«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еуразияның көп кітабы – елордада

0 229

Кеше Нұр-Сұлтандағы «Көрме» орталығында «Eurasian Book Fair – 2019» ІV Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды.

Биыл бұл көрмеге 13 мемлекеттен келген 90 баспа компаниясы өз өнімдерін ұсынды. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстан секілді мемлекеттер бар.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кітап форумын өткізу – еліміздегі руханият саласының жетістігі емес, ол барлық кітапсүйер қауымның мерекесі екендігін жеткізді. Сондай-ақ Әзербайжан, Ресей мемлекеттерінің өкілдері де жұртшылықты халық­аралық шараның ашылуымен құттықтады. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Бүгінгі кітап көрмесі – Еуропа мен Азияның арасын жалғаған алтын көпір. Бұл – ел мен елді, халық пен халықты жақындастырған деген сөз. Ендеше, осы асыл қазынамыз жан сарайларыңызды байытуға шоғырланып келіп тұр» деп жиналғандарға ізгі лебізін білдірді.


Төрт күнге созылатын көрме думанды қызығымен жұртшылықты баурамақ. Көрме аясында 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Мәселен, еліміздегі «Жастар жылы» шеңберінде жас авторлардың қатысуымен «Ашық әңгіме» ақындық марафон, әдебиет клубының отырысы, «Кітапты қалай тиімді оқу керек?» тақырыбына арналған шеберлік дәрістері мен ресейлік қаламгерлермен шығармашылық кездесулері өтеді.
Бұл кітап жәрмеңкесі қазақ оқырмандары үшін де мерейлі мерекеге айналды. Кешегі күннің өзінде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Біз-дағы ғашық болғанбыз» атты және жазушы-зерттеуші Кәмел Жүністегінің сексен жылдық мерейтойына арналған «Қалғып кеткен халықтың намысын оятқан» деп аталған кітаптарының таныстырылымы өтті. Онда жинақ авторлары мен оқырмандар арасында сырлы сұхбат өрбіп, әдебиет туралы парасатты ойлар айтылды.
Дәл осындай шұрайлы кездесулер көрменің шырайын аша түседі. Алдағы күндері баспадан енді шығып, ыстығы басылмаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-тарихшы Қойшығара Салғараұлының «Өмірбаян туған күннен басталады», «Ұйқасқа түскен ойлар», прозашы Әлібек Асқаровтың «Әдебиет әлемінің әзілдері», жазушы Ғаббас Қабышұлының түрік қаламгері Әзиз Несиннен аударған «Сиқыр айна» сатиралық әңгімелер жинағының таныстырылымы болады. Композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов ағамыз өз оқырмандарымен кездеседі.
Көрмеде кітапты қадір тұтатын жас жеткіншектерге арнап ойын-сауық бағдарламасы әзірленген.
Айтпақшы, көрме 27 сәуірге дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды