығуға талпынған ол ең алдымен Хан Тәңірі шыңын бағындырды. «Ол кезде маған шыңға шығуға рұқсат берілмеген, білімім де жеткілікісіз еді. Бірақ ол кезде испаниялық экспедиция құрамында жұмыс істейтінмін. Шыңға шығатын альпинистерге көмектесе жүріп Хан Тәңірінің қақ төбесіне шықтым. Бұл менің шыңға шығудағы алғашқы қадамым еді. Сапар өте қорқынышты әрі қатерлі болса да, мен сынақтан өте алдым. Бірінші рет 7 мыңдық шыңды бағындыру маған үлкен күш сыйлады» дейді ол.
Мақсұт Жұмаев – ҚР альпи­нис­тер құрамасының капитаны, ҚР альпинизм спортына еңбегі сіңген спорт шебері. 20 жылға жуық альпинизммен айналысқан отандасымыз қазір әскери салада қызмет етеді.

Жомалаңмаға шыққан әйгілі альпинистер

1978 жылы ұлыбританиялық альпинист Лай Хорд Миснар шыңға тұңғыш рет оттегі торсығын пайдаланбай шықса, 2 жылдан кейін шыңның теріскей бетімен шығып, «шыңға жалғыз шыққан адам» атанды. 1988 жылы Жапония, Қытай, Непал шыңшылдары шыңның оңтүстік және сол­түстік қапталынан шығып, «Жомалаңмаға солтүстік қапталынан шығу мүмкін емес» деген танымды өзгертті. Сол жолы Дожи шың басында оттегінсіз 99 минут аялдап, Жомалаңманың ұшар басында ең ұзақ тұрған шыңшыл атанды. 2012 жылы непалдық Кәмешерия 9 күн ішінде шыңға 3 рет шығып, рекорд орнатты. 2014 жылы үндістандық 13 жастағы қыз Фурна Жома­лаңмаға шыққан ең жас әйел заты атанды. Непалдық Апа Шерпа 1990 жылдан 2011 жылға дейін Жомалаңмаға 21 рет шығып, аталған шыңға ең көп шыққан адам атанса, 2013 жылы 80 жастағы жапо­ниялық қария Юитиро Миура Жомалаңмаға шыққан ең қарт адам ретінде тарихта қалды.

Протезбен шыңға өрмелеген

Қытай альпинисі Шиа Бою – Жомалаңмаға шыққан мүгедек азамат ретінде танымал. 1949 жылы туған Шиа Бою 1975 жылы Жомалаңмаға шыға алмай, орта жолдан қайтқан серігіне жәрдемдесем деп жүріп, үсініп екі аяғынан айырылған. Бірақ ол екі аяғы тізесінен кесілген мүгедек болса да, шыңға шығу арманын аяқсыз қалдырған жоқ. Аяғына ота жасатып, ұзақ уақыт емделген ол 2014 жылы Жомалаңмаға шығу үшін Непалға келеді. Алайда 65 жасқа келген, мүгедек қарттың талабынан Непал үкіметі бас тартыпты. 2015 жылы қайта өтініш жасаған оған Непал үкіметі рұқсат бергенімен, дәл сол кезде Непалда 8,1 балл жер сілкініп, шыңға шығушылар қар көшкінінің астында қалып, 22 адам қаза табады. Шиа Бою ажал аузынан аман қалады.
2016 жылы шыңға қайта өрмелеген альпинист шыңның ұшар басына небәрі 94 метр қалғанда сұрапыл қарлы боран соғып, шарасыздықтан кері қайтады. Бұл оның төртінші сәтсіз сапары еді. Осыдан кейін дәрігерлер оған тауға шығуға болмайтынын неше рет ескертсе де, алған бетінен қайтпай, 2017 жылдың соңында шыңға шығуға тағы өтініш береді. Бірақ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Непал үкіметі мүгедектердің, кемтарлардың шыңға шығуына тыйым салған-ды. Еш амалы қалмаған Шиа Бою Непал жоғары сотына арыз береді. Сот оның арызын орынды деп қарап, оның шыңға шығуына ең соңғы рет рұқсат береді. Сәтін салғанда, 69 жасқа келген Шиа Боюдың арманы орындалып, 2018 жылы 14 мамырда Жомалаңмаға шығып, «Протезбен Жомалаңмаға шыққан адам» атанды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды