©2020 Астана Ақшамы
«Еуропалық сапа» – елорда мектебінде!
Газетіміздің өткен нөмірінде Еуропа бизнес Ассамблеясының «Сократтар комитеті» елорданың №60 мектеп-лицейіне «Еуропалық сапа» марапатын тапсырып, ЕБА болжамы бойынша жетекші оқу орталықтарының ресми халықаралық тізбесіне енгізуге ұсыныс жасағанын жазған едік. Ал, кеше осы оқу ордасының директоры Эльмира Суханбердиеваның өзіне жолығып, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
– Біздің мектептің мұндай мақтаулы марапатқа бір-ақ күнде қол жеткізе салмағаны белгілі. Жетістігімізді бағалаған жоғарғы шешім үміткерлерді жан-жақты іріктеудің негізінде оқу ордасының ұсынылып отырған қызметтер саласындағы рейтінгісі мен саясатын ескере отырып қабылданған. Бұны 2012 жыл бойы атқарылған үлгілі жұмыстарымыздың бірден-бір нәтижесі дей аламын. Сондай-ақ, №60 мектеп-лицейінде оқыған балалардың дені алыс-жақын шетелдерде жоғары білім алып жатыр. Оқушыларымыз бірнеше жыл бойы халықаралық білім олимпиадаларына белсенді түрде қатысып, ерекше көзге түсуде. Алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де олардың зор қызығушылығын арттырып отыр, – дейді Эльмира Амангелдіқызы.
Ендігі ретте кейбір еуропалық ата-ананың өз балаларын халықаралық деңгейде танымалдылығы артқан елордалық ерекше мектепке оқуға жібергісі келетіні сөзсіз. Егер олар осындай ниетте болса, «Еуропалық сапа» марапатын иеленген барлық оқу ордаларының ресми халықаралық тізімінен Астана қаласының №60 мектеп-лицейін оңай таба алады.
Сондықтан да мектеп директоры Эльмира Амангелдіқызы: «Бұл марапатты иеленген сәтте маған ең алдымен хабарласып, арнайы құттықтаған Астана қаласының әкімдігі мен ата-аналарға айтар алғысым шексіз. Енді алдыңғы орынға шыққан мектебімізді осы биіктен түсіріп алмауға бар ынта-ықыласымызды сала кірісе бермекпіз. Біз үшін өткен жылдың өте табысты болғанына тоқтала кетсек, «Алтын белгіге» үміткер 11 оқушымыздың 9-ы өз білімдерін ақтап шықты, 10 оқушы мектепті үздік бағамен тәмамдады және соның нәтижесінде көбісі «Назарбаев университетіне» оқуға түсті. Басқа да шәкірттеріміздің «Еуропалық сапа» марапатына лайық деңгейде оқып, абырой-беделімізді жоғары ұстап тұруларын тілеймін!» деген ақжарма сөзін ағынан жарыла айтты.
Өйтпегенде ше?!. Арыстан кейпі бейнеленген сегіз жұлдызды дөңгелек медаль №60 мектеп-лицейге білім беру жүйесіндегі оң өзгерістер мен оқу үдерісін ұйымдастыру жағынан Еуропа елдерінің оқу орындарындағы үлгілі мүмкіндіктерден кем соқпайтындығын және мұғалімдер біліктілігі мен кәсіби деңгейінің, ғылыми зерттеу жүргізу мен жаңа технологияларды әзірлеп, енгізудің халықаралық бағдарламаларға толық сәйкес келетіндігін мойындағандықтан берілді ғой. Лондонда өткен Бизнес көшбасшылары саммиті аясында естелік атрибутика мен аталым брэндісін белсенді пайдалану құқығын иелену дегеніңіз – екінің біріне бұйыра бермес бақ! Құтты болсын!
Еркеғали БЕЙСЕНОВ