Еуропада оқып жүр талай қазақ баласы…

0 29

Еліміздің жоғары оқу орындарында студенттердің 70 пайызы ақылы бөлімде оқиды. Ал оқу ақысы 500 мың мен 2 миллион теңгенің арасы екенін білесіз бе? Бұл сандарға қарап қазақстандықтардың барлығы ауқатты тұрады деп ойлап қалмаңыз. Жыл сайын төмендеудің орнына 15-20 пайыз өсетін оқу ақысына қарап бір студент оқытушысынан: «Білімді Ұлыбританиядан сатып әкеліп жатырсыздар ма?» деп сұрапты. Қазақстан шетелдің білімін сатып әкелмесе де, жастары арзан білім іздеп, сол Еуропаға кетіп жатыр.

M.S.Narıkbaev atyndaģy KazGZU unıversıteti-нің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, еліміздің жоғары оқу орындары студентке клиент есебінде қарайды. Шын мәнінде, университеттің ­клиенті студент емес, жұмыс беруші. Өйткені нарықта жұмыс берушіге сапалы білім алған, бәсекеге қабілетті мамандар қажет.
– Менің ойымша, жоғары білім бизнеске айналмауы керек. Университет – халыққа қызмет ететін коммерциялық емес, әлеумет алдындағы жауапкершілігі бар ұйым. Студент жоғары білім үшін ақша төлемеуі тиіс. Еуропада жоғары білім ақысы арзан. Мысалы, Испания студенттері жылына 1000 еуроға оқиды. Ал Қазақстанның кейбір жоғары оқу орындарының оқу ақысы одан әлдеқайда қымбат. Испаниялық ректордан оқытушыларының жалақысын сұрағанымда, айына 4-5 мың еуро айлық алатынын айтты. Өйткені мемлекет оқу орындарын тікелей қаржыландырып, айлықты да өзі төлейді. Сондықтан олар қосымша шығындарын өтеу үшін ғана студенттен жылына 1000 еуро алады, – дейді Талғат Мақсұтұлы.Еуропада диплом құны қанша?

Қазақстан жастарына Еуропаның университеттеріне тегін оқуға түсу оңайырақ. Өйткені Еуропаның он шақты еліндегі мемлекеттік университеттер шетелдік студенттерді өз жастарымен тең қойып, тегін білім береді. Көбіне ортақ талап – сол елдің мемлекеттік тілін білу керек. Еуропа елдерінің 200-дей университетінде жыл сайын 20 мың қазақстандық жас тегін білім алуда. Десе де, бір қарағанда оқу тегін болғанмен, Еуропаның көп университеттері жатақхана бермейді. Сондықтан ірі қалаларда студенттер жатын орнын өзі табады.
– Елімізде жастарға бірнеше миллион төлеп оқу қиын. Студенттерімнің арасында оқиын десе ақша таба алмай, жұмыс істесе оқуға үлгермей жүргендер болды. Франция мен Германияда оқу арзан. Магистратура немесе бакалаврдың оқу ақысы – 800 еуро, біздің ақшамен – 300-400 мың теңге. Францияда оқыған бір әріптесіммен осы туралы әңгімелескенде менің сөзімді растады. Еуропада жастар мектеп бітіре салысымен қоғамға ерте араласып кетеді. Оқуға, әрі қарай білім алуға еш талпынбайды. Егер білім алу ақысы қымбат болса, оқуға деген талаптары мүлдем қашып кетер еді. Кейін бұл тенденцияны үкімет байқап, оқу ақысын қолжетімді бағада төмендеткен. Сонда да жергілікті жастар университетте оқуға асықпайды. Сәйкесінше, еуропалық жоғары оқу орындары шетелдік студенттермен бос ғимараттарын толтырып жүр. Әріптесімнің айтуынша, лекторлар мықты болса да, инфрақұрылым көңіл көншітпейді екен. Жаңбыр жау­ған күндері студенттер қолдарына қолшатыр алып сабаққа қатысыпты. Ұлыбританияда «Болашақпен» білім алып жүргенде бағдарлама тарапынан оқуға 15 мың фунт төленіп тұрды. Ал Еуропа мемлекеттерінің студенттері дәл сол оқуды 10 мың фунтқа оқыды. Жергілікті тұрғындар үшін тіпті арзан. Бар болғаны 5 мың фунт. Біз оқыған оқу ғимараты да айтарлықтай әдемі болған жоқ, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Айнұр Рамазанқызы.
Үміт Наматованың ағылшын тіліне деген ынталы жүрегі мұхит асып Еуропада оқуға жол ашты. Қазір ол Латвияда білім алып жүр. «Иә, мен оқып жатқан университетте студенттердің көп бөлігі ақылы бөлімде оқиды. Біздің оқу орнында білім алу ақысы – жылына 2100 еуро. Ал жататын орын, тамақ, әрі-бері жүріп тұрғаныңа айына 300 еуроны жеткізуіңе болады. Еуропада жұмысқа тұрарда ешбір мекеме сенің дипломыңа мән бермейді. Оларға жұмыс істеуге қабілетті мамандар керек. Сондықтан қазіргі цифрлы дәуірде бұл жақтағы жастардың көбі өзіне ұнайтын кәсіпті меңгеріп, дипломсыз да мықты компанияларда жұмыс істеуде» деді Үміт Наматова.

Қазақстандық диплом Еуропа елдеріне жарамды болса…

2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады деген сыбысты сіз де естіген шығарсыз. Бұл шетелдік азаматтар тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттыруы мүмкін. Біздегі түлектердің біліктілігі еуропалық біліктілік санатымен сәйкес те келер. Алайда таяқтың екінші ұшы бар. Статистика бойынша өткен жылы Қазақстанға келген жастардың санынан кеткендердің саны екі жарым есеге көбейген. Мұны үлкен дабыл деп қағуға да болады. Өйткені елімізде білімді жастар мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүргісі келмейді. Шетелде қара жұмыс істесе де қаржылық жағдайыңды жақсартып алуға мүмкіндік мол. Ал енді ойлап көріңізші, қазірдің өзінде шетел аңсап жүрген жастарымыз Еуропа елдеріне жарамды диплом ала салысымен бірден тайып тұрмай ма? Интеллектуалдық потенциалы мол жастардың шетел асуы және сол жақта тұрақтап қалуы, шынымен де, ел болашағы үшін алаңдайтын жағдай.
«Келесі жылдан бастап еуропалық талапқа сай дипломдар беріле бастаса, әрине, жақсы. Бірақ оны кім береді? Елімізде берілетін білім де Еуропадағыдай сапалы бола ма? Онсыз да көзбояушылықпен айналысып жүрген кейбір оқу орындары үшін бұл ақша жасаудың жаңа жолына айналып кетуі де мүмкін ғой» деді Үміт Наматова.
Ал Арнұр Қадылбеков елімізде еуропалық талаптарға сай диплом берілсе, білім деңгейі мен бағалау жүйесін де өзгерту керек дейді. Бізде студенттерді бағалауға аса мән бермейді. Сабаққа бармаса да жақсы баға алып жүрген студенттер бар. Оларда оқудан шығып қаламын-ау, болашағыма әсер етеді деген қорқыныш жоқ. Сондай-ақ студенттің ғылыми жұмыстары да плагиатта еуропалық бағдарламамен тексерілу керек.
Білім сапасын жақсартып, оқу ақысын төмендетейік деп айтудан біз де шаршамаймыз. Өйткені жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің басты борышы. Егер өзіміздегі білім Еуропадағыдай болса, өзге елдің «қазанына» жастарымыз жаутаңдамас еді ғой…

 Исатай Минуаров, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

– Еуропа елдерін таңдауымның себебін беске бөліп қарастырамын. Біріншіден, атақты Times Higher Education апталығының мәліметі бойынша әлемнің үздік 200 университеттерінің көшін Ұлыбританияның 32 университеті бастап тұр. Жыл сайын 430 мың шетелдік талапкер осында білім алуға келеді. Британиялық университеттердің шетелдіктерді қабылдау ережелері жеңіл болғанмен, оқу барысы мен емтихан тапсыру тәртібі қиын. Екіншіден, университеттердің ғылыми базасы. Ғылыммен айналысамын деген студентке қаржылай көмек көрсетіледі. Кез келген университетке барсаңыз, оған қарасты ғылыми-зерттеу институттарының көптігіне көз жеткізуге болады. Үшіншіден, білім алу ақысының қолжетімділігі. Еуропалық университеттер сапасының жоғары болуымен қатар оқу ақысының салыстыр­малы түрде арзандығымен де танымал. Төртіншіден, мол тәжірибе жинақтау мүмкіндігі. Ұлыбританияның кез келген университетінде жылына бірнеше рет студенттерге арнап түрлі компаниялар жәрмеңкелер өткізіп тұрады. Бесіншіден, университеттер өзінің атақты түлектерімен, ғалымдарымен танымал. Әлемдегі 90 Нобель сыйлығының иегері – брита­ниялық университеттердің ғалымдары.

Арнұр Қадылбеков, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

– Еуропа елдерінің бәрі бірдей – дамыған өркениетке ие жетекші мемлекеттер. Мен таңдаған құрылыс саласы бойынша Қазақстанның Еуропадан үйренетін тұстары көп. Барлық Еуропа елдері құрылысты британ стандарттары бойынша жүргізеді. Үйренген білімімді келгеннен кейін игі мақсатта қолданып, еліміздің құрылыс саласын дамытуға үлесімді қосып жүрмін. «Болашақ» бағдарламасына түскен көп студенттің алдында екі таңдау тұрады. Не Америка немесе Еуропа елдері. Америка тым алыс және уақыт белдеуіне үйрену біз үшін қиын. Ал Еуропаға небәрі 6 сағатта ұшып барасың. Сондай-ақ бұл жақтағы кез келген елдің тарихы да, мәдениеті де тереңде жатыр. Бос уақытымызда мемлекеттерді аралап, қыдыру да қолжетімді.

Көктем ҚАРҚЫН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + fifteen =