«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еуразиялық қаламгерлер бас қосты

0 194

Бүгін бас шаһарда елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалы және «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қала күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты халықаралық форум басталды.

Бұл маңызды шараға 20 мемлекеттен танымал ақын-жазушылар келді. Олардың арасында Испания, Үндістан, Египет, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей секілді елдердің көркем әдебие­тін жаңа белеске көтеріп жүрген айтулы сөз зергерлері бар.
Форумның тақырыбы – «Әлемдік әдебиет: стереотиптен арылу» деп аталады. Жиын аясында қаламгерлер әлем әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық құқық пен кітап бизнесі мәселелерін талқылайды. Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы бұл форумның мақсаты халық­тар арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтуды көздейтінін айтты.
«Бұрынғы кеңестік дәуірде әлем әдебиеті мен қазақ әдебиеті арасындағы байланыс жақсы дамыды. Еліміз егемендік алғаннан кейін бұл сәл кейіндеп қалды. Сондықтан ұлттық әдебие­тіміздің қанаты кеңірек жайылса дейміз. Осы ба­ғытта мемлекет әдебиеті­міздің үздік шығармаларын UNESCO тізіміндегі алты жетекші тілге аударуды қолға алып жатыр. Мұның өзі көңілге қуаныш ұялатады» деді ол. Айтпақшы, форумның сыйлы қонағы ретінде қазақ ақындарының туындыларын испан тіліне аударған Хусто Хорке Падрон шақырылған. Дәулеткерей Кәпұлы өз сөзінде алдағы жылы хакім Абай атамыздың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін испан тіліне аудару үшін испан шайырымен меморандумға қол қойылатынын жеткізді.
Айтулы шараға елімізден Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Төлен Әбдік, Есен­ғали Раушанов, Серік Ақ­­сұң­қарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы секілді қа­бырғалы қаламгерлер қатысады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды